А.Кравченко: Шетелдегі 56 млн доллар активтерді бұғаттадық
Прокуратура қызметкерлері қазақстандықтардың шетелдегі 56 млн доллар активтерін бұғаттады. Бұл туралы прокуратураның кеңейтілген отырысында Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко айтты, деп хабарлайды Kapital.kz.
«Жоба («Шетелге кеткен активтерді қайтару» — Ред.) сыртқа кеткен активтерді іздеу және қайтару жолдарын жеңілдете алады. Мұнда миллирадтаған шығынды есептеуге болады. Осы іс бойынша БҰҰ, Әлемдік банк және Италия, Литва, Израиль, АҚШ пен Ұлыбританияның сарапшы мамандары бізге көмектесіп жатыр. Сонымен қатар, 186 тергеуші мен прокурорға активтерді қалай жылдам бұғаттау және қайтару жолдарын үйреттік. Нақты сөзбен айтқанда, бүгінде 56 млн доллар бұғатталды. 10 ұлттық жаттықтырушыны дайындадық. Бұл адамдар алған тәжірибелерін басқа да тергеушілер мен прокурорларға үйрететін болады», — дейді Андрей Кравченко.
Сонымен бірге, оның айтуынша, прокуратура органдары активтерді қайтару бойынша әлемдік желімен байланысқа түскен.
Одан бөлек, жыл соңына дейін өз еркімен жерді иеленіп алғандар туралы фактілерді түбімен жою жоспарда бар.
«Оны да әкімшіліктер мен Ауылшаруашылық және Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып шешеміз, тіпті, ғарыштық спутниктер де іске қосылды. Тұрақты мониторгинг жүйесі және ғарыштан түсірілген кескіндермен жабдықталған мобильді топтарды жасақтап шығардық. Бүгінге дейін жерді өз еркімен иеленіп алу фактілерінің саны 2,5 мыңнан 400-ге дейін қысқарды. Жыл соңына таман бұл көрсеткіш те нөлмен теңеседі деген үмітіміз бар», — деді ол.