Шыңғыс Айтматов мойындаған Шаһизада
Шаһизаданы Қызылорда қаласының әкімі болғанша білдім деп өтірік айта алмаймын. Мен әдебиетке құмармын, өлеңдерді де оқимын, бірақ Шаһизада Әбдікәрімов деген ақынның өлеңін сол кезге дейін оқымаппын. Бірақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ректор кезімде Байқоңырдың теледидарында сондай бір жақсы журналист жігіт бар дегенді еститінмін. Облыс орталығының әкімі болып, Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ деген мәртебе алғасын, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа барып, ұсыныс жасадым.
— Арнайы экономикалық аймақтың енді өз органы — газетіміз, телеарнамыз, баспаханамыз болу керек, — дедім.
— Ау, оны қайтесіз? Бізде облыстық телеарна бар емес пе? Соның мүмкіншілігі жетеді. Барынша пайдаланыңыздар, қолдарыңызды кім қағып жатыр?!
— Облыстық телеарна бізден қызметтерін аяған емес. Алайда арнайы экономикалық аймақ болғандықтан, ауқымды жұмыстар, жаңалықтар мол болады. Екіншіден, халықпен тікелей байланыс жасау үшін де газет, телеарна арқылы ақпарат айдынына шыға отырып, сол арқылы көптеген зәру мәселелердің түйінін шеше аламыз.
— Жарайды, мен қарсы емеспін. Көріңіз енді… бірақ қиыншылықтары да аз болмас. Дегенмен, командаңыз да осал емес, бұл қиынды да еңсерерсіздер деп сенемін. Орынбасарым Бауыржан Омаров деген мықты жігіт еді. Журналистика, баспасөз, теледидар саласында жан-жақты. Терең ұғымы бар. Талантты ғалым, Алматыдан өзім шақырғам. Соған ойымды жеткіздім.
—Біз алда көптеген жұмыстар атқарамыз. Арнайы экономикалық аймақтың бар салмағы екеуміздің мойнымызға батпандап түседі. Сол кезде халықпен байланысымыз күшті болуы керек. Мен кеңседе отырып, жұмыс жайлы алдағы жоспарлар туралы сендерге айтамын, істеліп жатқан шаруалардың барысын баяндаймын. Соны халық та білуі тиіс. Сонымен қатар қала тұрғындарының да мұңмұқтажы, қажеттіліктері, айтар талап-тілектері бізге жетуі қажет. Бұл үшін ең маңыздысы — жариялылық.
— Газеттің бір жөні болар. Телекомпания ашу үшін жиілік, арнайы техникалар қажет.
— Қам жеме, бәрі болады. Сен тек жолын көрсет, мен бәрін алып беремін.
Сонымен, іске кірісіп кеттік. Бұл екі ақпарат құралын да ашармыз-ау, оны әрі қарай алып кететін іскер басшы, білгір жетекші керек емес пе? Мәселен, телекомпанияға басшы керек. Бұл бізде ғана емес, Қазақстан бойынша булыға бел алып келе жатқан сала. Білімді журналистер көп болғанымен, теледидардың қыр-сырын білетіндері некен-саяқ. Салмақты әріптестерін жақсы танитын Бауыржанның өзіне салдым.
— Мына Байқоңырдың телекомпаниясы жабылайын деп жатыр. Сонда Шаһизада Әбдікәрімов деген мықты азамат бар. Телекомпанияның төрағасы. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Байқоңыр ғарыш айлағындағы әрбір ұшулар жайлы республикалық «Қазақстан», «Хабар» телерадиокомпанияларының эфирлерінен тікелей хабарлар топтамасы тұрақты беріліп тұрады. Әзірлеген ғарыштық бейнесюжеттерін көрермендер жоғары бағалады.
— Бір-ақ кандидатура ма? Газетімізге қаншама адамдар ұсыныс білдірді. Адам салып, өтініш жасағандар да баршылық. Біз солардың ішінен мықтылардың мықтысы деп Сәрсенкүл Биқожаға тоқтадық. Ал теледидарда тірелгеніміз жалғыз Шаһизада ма?
— Мықты жігіт. Тек ол келісімін берсе деңіз. Егер келісетін болса, Байқоңыр телеарнасының техникалары өте күшті, жылжымалы екі телестудиясының өзі неге тұрады, өзімен бірге ала келер еді.
— Жарайды, мен қарсы емеспін. Шақыр, сөйлесіп көрейік.
