Қадыр қазынасы

ҚАДЫРДАН БІР ӨЛЕҢ

Ерлі-зайыпты қазақтар

Біздің халық, біле-білсең, бір ғажап!
Сүйе тұра,
Бірін-бірі жүр қажап.
Қанша жақсы көрсе-дағы әйелін
Білдірмеуге тырысады бұл қазақ.

Ақ матаға қай бояу да жұғады,
Жұққаны үшін кінәлі боп шығады.
Кейде қазақ әйеліне «Әй» дейді,
Әйелі оны «Ай!» деді деп ұғады.

Ел жыртығын ақылмен ер жамаған.
Ал долы әйел қай кезде де қабаған.
Соның өзін
«Ойбайлатып»
Бабамыз
Үстеріне тон кигізіп «сабаған».

Қайткенде де «Әй» дегеннен үрікпе.
Жар қолында қай кезде де шүріппе.
Күйеуіне істетеді дегенін,
«Зардап шегіп»,
«Таяғын жеп жүріп те!»

ИІРІМ

«… Сол кездердің тапшылығы мен жоқшылығы шымбайыма әбден батса керек, осы күнге шейін мен қағаз-қаламға үлкен құрметпен қараймын. Асып-төгіліп жатырған молдығына қарамай, ақ парақтарды ғана емес, машинкадан шыққан артық даналардың өзін лақтырып тастауға, жыртып тастауға қимай, оның сыртқы бетін екінші рет пайдаланам…»

СӨЗМЕРГЕН

Адам Мекебаевтың бұрынғы есімі Ұзақбай болатын. Бертін келе оны Адам деп өзгертті. Бір көңілді кеште Мекебаевтың қатар-құрбылары өзара күлісіп:
– Біздің Ұзақбай отызға келгенде әрең адам болды!–дейді.
– Оған да шүкір! – дейді тыңдап отырған Қадыр Мырзалиев. – Тіпті адам болмай қойса қайтер едіңдер? Ондайлар аз ба немене?!

Қадыр Мырза Әлі Орталығы