ДЕРТКЕ ДАУА, БОЙҒА ҚУАТ СЫЙЛАЙТЫН ҰЛТТЫҚ ӨНІМ-МЕРКІДЕ
Қазақ халқы асты өте жоғары бағалап, қастерлей білген. «Ас – адамның арқауы», «Жаман ауру – жақсы ас», «Ас қадірін білмеген аштан өледі, ат қадірін білмеген жаяу қалады» — деп халық тегін айтпаған. Ұлт тағамдарының негізі – сүт тағамдары. Сүт тағамдарын халық бір сөзбен «ақ» деп атайды. Сондай-ақ, сүт тағамдарының қоректік қасиеті мол, әрі денсаулыққа пайдалы. Сүттен қымыз, шұбат, қатық, май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ, айран, уыз сияқты тағамдар жасаған. Қымыз бен шұбат – қазақ халқының ежелден бері келе жатқан сусындары.
Олар шөлді қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдаланылатын болған. Қазіргі таңда қымыз бен шұбаттың емдік қасиетін жақсы білсек те ауруымызға дауа, бойымызға қуат беретінін ескере бермейміз. Олай деуге себеп, мал шаруашылығымен айналысатын біздің өңірде осы кәсіпті қолға алған шаруагер бірең-саран. Бірақ, қазіргі пандемия кезінде шұбат, қымызға сұраныс артқан.
Осы орайда Меркі ауданының әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы алдымен, «Достық» шаруа қожалығының цехында болды. Бұл цехта кәсіпкер Мейірбек Лекеров ұлттық өнімдер қымыз бен ірімшік өндіруді жолға қойған.
Иә, Мейірбек – қазақ қымызын нарыққа шығарып, отандық бренд қалыптастырам деп жүрген Алаш баласының бірі.
«AQ NUR» брендімен қымыз, «Milka.s» брендімен ірімшік өндіріп, ішкі нарыққа шығаруда. Аудан әкімі кәсіпкердің кәсібіне оң бағасын беріп, өзіміздің жергілікті өнімді үлкен нарыққа шығару қажеттігін айтты және мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін көмектер жайында түсіндірді.
Көркем Асқар