Шақырдық, келді. Көзінде қалыңдау линзалы көзәйнегі бар, жұқалтаңдау сары жігіт. Қырқында қылыштай болып тұр екен. Олар іске дереу кірісті. Шамалы уақытта Байқоңырдағы барлық техникаларын да жеткізіп алып, қысқа мерзімде жұмыстарын бастап та кетті. Шаһизада іскер жігіт екен. Біз де өз тарапымыздан қолымыздан келген көмегімізді жасадық. Әр жерде пәтерде жүрмесін деп, баспана мәселесін де шешіп бердік.
Бір күні газет оқып отырсам, Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың сұхбаты жарияланыпты. Сонда Мұхтар Шыңғысқа: «Қазақ жастарының арасынан келешегінен үміт күттіретін қандай ақынды атар едіңіз?» — деп сұрақ қояды. Шыңғыс: «Бүгінгі қазақ жастарының арасынан жалындап келе жатқан, болашағынан үлкен үміт күттіретін екі жас ақын — Ұлықбек Есдәулетов пен Шаһизада Әбдікәрімов», — дейді. Оқыдым да, таң-тамаша қалдым. Қайталап оқыдым. Оқыған сайын көңілім көтеріле түсті. Біріншіден, осындай ұлы адамдардың қазақ жастарына берген бағасына қуансам, екіншіден, екеудің бірінің менің қарамағымда қызмет істейтініне, біздің қалалық телеарнаны басқаратынына марқайдым.
Дереу Шаһизаданы шақырттым. Келді. Бірдеңе болып қалды ма дегендей қыбыжықтап, басын сипай береді.
— Әй, Шаһизада, сен керемет ақын екенсің ғой. Шыңғыс Айтматовтың өзі саған шоң баға беріпті.
— Білмеймін ғой…
— Мына газетті оқыдың ба?..
— Жоқ. Әлі оқымаппын.
— Жарайсың, інім, ол кісілер анау-мынауға баға бере бермейді және аузына біреу сөз салмайды, біреудің айтқанымен жүрмейді. Демек, оқып көрген, бағалаған. Сосын осылай құрметтеп отыр. Енді мен де байқап-байқап ұрысатын шығармын, — деп сөздің соңын әзілмен аяқтадым.
Телеарнаны төрт аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа болған жоқ. Бәрін жаңадан бастадық. Қазақша айтқанда, жоқтан бар жасап, қолдан құрадық. Мамандар іздестірілді, техникалар жинақталды. Шаһизада өзінің жанкештілігін көрсетті. Өздерінің тілдерімен айтқанда, ақпарат айдынына шығаршықпастан көрермендердің көзайымына айналды. Қала тынысы халыққа ашық жеткізіліп отырды.
Сөйтіп жүргенде арнайы экономикалық аймақ таратылатын болды. Заңдылыққа сай онымен бірге газет те, телеарнамыз да жабылуы керек. Шаһизаданы шақырттым.
— Ал, інім, арнайы экономикалық аймақ жабылатын болып жатыр. Сонымен бірге сенің «Қала ТВ-ың» да жұмысын тоқтатады. Қазірдің өзінде қатынас қағаздары келіп тұр. Сондықтан сен өзің құрған телеарнаңды меншіктеп ал. Бар дүниені жоғалтқанымыз жарамас.
— Ой, ағай, ол менің қолымнан келе қоймас… Қалтасы қалың қаламгер көріп пе едіңіз?
— Енді келмегенде… осыншама еңбектерің далаға кетіп, телеарналарың өше ме?.. Сөзді қой да, қолыңа ал. Көмектесемін. Тереңдеп қарасаң, менің де еңбегім бар…
— Жарайды, аға.
Содан телеарнаны заңға сай жекеменшікке меншіктеп, «Қала ТВ-ны» «Қоғам ТВ» қылып өзгертіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырып алды. Қазір Аллаға шүкір, елімізге танымал тәуелсіз телеарналардың бірі. Елу шақты адамға жұмыс тауып беріп отыр. Жалақылары да тәуір көрінеді. Мемлекетіміздің атқарып жатқан оң істерін насихаттап, халықтың да сөзін сөйлеп, өз бағыт-бағдарларын айқындап алған іргелі шығармашылық ұжым.
Құдайға шүкір, Шаһизада екеуміздің ағалыінідей құрметтескенімізге сырт көз қызыға қарайды. Қаламыңның қарымы қайтпасын, ақын бауырым!
Бақберген Досманбетов,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор