А. Көлгінов құтқарушылар туралы: «Тек осы жылдың өзінде ғана сіздер 400-ге жуық адамның өмірін сақтап қалдыңыздар»
Елордада Құтқарушылар күніне – ҚР Азаматтық қорғаныс қызметінің құрылуының 24 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Нұр-Сұлтан қаласының ТЖ департаменті қызметкерлеріне мадальдар тағылып, төсбелгілермен марапатталды. Елорда әкімі А. Көлгінов төтенше жағдайлар кезінде табандылық пен ержүректілік, нағыз батырлық керектігін атап көрсетті. Алдын ала жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде биылғы жыл басынан бері елордада өрт саны 5%-ке, ал суға батып кетушілер саны үш есеге дейін азайды.
«Сіздер – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, өзгелер қиын да қайғылы жағдайға тап болғанда ең бірінші болып қасынан табылып, жедел әрі батыл қимылдап, көмек көрсетіп, өмірлерін құтқарасыздар. Құтқарушылар қатарында селқос, енжарларға орын жоқ. Сіздер биылғы жылы 395 адамды құтқарып, 460 адамды көшіру жұмыстарын жүргіздіңіздер. Сіздер игілікті іспен айналысасыздар. Сіздермен бірге сақтаған материалдық құндылығымыз 1,5 млрд. теңгеден асады. Сіздердің жүректіліктеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз үшін, аянбай еткен еңбектеріңіз бен борышқа деген адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Мерекелеріңізбен!», — деді А.Көлгінов.
ҚР ІІМ ТЖ жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер атап өткендей республика бойынша құтқарушылар 9 мыңнан астам адамды құтқарған, «шеберліктерін шыңдап, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жетілдіру қажет».
Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттардың өрт қауіпсіздігі шаралаларын күшейтіп, қалалық өрт қызметтерін барлық қажетті техникамен қамтамасыз етуді тапсырды.
Қалада 11 өрт бөлімшелері мен авиа-құтқарушылар отряды бар. Департамент құрылымында 1700 адам қызмет етеді, 160 арнайы техникасы бар. Биылғы жылы 9 арнайы автотранспорт сатып алады. Сонымен қатар Алаш тасжолындағы өрт депосының құрылыс жұмыстары аяқталады және де тағы үш өрт депосын (Ильинка т/а, Көктал және №28 көшесі бойынша) жобалау жүргізілуде. Өрт және құтқарушылар құрылымдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында оларға арендалық баспаналар беріледі.