Ақтөбеде медицина қызметкерлеріне пәтерлер мен көліктер берілді
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен жас мамандар қатысты.
«Халық денсаулығы – маңызды көрсеткіш және кез келген мемлекеттің даму индикаторы. Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқына жолдауында медициналық қызмет көрсету мен азаматтардың денсаулығын жасарту мемлекеттік маңыздылықтың басым міндеті болып жарияланған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша және 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының ішінде халық денсаулығының негізгі индикаторлары бойынша Ақтөбе облысында оң динамика байқалатыны қуантады. Өмір сүру ұзақтығы 73,4 жасқа дейін ұзарған. Мемлекеттің қуатты қолдауының арқасында медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру жұмыстары жалғасатын болады», — деп атап өткен облыс әкімі медицина қызметкерлеріне қиын әрі ерен еңбектері үшін алғыс айтты.
Өңірдің үздік денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, Денсаулық сақтау министрлігінің медальдары, облыс әкімінің мақтау қағаздары табыс етілді. Бұдан өзге, Оңдасын Оразалин төрт жас маманға 500 мың теңгенің грантын беріп, медицина саласының төрт өкіліне пәтер кілттерін табыс етті. Көпбалалы жанұясы бар тағы бес қызметкер 400 мың теңгеден 1,7 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын алды. Олар бұл қаражатты мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында жеңілдетілген ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна ретінде төлейтін болады.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ақтөбеде басқа да бірқатар маңызды шаралар өтті.
Өңір басшысы Ясный ауылында дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты. Жоба құны – 90 млн теңге. Ғимараттың жалпы аумағы 450 м2. Жаңа медициналық мекемеде ауыл тұрғындары терапевт, акушер-гинеколог, фтизиатордың көмегін алып, зертханалық талдаулар тапсыра алады. Амбулатория штаты қажет мамандармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин Ақтөбе медицина орталығының жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған медицина мұражайының салтанатты шарасына қатысты. Жаңа мұражайдың жәдігерлері өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.
Ақтөбе медицина орталығында денсаулық сақтау саласының 44 қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мақтау қағаздарымен және құрмет грамоталарымен марапатталып, 12 дәрігер «Еңбек ардагері» және «Алтын дәрігер» медальдарын иеленді.
Сол жерде медицина мекемелерінің бас дәрігерлеріне 20 жаңа автокөліктің кілті табыс етілді. Көлік құралдары аудандық орталық ауруханалар мен жеті қалалық амбулаторияның автопаркін толықтырмақ.