Білімнің жаққан шырағын
«Тәтем газет-журнал дегенде ішкен асын жерге қоятын. Өзі де мерзімдік басылымдарға мақалалар жазып тұратын. Ол кісі кез келген істе белсенді еді ғой. Мақалаларының басым көпшілігінде маңызды мәселелер көтеріп, солардың орындалуын қадағалап отыратын», дейді Ыдырыс Сағынтаев туралы қалам тартуымызға себепкер болған нағашы қарындасы Ырыскүл әпкей Ералықызы.
Айтса айтқандай, Ыдырыс ағаның «Ақкөлде неге ағаш өспейді?» атты алғашқы мақаласы 1941 жылы Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінде жарияланған екен. Басылым одан кейін «Сталиндік жол», «Еңбек туы», «Ақ жол» атауларына ие болған кездерде де редакциямен тығыз байланыста болып, газеттің белсенді авторына айналған Ыдырыс Сағынтаев саналы ғұмырында мерзімдік басылымдарда 250-ден астам мақала жарияласа, соның басым көпшілігі осы облыстық газетте жарық көріпті. Мамандығы мұғалім, өзі ғалым, Ыдырыс Сағынтаев педагогика ғылымдарының кандидаты болған, ағамыз ара-тұра одақтық «Народное образование», республикалық «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» журналдары мен одақтық «Учительская газета», республикалық «Қазақстан мұғалімі» газеттеріне де мақалалар жазып тұрыпты. Жоғарыда айтқан 250-ден астам мақаланың бірқатары сол басылымдарда жарық көрген.
Мына сәйкестікке қараңыз, Дүйсен ағасынан бері есептегенде Сағынтаевтар әулетінің педагогикалық өтілі 250 жыл шамасында екен. Тек Ыдырыс Сағынтаевтың жеке өзінің педагогикалық өтілі 53 жыл 9 ай 19 күн екенін оның газетке берген сұхбатынан оқыдық.
– Папам да, мамам да педагог болған. Ол кісінің қарындасы Ахан әпкеміз химия-биология пәнінен сабақ берді, – дейді Ыдырыс ағаның үлкен келіні Анаркүл жеңгей. Ол кісі ата-енесін «папа, мама» деп атайды екен. – Қайын сіңлілерім Мәдина, Дина, Зина, қайным Серік марқұм, абысыным Сәуле, мен де, менің қызым Айгүл де педагогтерміз. Әулеттен әлі де мұғалімдер шығып, біз айтып отырған 250 жыл педагогикалық өтіл одан әрі көбейетін шығар.
Анаркүл жеңгей бұл сөздерді мақтаныш сезіммен айтты.
Ұстаздық – ұлы мамандық. Біз бәріміз де ұстаз алдынан өткенбіз. Құранда да адамдарға білім беру ең сауапты істер санатында екені айтылған. Ендеше, Анаркүл жеңешеміздің мақтанышы өте орынды.
– Жігіттің жақсылығы нағашыдан деген ғой. Өңірге танымал мұғалім, бірнеше жыл мектеп директоры болған менің әкем Ералы Қыдырәлиев тәтемнің педагог болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген. Менің атам Қыдырәлі мен Ыдырыс тәтемнің анасы Нақтай емшектес кісілер, – деп анықтама бере кетті Ырыскүл әпкей.
Ыдырыс пен Әзизаның тұңғышы Ырыс 45 жыл банк саласында жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген банк қызметкері. Ырыс аға мен Ырыскүл әпкенің аттарының ұқсастырыла қойылуы да ол кісілердің жақын туыстығын аңғартып тұр емес пе?!
Ыдырыс Сағынтаевтың білім саласындағы еңбегі – бір төбе. Ал ғылымға сіңірген еңбегі осы салаға тікелей қатысты. Ол кандидаттық диссертациясын «Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мектептері мен халық ағарту тарихы (1860-1930 жылдар)» тақырыбында қорғаған. Бұл ғылыми жұмыстың өзіндік тарихы бар.
Қазіргі Жамбыл гуманитарлық колледжі – өңірдегі алғаш ашылған оқу орындарының бірі. Ол кезде «педтехникум» деп аталатын. Шымкенттен Әулиеатаға 1929 жылы көшіріліпті. Қазақтың айтулы азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаев – осы педтехникумда сабақ берген ұстаздардың бірі. Ол – кейін ҚазМУ-дің ректоры, КСРО-ның Индиядағы елшісі сынды жоғары лауазымды қызметтер атқарған танымал тұлға. Сол кісі Ыдырыс Сағынтаев педучилищеге директор болып тұрған кезінде Жамбылға жолы түсе қалыпты. Қасында тіл білімінің білгірі, академик Мәулен Балақаев бар.
Әрине, Төлеген Тәжібаев өзі еңбек еткен оқу орнына соққаны айтпаса да түсінікті. Педучилищені аралап, артынан Ыдырыстың үйінің дастарқанында отырғанда:
– Ыдырыс, сен осы аспирантурада оқисың ба? – деп сұрайды Төлеген аға.
