АҚШ пен Қытай тайталасы әлем тегершігін қозғай ала ма?

Қоламта қайта қоздады

Соңғы күндері әлемдік БАҚ-тардағы күйіп тұрған тақырып — АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысының» қайта басталуы болды. Соңғы жылдары, «Қытаймен жасап келген теңсіз сауда жүйесін тәртіпке келтіремін» деген сайлау алды уәдесін орындауға кіріскен АҚШ Президенті Доналд Трамптың қолға алып жатқан шаралары халықаралық үлкен дүмпу тудырған еді. Нәтижесінде, Бейжің мен Вашингтон арасында сабылған елшілер ақыры 150 беттік сауда келісімін талқылай бастаған болатын. Алайда мамырдың майда-шуақ күндерінде Ақүй басшысы сабынша бұзылып шыға келді. Трамптың шыдамын тауысқаны қытайлардың осы келісімдердің соңғы нүктесін қоюға сылбырлық танытып отырғаны болса керек. 5 мамыр күні өзінің Твиттердегі парақшасында «алдағы уақытта Қытайдан әкелінетін тауарларға салынатын кедендік бажыны 25%-ға дейін көтеретіндігін» жәйіп салды. Осыдан кейін жылға жуық уақыт суый бастаған қоламта қайта қоздап шыға келді. Қытайлар да «еруліге қарулы» ретінде «АҚШ-тан импортталатын ауылшаруашылығы өнімдері, сұйылтылған газ секілді 60 млрд. долларлық құнға ие тауарларға кедендік бажыны 20%-25%-ға дейін көтеретіндігін» мәлімдеді. Трамп бір ғана жазбамен тоқталып қалған жоқ. Алғашқы мәлімдемесін жасағаннан бері де жазбаларын «қарша боратып» жатыр. Бастабында «жалпы құны 200 млрд. доллар» деп бір шықты да, бірер күн өткенде «қажет болса, 450 млрд. доллларлық құнға ие тауарлардың бажысы көтеріледі», — деді. Сонымен қатар өзінің дұрыс шешімінен өзгермейтіндігін де «жасырған» жоқ. Ал Қытай тарапы, «мұндай құқай көрсетумен ештеңе шешілмейтіндігін, тек жан-жақты келіссөздер арқылы бір байламға келудің дұрыс болатындығын» айтып-ақ жатыр. Соңғы бірер жылдың көлемінде бірнеше рет қайталанған бұл «Аласапыранға» жұрттың да құлағы үйреніп қалған сыңайлы. Ақырының тыныштықпен шешім табатынына сенетін адамдар көп. Оған бір дәлел — жоғарылатылған тарифтердің ресми түрде күшіне енбегені болып отыр. Трамптың ескертуіне негізделгенде «2019 жылы 10 мамыр күні сағат 12:00-ден кейін Қытай порттарынан кедендік рәсімдеулерін аяқтап болып айдынға шыққан кемелерде келе жатқан заттар АҚШ-қа жеткен кезде барып кедендік бажысы жаңа тарифтермен есептеледі» екен. Яғни жолға кететін бір ай уақыттың ішінде, екі елдің арасында келіссөздер жүргізілуі мүмкін. Қытай СІМ-нің баспасөз хатшысы да 13 мамыр күні «келіссөздер жүргізу үшін делегаттар аттанатындығын» айтты. Демек, алдағы бір айға жуық уақыттың ішінде тағы да жаңалықтардың орын алуы бек мүмкін деген сөз.

 

