А.Мырзахметов: «Шағын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне баса мән береміз»
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жұмыс жасау жүйесін түсіндіруді батыс өңірінен бастады.
Сапар аясында А.Мырзахметов Алға ауданына келіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» аясында құрылған шағын мал бордақылау алаңдарын аралады. Атап айтқанда, «АкТеп» ЖШС бордақылау алаңы мен «Актюбинский мясной кластер» ЖШС ет комбинатында болды.
Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2016 жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда 132,4 млрд. теңгені немесе 106,2% құрады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін көбейту бойынша тиімді шаралар қолданылуда.
2016 жылдың қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрі мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдері және «Inalca Eurasia» арасында мал шаруашылығы бойынша инвестициялық құны 100 млн. еуроны құрайтын өңіраралық кооперацция құру жөнінде меморандумға қол қойылды.
Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Ауылды жұмыспен қамту» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу үшін мал сатып алуға берілетін несиелеу құны 3-6 млн. теңге. Тұрақты жұмыс орындарын құруға, жеке қосалқы шаруашылық базасында отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған жобаны қаржыландыру «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады.
Соңғы мәліметтер бойынша, пилоттық жобаның мүмкіндіктерін 550 ауыл тұрғыны пайдаланып үлгерген. Олар шағын фермалар ашу үшін 1,3 млрд. теңгеден астам қаржы алды. Жобаның жалпы қоры – 2,5 млрд. теңге.
Өңірде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлері дамып, бал өндіретін, қоян, ешкі, бөдене өсіретін шағын фермалардың ашылуына көмек көрсетілуде.
Сонымен қатар, аймақта Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарымен өңіраралық кооперацияны дамыту бойынша шаралар қолға алынуда.
Бұдан әрі А.Мырзахметов «АкТеп» ЖШС-на барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
«Біз агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасында шағын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне баса мән беріп отырмыз. Олардың өндірген шикізаттары сол маңдағы кәсіпорындардың қуатын толық жүктеуге мүмкіндік береді. Яғни, қазіргі таңда кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс жасай алмай тұр. Ал қолда бар өнімдер қандай да бір кедергісіз ірі кәсіпорындарға толымды түрде жеткізілуі үшін жеке қосалқы шаруашылықтар бас құрап, ауыл шаруашылығы кооперацияларына бірігуге тиіс», – деді А.Мырзахметов.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі жұмыс сапары барасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында құрылған сүт өңдейтін, сүт қабылдайтын пунктердің жұмысымен танысып қайтты.
Кәсіпорындардың жұмысымен танысқаннан кейін, ол АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру мақсатында арнайы отырыс өткізді. Отырысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан фермерлер, кәсіпкерлер қатысты.
«Ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Үкіметке АӨК бағдарламасын ағымдағы «Агробизнес – 2020» үкіметтік бағдарламасы негізінде әзірлеуді тапсырған еді», – деді А.Мырзахметов.
Кездесу барысында А.Мырзахметов жаңа бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін түсіндіріп өтті.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету болады.
Әзірленіп жатқан Мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері: мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру болады.
Сонымен қатар, бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де көп мемлекеттік қолдау алушыларды қамтуға, осылайша оның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Жалпы, өсімдік шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылады. Атап айтқанда, бидай алқаптарының бір бөлігі аса сұранысқа ие дақылдармен (майлы дақылдар, арпа, жемдік жүгері, қант қызылшасы, азықтық дақылдар) алмастырылатын болады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін жоғарылату мақсатында жоғары сапалы тұқымдарды қолдану және тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады; құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылады.
Бұдан басқа, АӨК-ні инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.
Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы халық талқысынан өтуде.