МАҚТАНБАСҚА МАҚТАНЫП, ДЕП ЖҮРІППІН ПЫСЫҚПЫН!

Ес кіргелі өз бойымдағы кеселдермен күресіп келемін. Өзгеремін, адам боламын деген жандарға жол көрсететін Абай, Толстой секілді адамзаттың озық ойлы ғұламалары бар ғой. Толстойдың күнделіктерін, «Исповедін», Абайдың өзі туралы жазғандарын мен де өзімше зерделеп оқыдым.

Ойға түстім толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Жүрегіме көз салдым
Тексеруге ойландым.
Абай

Бұрын да талай рет өзімше Абайдан үлгі алып, міндеттерімді зерттеп, мойындап, енді солардан құтылам деп уәде беріп жазған болатынмын. Бірақ көп нәтиже берді деп айта алмаймын.
Бүгінгі жылдарды қайтадан саралап қарасам, баяғы жартас, сол жартас.

Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Абай

Біреуді алдауың мүмкін, бірақ өзіңді өзің алдай алмайсың ғой. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ақыл сезеді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін де түйсігің айтып тұрады. Қай жерде адамгершіліктен кетіп, нәпсіге еріп, хайуани қылықтар жасағаныңды да ар-ұятың айтып береді.
Өмірдің көбі кетіп азы қалды. «Адам боп келдім өмірге, адам боп өтсем тілегім». Ж. Карменов.

Бойдағы міндерімді Абайша, Толстойша ашық жазып шығуға шынымды айтсам құдіретім, батылым жетпейді. Абайдың мінінен ат шаба алмаса, менің мінімді поездь да тарта алмас. Оларды өзім ғана оқитын күнделіктеріме жазып жүрмін, кейін өмірден озған соң ұрпақтарым жариялай жатар. Ал көзге ұрып тұрғандарын, аяққа тұсау болып жүргендерін тізетін болсам:

1. Табансыздық. Көп жағдайда бастаған істерімді аяғына дейін жеткізбей, орта жолда тастап кетіп жатамын. Күнделік жазу, кешкі тамақтан соң жаяу жүру, аудио сабақтар жазу, спорт түрлерімен айналысу тағысын-тағы бастап, орта жолдан тастап, қайта бастап, қайта жалғастырып жүрген істерім көп ақ.
2. Әрбір нәрсеге қызықпақтық. Көрсеқызарлық. Әр бұтаның басын бір шалу. Шамам келсін келмесін, кейде терең зерттемей кірісіп кетемін, артынан опық жеп жатамын.
3. Қатыгездік, адамдардың бойынан, ісінен жетістігін емес, кемшілігін көру, соны бетіне басып айту. Ең жаман мінездерімнің бірі.
4. Еріншектік. Пайдалы істі бастауға көп уақыт керек. Әр нәрсені сылтау қылып, әне бастаймын, міне бастаймын деп жүріп көп уақытымды өлтіріп аламын.
5. Мақтаншақтық. «Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін пысықпын, Сіз білесіз дегенге, күнге күйіп пісіппін» деп Абай сынаған мақтан баршылық бойда. ⚡
Бұл мінез кеселдерінің кейбірі тегімнен (Генетический детерменизм) келді, кейбірі бала кездегі тәрбиемнен, (Психический детерменизм), үшінші біреулері өскен ортамнан (Қоршаған орта детерменизмі) жұққан болар. Осыменен тоқтайын, мені жек көріп, араласпай, жазғандарымды оқымай кетіп жүрерсіздер. Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды, біршама адам мені сыйлап, сөзімді тыңдап, соңымнан еріп жүрсе біраз тәуір де мінездерім болуы тиіс деп ойлаймын.

Кемшілікті әлеуметтің алдында мойындау ол олардан құтылудың жарты жолы. Екінші жартысы қайда? Көңілге медеу болатыны адам болмысын тану ғылымының жетістігі. Сол ғылымды зерттегелі біраз болды. Солардың көмегімен біраз мінез кеселдерінен аздап та болсын құтылдым. Енді қалғанын түбегейлі жойып, кемелденген адам болу үшін ол ғылымның жолына махабатпен түсіп, түсініп, тәжірибеден өткіземін деп шешім қабылдадым. ▪️Ол ғылым адамның миын зерттейтін Нейробиология, Нейрофизиология ғылымы. Өйткені адам не істесе де мидың көмегімен істейді. Адамның қандай болмағы оның миындағы жазылып қалған программаға байлынысты. Біздің бағымызға орай Нейробиология мен Нейрофизиология ғылымы қатты жетілді, олардың көмегімен біздің болмысымызға айналып кеткен бейсанамызға жазылып қалған программаларды өшіріп, орнына жаңа, адами болмысыңды, адамгершілігіңді дамытатын программалар жазып тастауға болады екен, оған әбден көзім жетті.
Сіз бойыңыздағы міндеттеріңізді тексеріп, қағаз, компьютер бетіне түсіріп көрдіңіз бе? Қаншасын жеңе алдыңыз? Жаман мінездерінен түбегейлі құтылып, өзгеріп кеткен жандарды білесіз бе? Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз, алғысымызды айтар едік. Бір-бірімізбен тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді дамытуға үлес қоса жүрсек, қоғамымыз да жақсы жаққа қарай өзгерер еді.
#қазақтыңнақылсөздері#пайдалыкеңес