Трамптың қаһарына іліккен тауарлар

Былтырдан бері халықаралық даудың күн тәртібіне көтерілген атышулы «АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы» өз кезегінде күллі дүниенің экономикалық жағдайына ықпал етеді дейді сарапшылар. Олардың уәжіне құлақ түрсек, «әуелі АҚШ-ты, сосын жаһанды қымбатшылық жайлайтын» көрінеді. Бұған Трамп мырза айылын жияр емес. Оның айтуынша, «жоғарылатылған тарифтерден мемлекеттің қазынасына қыруар пайда түседі» екен. АҚШ-тың Сауда министрлігі 26 сәуірде жариялаған ақпаратында 2019 жылдың алғашқы тоқсанындағы қортынды бойынша елдің экономикалық өсуі 2.5%-дық межеден асып, 3.2%-ға жеткен. Яғни 2019 жылы АҚШ-тың ЖІӨ-де жоғарылау байқалуы мүмкін. Ал Қытай тауарларын сатумен айналысатын саудагерлер қазірге дейін қолданыста тұрған 10% кедендік бажыны мемлекетке тапсыруды өз мойындарына алып отырғандықтан, ол зат бағасына пәлендей өзгерістер тигізбегендігін айтқан. Дегенмен жаңа тарифтер күшіне енетін болса, артық шығын міндетті түрде зат бағасына қосылатын болады. Яғни, аздап қымбатшылық орнайды. Трамптың «қаһарына іліккен» Қытай тауарларының ұзын саны 5000-нан астам көрінеді. Оның ішінде өнеркәсіп өнімдері, химия өнімдері, көліктің қосалқы бөлшектері, киім-кешек, жиһаз қатарлы тұрмысқа қажетті заттар бар. АҚШ-тың кейбір сарапшылары алдағы уақытта кедендік баж шынымен көтеріліп, оның көлемі ұлғаятын болса, бұл өз кезегінде Қытай экономикасының баяулауына апаратындығын болжап отыр. Вашингтондағы «The Trade Partnership» кеңес беру орталығының мамандарының пайымдауынша, «сауда соғысы» шынымен басталатын болса, бұл АҚШ нарығында белгілі деңгейде қымбатшылық туғызумен қоса, қоғамда жұмыссыздықтың белең алатындығын айтыпты. Ал, көліктің қосалқы бөлшектерін Қытайдан әкеліп отырған «Форд» секілді алпауыттар, халықаралық бәсекеде Жапония мен Германиядағы бәсекелестірінен ұтылуына, аталмыш «сауда соғысының» ықпалын тигізетіндігін жасырмаған. Сонымен қатар Қытай нарығына өнімдерін сатып отырған АҚШ компаниялары да біраз қаржыдан қысылатын сияқты. Ал Трамп мырза болса, «менің көзқарасым көптеген адамдармен ұқсамайды, менің ойымда, кедендік бажы АҚШ-тың ең мықты қаруы» депті.
Қытайлар да өз кезегінде АҚШ-тан импортталып жатқан тауарларға қарата кедендік бажды көтеретіндігін айтты. Өткен жылғы текетірестен кейін АҚШ-тан жеткізіліп жатқан соя мен жүгері өнімдерінің мөлшері күрт азайған болатын. Биыл да жалпы құны 60 млрд. долларлық құнға ие өнімдерге қарата жоғарылатылған тарифтер күшіне енетін болса, бұл АҚШ фермерлеріне тиімсіз болмақ дейді сарапшылар. Ал Трамп мырза болса, «керек болса, АҚШ шаруаларының Қытайға экспорттап отырған өнімдерін мемлекет есебінен сатып алып, аштық пен кедейліктен зардап шегіп жатқан елдерге гуманитарлық көмек ретінде атауымыз да мүмкін», — деп салды. Қытайдың ресми БАҚ-тары қазірше «салмақтылық» көрсетіп отырғанымен, Трамптың мәлімдемесі жариялана салысымен ел ішіне кәдімгідей әсер еткен сыңайлы. Ең әуелі «юань құнсызданады» деген сыбыстарды ести салысымен адамдар банктердегі депозиттерін шығырып алып, доллармен сақтауға кіріскен. Мұнан сырт, Шаңхай, Гонконг қор биржаларындағы құнды қағаздардың бағамында құлдырау байқалды. Қытайдың ресми билігі болса, «мұндай жағдайлардың ҚХР-дың жалпы экономикасына пәлендей әсер етпейтіндігін» айтып халықты «сендіріп» жатыр.

 

Ұрлық түбі қорлық екенін  Бейжің біле ме?

