Күй қанатында қалықтаған Алаш арысы

Алаштың арда ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 150 жыл. Осы ретте Әлихан бабамызды еске алуға арналған іс-шаралар еліміздің әр түкпірінде тойлануда. Ұлы тұлғаның еліне жасаған қызметін кеңінен насихаттау үшін қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Соның бірі Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Конгресс-холда әдеби-сазды кеш ұйымдастыруы.

“Хан баласында қараша халықтың алынбаған еншісі бар, оны өтеу менің парызым” деген алаш көсемінің рухты сөзі, ел жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Бар ғұмырын халқының жарқын келешегіне арнаған тұлғаға көрсетілер құрмет мұнымен шектелмесі де анық. Әлихан Бөкейханов ақын, әнші болмағанымен, публицист, ғалым, аудармашы болғаны әмбеген аян. Кезінде «Алаш» қозғалысындағы серіктерімен бірге қазақ мемлекетінің даму бағытын айқындады. Соның ішінде экономикалық және ауыл
шаруа¬шылығы мәселелерін көтерді. Ұлтқа қызмет етуді алдына басты міндет етіп қойды. Одан басқа да келер ұрпақ үлгі етер ісі көл-көсір.

Кеш аясында алаштанушы азаматтар тарапынан Ә.Бөкейханның тұлғалық қасиеті мен ұлттың азаттығы жолындағы қызметі жайлы әңгімелер айтылды. Жүріп өткен жолы теп-тегіс болмағанымен, өз сара жолын салып кеткені қандай данышпандық еді. Осы кеште сонау зобалаң кезең арқылы Әлиханның бейнесін ашу үшін күйші Айтбай Мұздахановтың «1937 жыл» атты шығармасы таңдалыпты. Бұл оркестрде алғашқы қойылуы. Күйді нақышына келтіре Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі орындады. Жалпы, филармонияның Әлихан өмір сүрген дәуір шындығын қасірет-қайғысымен бірге көрсетуге тырысқаны байқалды. Бұл қадамдары сәтті шыққанын баса айтуымыз керек. Бұл кеште алаш азаматтары Ахмет, Міржақып, Мағжанның әндері де шырқалды.

Нағашыбай Қабылбек