Қайырымдылық- ізгі қасиет
Мұқтажға мейірім көрсетіп, қысылғанға қайырымдылық таныту қанымызда бар қасиет. Ата-бабаларымыз жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған, жанынан табылып жәрдем беруді сауап санаған. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», — деген.
Осы бір ізгі қасиеттің бүгінгі буынға да жұғысты болып, жалғасын тапқаны қуантады. Оған ауыл — аймақтардан түлеп ұшқан азаматтардың бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар дәлел. Алысқа бармай-ақ өзіміздің Талас ауданындағы жастардың туған жерге жасаған тартулары мен тұрғындарға көрсеткен қайырымдылық шараларын айтуға болады.
Мектеп бітірген түлектер арасында ізгілікке толы, көңіл құптарлық жақсы дәстүр қалыптасқан. Мәселен, биылдың өзінде Ойық ауылдағы мектепті әр жылдары бітірген түлектер мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арнап белгі орнатты.
Ауыл ішінен балалар ойын алаңын және субұрғақ соғып, пайдалануға берді. Ақкөлдегі білім ошағынан түлеген азаматтар да ауылдың ажарын келтіретін нысан ашып, отбасына баспана сыйлады. Мұқтаж жандарға жәрдем беруді парыз санаған «Қаратау» қайырымдылық қоры да соңғы екі айдың ішінде көпбалалы екі отбасын баспанамен қамтыды.
Шын ниеттен туған әрбір ізгі іс адамға үлкен қуаныш сыйлайды.
Қайырымды істердің қасынан табылып, қол ұшын созуға ниет танытқан азаматтардың қатары жыл санап артып келеді.
Мәселен, биылғы Рамазан айында жомарт жандардың демеушілік көмегімен ауызашар беріліп, қайырымдылық көрсетілді. Қаладағы және ауылдағы 700-ге жуық мұқтаж отбасына азық-түлік өнімдері таратылды. Орталық «Қажы би» мешіті 150 адамды қамтыса, «Әбдірашид ата» мешіті осынша көлемдегі отбасына жәрдем берді. Аудандық «Қажы би» мешіті өкілдерінің ұйымдастыруымен мұқтаж отбасыларына бір реттік көмек көрсетіп отыру дәстүрге айналдырған.
«Қуанса, бала қуансын», -деген ғой халқымыз. Орталық саябақта аудандық мешіттің ұйымдастыруымен бүлдіршіндерге ойыншықтар таратылып, ойын аттракциондарын тегін пайдалануына мүмкіндік берілді.
Қайырымдылық — адам көңілін қанаттандыратын құдірет. Жақсылықты сезініп өскен ұрпақ болашақта да көргенін қайталауға, алғанын беруге талпынады. Тәрбиенің өзі-имандылықтан, мейірім мен жанашырлықтан басталады. Ендеше, қайырымды істеріміз көбейіп, тек қуанышқа кенелуді нәсіп етсін!
Көркем Асқар