Дегенмен Доналд Трамптың соңғы жылдары қайта-қайта қозғап жүрген «Қытаймен теңсіз сауда», «Қытайлар АҚШ-тың ғылым мен технология жетістіктерін ұрлап жатыр» деген байбаламдары да жөнсіз емес секілді. Трамп мырза «жөнге саламын» деп кірісіп жүрген бұл істің ауқымы да өте кеңейіп барады. Яғни, АҚШ үкіметі Қытайдың тауарларына қарата кедендік бажды көтерумен ғана шектелмек емес. Өз сөздерінде Доналд Трамп АҚШ пен өзге де шетелдік алпауыт компанияларды, өндіріс ошақтарын АҚШ-қа көшіріп әкелуді, Қытайда зауыт-фабрикалар ашып отыра беретін болса, санкцияға ілініп кетуі мүмкін екендігін де «ескерткен» еді. Бұл сөздер де далаға кеткен жоқ. Қазіргі таңда шетелдік инвесторлардың қаржысымен құрылған көптеген кәсіпорындар, Қытайдан көшіп шығып, оңтүстік шығыс Азиядағы елдерге қарай қоныстанып жатыр. Бұның себебін жалғыз ғана АҚШ-тан іздеуге келмес. Соңғы жылдары экология мәселесімен шындап айналысып жатқан Қытай үкіметі, қоршаған ортаны ластап отырған қыруар өндіріс орындарын жауып тастады. Бұған қоса елдің экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты еңбек күш нарығында өзгерістер туылды да жұмыскерлердің жетіспеуі және жалақының қымбаттауы орын алды. Нәтижесінде, жоғарыда айтылған, шетелдіктерге тиесілі кәсіпорындар өз болашақтары туралы қайта ойлана бастады. Тағы бір сарапшылар ғылым мен технологиядағы «ұрлық» мәселесінен кейін, АҚШ бастаған дамыған елдер Қытайға инвестиция салуды доғаратын болса, «қызықтың көкесі» сонда шығады дейді. Яғни жұрттың жасағанын «копиялаумен» айналысатын қытайлар «тыпырлап» қалатын көрінеді…
Ресми Бейжің райынан «қайтпайтын-дықтарын» ашық мәлімдеп жатқанымен, компартияның ішіндегі кейбір лауазымды әрі еркін ойлы қайраткерлер АҚШ пен Қытай арасының салқындағанын қаламайтындықтарын айтыпты. Қытайдың «South China Morning Post» газеті 12 мамыр күнгі санында осындай «ашық ойларға» орын берген. Қытай үкіметінен зейнетке шыққан қайраткер Жаң Му мырзаның айтуынша «Қытай үкіметі талай жылдан бері АҚШ пен Қытай қарым-қатынасындағы көптеген алшақтықтарға назар салмай келді. Ендігі жерде партия басшылары кейбір мәселелерді мұқият реттеп алулары тиіс» депті. Ал Қытайдың Ұлттық банкінің экс банкиры Ли мырза аталмыш газетке берген сұхбатында «Қытай билігі АҚШ-тың қойып отырған талаптарын терең зерттеп көруі тиіс. Сонымен қатар АҚШ-қа деген саясатты реттеп отыруы керек. Себебі, АҚШ, Қытай қатынасы Қытайдың батыс әлемімен болған қатынасының негізі. Бұл жерде екі елдің байланысын дұрыс жүйелей алмасақ, ол Қытайдың болашақтағы дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды» депті. Бұл айтылғандар өз кезегінде Си Цзиньпинді қаншалық ойландыратындығы белгісіз? Дегенмен Қытайлардың «ерегісті» тым қалап отырмағандығын аңғартса керек.

 

«Сауда соғысының» әлемге және Қазақстанға ықпалы

Былтырдан бері халықаралық сарапшылар, «екі алпауыттың ортасындағы текетірес әлем экономикасына кері ықпал етеді» деген пікірге көбірек тоқталған болатын. Яғни «дүниенің зауыты» болып отырған Қытайда зат бағасы қымбаттаса, ол өзге елдерге де салқынын тигізбек. Әзірге, жауыққан тараптар «қағаз оқтармен» ғана «атысып» жатыр. Дегенмен Қытайдың да ғасырлар бойы бизнеске қолайлы аймақ бола бермейтіндігі, әлемдегі алпауыттарды ойландырса керек. Қытайдағы ішкі себептерге байланысты, үшінші дүние елдеріне қарай қоныс аудара бастаған зауыттардың қатары молайып келеді. Яғни, алдағы уақытта оңтүстік Шығыс Азия мен Африка жерлерінде жаңа индустриалды аймақтар пайда болуы мүмкін.

Қытаймен көршілес жатқан Қазақстан да бұл халықаралық үрдістен шет қалмасы анық. Қытайдың ішкі нарығындағы қымбатшылықтың кесірінен, олардан бізге тасымалданып жатқан тауарлардың бағаларында айтарлықтай өзгерістер орын алуы ықтимал. Дегенмен қазақ елі үшін үлкен мүмкіндіктердің туып отырғаны көңілді қуантады. Қазірге дейін Қазақстан мұнайының басты аларманы болып отырған шығыстағы көршіміз, соңғы кездері біздің ауылшаруашылығы өнімдерімізге де қызығушылық танытып келеді. Бұл өз кезегінде біздегі ауылшаруашылығы мен азық-түлік өндірісіне серпін беруі мүмкін. Алайда, біздің өндірушілер кең-байтақ даламыздың мүмкіншіліктерін әлі де болса өз деңгейінде игеріп, пайдалана алмай келе жатыр. Яғни Қытай мен Қазақстан арасында ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің, тасымалдаудың жаңа кезеңі орнайтын болады. Өйткені, АҚШ-тан тасымалданатын соя мен жүгері, шошқа еті қатарлы өнімдер Қытайдың ішкі нарығындағы жетіспеушіліктің орнын толтырып отырғаны белгілі. Мүмкін, Қытай саудагерлері АҚШ өнімдерін «үшінші бір елді» айналдырып тасымалдайтын шығар. Дегенмен іргеде тұрған Қазақстан өз мүмкіншіліктерін пайдаланатын болса, ол алып Қытай нарығының маңызды ойыншыларының біріне айналатын күн де алыс емес.

 

Ерқазы Сейтқали