Тойымдықты Тәңір береді

Бір күні Сүлейменнің әскерін көрген құмырсқалар патшасы әскеріне «Дереу інге тығылыңдар!» деп бұйрық берді.
Сүлеймен күліп:
– Неге қаштыңдар? – деді.
Құмырсқа:
– Әскеріңмен бізді таптап кетпес үшін, – деді.
– Сен неге қашпадың?
– Мен басшымын. Елге қиындық келгенде есі дұрыс патша жан сауғалап қашпас болар. «У ішсең руыңмен» деген, – деді.
Сүлеймен таң қалып:
– Өзің жәндіксің, даналықты қайдан білесің? – деді.
– Құдай ілімді саған ғана берген деп ойлама. Алла даналықты қалаған құлына ғана береді, ал, мал-мүлікті қаламаған құлына да бере береді, – деді. Сүлеймен оның ақылына риза болып, әңгімеге тартқысы келді.
– Алладан ілім ғана сұрағанша, неге мен сияқты билікті де қоса сұрамадың? – деді.
– Ең ақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам. Алладан болмасты сұрамадым.
Бір ретте Алла менен «Атыңды Сүлейменнен асырайын ба, әлде жасырайын ба?» – деп сұрады. Бұл дүние – о дүниенің көлеңкесі. Желмен жарыспа, көлеңкені қума деген. Болмасқа, толмасқа мақсатты салмайын деп, дүниенің атақ-даңқынан өзім бас тарттым.
Атақ пен даңқ өлген кісіге пайда бермейді. Бірақ тірі адамға өлгенше тартқызатын азабы бар. Алла маған онсыз да мекендеуге 40 қабат жердің астын берді. Қаламасам да 40 рулы елге басшы қылды. Ынсап сайын береке. Маған осы жетеді. Ұлық Алла саған не берді, Сүлеймен? – деді құмырсқа.
Сүлеймен сасып қалып:
– 18 мың ғаламның билігін берді. Ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда, – деп жұдырығын көрсетті.
– Әй, Сүлеймен, ақылды адам жұдырықпен ел басқармайды. Ел ақылыңа байланады, махаббатқа маталады. Басқа қандай құдіретің бар?
– Алла желді құзырыма берді. Ерттеп мініп, бір күнде бір айшылық жол жүремін.
– Алла желді не үшін бергенін ұқпадың ба? Бұл дүниенің ісі жел сияқты жылдам өтеді. Көзге көрінбейді. Қолда тұрмайды. Мұндай тұрағы жоқ желді мінгенше, білім пырағына мінгеніңде көзді ашып-жұмғанша аршы-күрсі, ғаршы әлемнің бәрін аралар едің. Тағы нең бар мақтанатын?
– Алтыннан жасалған тағым бар.
– Отыруға жер де жетеді! Алтын баянсыз. Билігіңнің баяны болмайды екен. Басқа қандай құдіретің бар?
– Жер жүзіндегі жын мен періні құл еттім.
– Жын-пері күл-қоқысты мекендейтін, зұлымдыққа жаны құштар мақұлық. Олардың адамға пайдасынан зарары көп. Одан да, Алланың бүкіл қызметіне алаңсыз қараушы періштемен дос болғаның абзал. Тағы не артықшылығың бар?
– Қасиетті жүзігім бар. Алла барлық билікті осы жүзікке сыйғызды.
– Алланың алдында сенің билігің бір түйір тас екен. Оған мақтанба. Алла қаласа билікті кез келген пендеге бере алады. Жүзігіңнен айрылсаң, сеннен өткен бейшара жан табылмас, – деді.
Сүлеймен сөзден жеңілді. Өзін жұрттан артық, елден ерек, ақылды деп санағанына ұялды.
Құмырсқа Сүлейменге:
– Әскеріңе айт. Бізге қонақ болсын. Осында түнеңдер, – деді. Сүлеймен:
– Әй, құмырсқа, бізді қалай күтесің. Тойдыруға азығың жетпес, – деді. Құмырсқа ініне кіріп, шегірткенің артқы аяғын алып шықты.
Сүлеймен:
– Мынау не? – деді.
– Саған және әскеріңе тамақ.
– Шегірткенің аяғымен бізді қалай тойдырасың.
– Тойымдықты Тәңір береді. Алып Құж Нұхтың жарты шелпек нанына тойған.
Үй егесінің асына емес, ықыласына қара деген. Қарын тамаққа тоймаса да қабаққа тояды. Берген асының қуаты кешке дейін жетпейді, бірақ көрсеткен ықыласы мәңгі-бақи естен кетпейді деген, – деді. Сүлеймен де, әскері де шегірткенің артқы аяғына тойып қалды. Құмырсқа ініне кіріп, екі-үш арпа дәнін алып шықты.
Сүлеймен:
– Мұны не қыласың? – деп сұрады.
– Енді аттарыңды жемдеймін. Сенің алдыңда даңқы жер жарған Сүлеймен деген патша өткен. Соның қапшығы жыртылып, арпасы шашылған. Бұл жарықтық сол патшаның көзі. Мұнымен саған дейінгі он Сүлейменнің атын жайлап едік, – деді.
– Менен өзге де Сүлеймен деген патша болған ба? – деп сұрады.
– Ей, Сүлеймен, Құдайдың сенен басқа Сүлеймені жоқ дейсің бе? Ұлық Алла қаласа, сендей Сүлейменнің мыңын жаратады. Дүниені жалпағынан басқан жалғыз менмін деп масаттанба, – депті. Сүлеймен сөзден жеңілді.
Сүлейменді ұйқы жеңіп, көзі ілініп кеткенде
Мәзере құмырсқа:
– Әй, Сүлеймен сен ұйықтап қалдың ба? – деді.
– Иә
– Мойныңда зіл батпан міндетің бар, қалайша алаңсыз ұйықтайсың. Мен де бір елдің патшасымын. Бүкіл жұртымның тағдыры мен тіршілігі мені уайымсыз отырғызбайды. Елімнің қам-қарекетін түгендемей, төсекте тыныш жата алмаймын.
Қол астымдағы халықтың ауру-сырқауы болса, сауығуына жағдай жасаймын. Аш-жалаңашы болса, ас-ауқатына қарасамын. Әрбір құмырсқаның қайғысына да, қуанышына да ортақтасуға тырысамын, – деді.
Сүлеймен содан бастап халқы тыныш болмаса, өзі де тыным таппайтын күй кешіпті.
Ертесіне Сүлеймен жолға шығайын деп жатқанда Мәзере құмырсқа:
– Сүлеймен, бір қолқам бар, – деді.
– Екі құлағым сенде, – деді.
– Бұдан былай әскерің қызыл жалау ұстап жүрсін. Қызыл түсті көргенде әскеріңнің аяғында тапталмас үшін, біз жол беріп, қашайық, – деді.
– Дегенің болсын, – деп құмырсқамен қоштасады. Содан бері Сүлейменнің әскері қызыл жалау ұстап жүретін болыпты. Құмырсқалар да әліге дейін қызыл жалау көрсе, індеріне қашады екен.