Жуалыда жастармен жұмыс жүргізу басты назарда
Мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстарының дамуының маңызды бағыттарының бірі. Болашақтағы жаңа Қазақстанның жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсу қалыптастыруда тең мүмкіндіктер құрылуда.
Бүгінгі күні Жуалы ауданы тұрғындарының саны 52990 адам болса, оның ішінде жастардың саны 13 924 адам, бұл жалпы халықтың 26,2 % құрайды.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жастармен қызмет атқарады. Әлеуметтік қолдау шараларымен жастарды толықтай қамту мақсатында жыл сайын ауданның аймақтары кесіндісінде жастар арасында жағдайға талдау жасалып, атқарушы органдардың тарапынан айрықша назар аударуды талап ететін бағыттар анықталып, іс-шаралар және жобалардың қатары жүзеге асырылады.
Аудан жастарын қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларға барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Аудан жастары арасында «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары кеңінен танымал. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі инспекторлары ауыл жастарымен жүйелі жұмыстар жасауда.
Аудан көлемінде жастарға арналған бағдарламалар бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Айта кететін болсақ, 2022 жылдың 6 айдың қорытындысымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақымен 30 жас маман қамтылып, оларға барлығы 9 млн 189 мың теңге берілді. Тұрғын үй сатып алуға барлығы 8 жас маман 36 млн 756 мың теңге несие алып, баспаналы болып отыр.
Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндік беретін «Серпін-2050» бағдарламасы аясында ауданымыздан еліміздің солтүстігіне 2021 жылы 11 жас оқуға түскен.
2022 жылы 100 жасты «Жасыл Ел» бағдарламасымен жұмысқа тартуды жоспарлаудамыз. Аталған бағдарламаға NEET санатындағы жастар мен ауданның жұмыссыз жастары жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 57 жас маусымдық жұмысқа қабылданып, жастар еңбек жасағы қоғамдық орындарда, саябақтарда, мәдени орындарда шөптерді орып, тал-дарақтар отырғызып, оны күтіп-баптап, суғарып, сонымен қатар, аудан орталығында қоршауларды сырлау жұмыстарымен айналысуда. Жалпы қолға алынған осындай шара аясында аумақтар тазаланып, нәтижесінде 15 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, 7,5 гектар жер зиянды қоқыстардан тазартылып, саябақтардағы тал-дарақтар суғарылған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» Еңбек бағдарламасына сәйкес, аудандағы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында екі рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілген. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруларымен өткізілген іс-шаралардың және жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың ІІ тоқсанында 427 жас әртүрлі бағыттарда жұмыспен қамтылды. 2022 жылдың соңына дейін 131 жасқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Оның ішінде, өндіріс бағытында – 15 жас, құс-балық өсіру бағытында – 18 жас, мал өсіру, сүт және жүн өңдеу бағытында – 40 жас, қызмет көрсету бағытында – 24 жас, көкөніс өсіру бағытында – 34 жастың жобалары мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр.
Бұл ретте аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтер мен ауылдарда тұратын жұмыс істеуге ниетті жас азаматтардың ұсынған жобалары басымдыққа ие болуда. Қайтарымсыз грант қаражаттары әлеуметтік жобаларды дамытуға салынатын болады.
Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жанынан «Қамқор» еріктілер клубы қызмет атқарады. Олардың қатарында студент және оқушы жастар санатынан 70-тен астам жас азамат бар. Клубтың негізгі қызметі – тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету, әртүрлі іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу болып табылады.
«Қайырымдылық – адам жанының нұры» дейді дана халқымыз. Ерікті жастардың атқарып жатқан қайырымды істерін атап өтпей болмайды. Клуб мүшелері 2022 жылғы жоспар бойынша волонтерлық қозғалыстың 11 бағыты аясында 109 іс-шараға атсалысқан.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастама болуымен ашылып, клуб мүшелерінің және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен жұмыс жасап тұрған «Қамқор» волонтерлық қайрымдылық дүкенінен 2022 жылы жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған 95 отбасына киім-кешектей көмек, 28 отбасына азық-түлікпен көмектер көрсетілген.
Кәсіби жақсы білім, жақсы төленетін тұрақты жұмыс, салауатты өмір салтын жүзеге асыруға арналған мүмкіндіктердің болуы жастар мәселесін шешуге бағытталған қадамдардың бірі
Көркем Асқар