– Жоқ.
– Сенің жұмыстарыңмен танысып көргенде байқадым, сен ғылыммен айналысуың керек. Аспирантурада оқуға дайындал.
– Жас отбасымыз, бала-шаға бар дегендей, оған жағдай бола қояр ма екен.
– Жағдай сылтау емес. Ең бастысы, ынта керек. Сенде біраз дүние бар екен, Қызылорда, Шымкент, Ташкент қалалары архивтерінен материалдар жинастырып, бұған дейінгі жиған-тергендеріңді толықтыр.
Шартты түрде ғылыми жұмысыңның тақырыбы – «Қазақстанның Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс облыстары мектептерінің тарихы». Айналайын-ау, сенің бойыңда ғалымға тән қасиеттер мен қабілет бар ғой. Соны ғылымның игілігіне жұмсау керек.
Арадағы осы әңгіме қамшы болып, Ыдырыс екі ай демалысында аталған қалалар архивтерін ақтарып шыққан. Көптеген құнды деректер мен материалдармен толықты білім «қоржыны». Осындай көтеріңкі көңіл-күйде жүргенінде Мәулен Балақаевтан суық хабар жетті. Қазақтың біртуар азаматы, асыл аға Төлеген Тәжібаев Мәскеу ауруханасында қайтыс болыпты. Ыдырыс «осымен ғылым жолындағы жұмыс соңғы аялдамаға жетіп тоқтады» деп ойлаған.
Сабақты ине сәтімен, КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының, Өзбек КСР Ғылым академиясының мүшесі, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі Сыдық Раджаповтың Жамбылға жолы түсуі Ыдырыс Сағынтаевтың жолын ашты. Ол сөз арасында Төлегендей асыл ағасы тапсырған істің аяқсыз қалғанын айтқан академикке. Кезінде Төлеген Тәжібаевтың, Мәлік Ғабдуллиннің кандидаттық, докторлық жұмыстарына оппонент болған ғұлама ғалым: «Сен тез арада Ташкентке жет! Төлегендей көреген азаматтың тапсырмасын аяғына дейін апаруың керек!», депті салған жерден. Ізденімпаз, талантты ғалымды танығаны ғой.
Осылай 1976 жылы аспирантураға қабылданған Ыдырыс Сағынтаев араға екі жыл салып педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын сәтті қорғап шықты. Тақырыбы – сол баяғы. Бірақ көп ізденіп, материалдар қорын бұрынғыдан байытқан. Білім – инемен құдық қазғандай. Ғылым одан да көп ізденіс пен еңбекті, жанкештілікті талап етеді. Ғалым бұл жолда табандылық танытты. Шын білімді, білгір екенін дәлелдеп шықты.
Мұғалім Ыдырыс Сағынтаев оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бойындағы барын сарқа жұмсады. Оның мектепте, педучилищеде дәріс берген шәкірттері арасында шынның жүзі – Шерхан Мұртаза, «Қазақтың Қаратайы» атанған қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов, ғылым докторы, алғыр азамат Ауданбек Көбесов бар. Алдыңғы екі тұлға – Республика Парламентінің депутаттары болған халық қалаулылары. Ыдырыстың алдынан сабақ алып түлеп ұшқан түлектер қатарында барлық саланың білгірлері, танымал өнер қайраткерлері де бар.
Ғалым Ыдырыс Сағынтаев көптеген жас ғалымдар мен ізденушілерге жетекшілік етті.
Қоғам белсендісі Ыдырыс Сағынтаев бірнеше рет жергілікті кеңестерге депутат болып сайланып (кеңестік кезеңде Жамбылда халық депутаттары облыстық, қалалық, аудандық кеңестері деген басқарушы органдар болған), өңірдің гүлденуіне, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына көп үлес қосты. Сондай белсенділігінің белгісіндей, атқарған істерінің бағасындай оған «Жамбыл қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген.
Ұлағатты ұстаз Ыдырыс Сағынтаев – «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері. Бұл төсбелгілер – білім саласындағы ең жоғары марапаттар.
Мақаланы Ыдырыс Сағынтаевтың немере қарындасы Ырыскүл Ералықызының сөзімен бастап едік, сол кісінің пікірімен түйіндейік.
– Менің тәтем өте мәдениетті азамат, қамқор аға, үлгілі отағасы, немерелерінің сүйікті атасы еді ғой. Ол кісі немерелерін «менің сары алтындарым» деп еркелететін. Сондай-ақ тәтем «сары алтыным» сөзін жақсы көрген адамдарының бәріне арнайтын. Жай ғана емес, шын жүрегімен арнайтын. Тау алыстаған сайын биіктей түседі, тәтемнің асыл тұлғасы биіктеп барады. Оның 11 немересі мен 15 шөбересі аталарының өмірін жалғастырып жатыр, жалғастыра береді де, – дейді Ырыскүл әпкей. Лайым солай болғай!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.