А.Байтұрсынов: Беташардың мағынасы мен маңызы жайлы
«…Беташар өлеңінің не мақсаттан туып, не үшін айтылатынын тексерсең, мұнда үлкен мағына бар екенін айыру қиын емес. Беташар – беті ашылған жастың бетін ашып, өмір таныту, әрбір елдің өзі қолданған жол-жобасын түсіндіру. Тәжірибесіз жас әйел жаңа өмірге кіріп, жаңа қауымның ортасына келгенде, сол қауымның қадірлі, құрметті үлкендерін тануға керек. Солардың әрқайсысының орнын білу керек. Жаңа қауымның қадірлейтіні кім, ұлық тұтып сыйлайтыны кім, жаста еркелетіп аялайтыны кім, жас келіннің бұларды топ алдында танып, біліп алуы қажет. Үлкендердің алдында келіннің тәжім қылуы – сол жаңа шарттарға көндім, қабыл алдым дегенінің белгісі.
Екінші үлкен мағына: беташарда қазақ елінің жаңа түскен келінді келешекте ана болуға, қадірлі келін, үлгілі жеңге болуға үйретеді. Бұл өлеңнен қазақ жұртының әйелге жалпы көзқарасы білінеді. Әйел – үй ішінің, ауылдың, ағайын ортасының ұйытқысы. Солардың жарастығы, гүлі, берекесі. Күйеуі – сүйеніші, тірегі. Дос тауып, туысқан құрып беретін көмекшісі, досы. Өлеңде сол міндеттер толық айтылады».
Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы, 1989. – 320-б.