А.Мырзахметов Елбасы қабылдауында болды
Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовті қабылдады. Кездесуде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелері және оны одан әрі іске асыру жөніндегі жоспарлар талқыланды. Еліміздің барлық диқандарын астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтаған Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаз айларының басындағы күрделі жағдайға қарамастан, ауыл еңбеккерлері айтарлықтай көлемде астық жинады. Ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға және өнімімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Жалпы, барлық мәліметтер оң қарқынды көрсетіп отыр.
Аграрлық сектор экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Оған мемлекет көп қаржы құйып жатыр. Оның тиісті қайтарымы болуға тиіс еді, бірақ, өкінішке қарай, олай болмай отыр. Биыл 21,7 миллион тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерден болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек. Белгіленген жоспарға сәйкес, біз тұтынушылық кооперацияны дамытумен, тұқымдық қорды жақсартумен және мал шаруашылығының өнімділігін арттырумен айналыстық.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімділігінің көлемін еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып арттыру қажет»,— деді. Асқар Мырзахметов Қазақстан Президентіне агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының 12 басым бағытын одан әрі дамытудың арнайы карталарын әзірлеу барысы жөнінде баяндады. Соңында Мемлекет басшысы оған бірқатар нақты тапсырма берді.
Ермек Сахариев