Ақынға ақын арам болса, жаман да…

Тойгүл Нұржанқызы: — Көпшілігі «Мұқағали ішкіш болыпты» деп жатады. Бүгінгі жастар Мұқағалиды қалай қабылдауы керек?

Шаяхмет Имашұлы: — Бұл сұраққа бір жақты жауап беру өте қиын. Ол кездің жастары мен қазіргінің жастары мүлдем салыстыруға келмейді. Ол заманның жастары кітапқұмар жастар болды. Сән қуғандар болды. Шаш өсірдік, кең балақ шалбар кидік, жалпақ белдіктер тақтық. Бірақ газетті, кітапты көп оқитын, қыздарды мейрамханаға емес, киноға шақыратын жастар еді. Түсінік бөлек, ұғым бөлек еді. Дастархан басында отырып, поэзияға кезек беріп, болмаса кітапты талдап, бір-бірімен айтыс-тартысқа барып, көп нәрсені шешетін. Өсек, біреуді жамандау аз еді, рухани бай еді. Мұқаңның әдебиеттегі жетістігін көре алмағандар жаман әңгіме таратқандар болар. Себебі Мұқағалиды көре алмағандар, аяғынан шалғысы келгендер көп болды. Жағымсыз сөздер айтты. Өлеңін сынамақ болды, сынады да.

«Мен үйсінмін, қауға берсең, қауға бер,

Қан ағызып көргенім жоқ жаулап ел.

Дауы да жоқ, жауы да жоқ, бауырым.

Біздің асқақ тауға кел.

Мен үйсінмін,

Мал бақ десең мал бағам.

Еш жамандық көргенім жоқ қауғадан.

Мен үйсінмін

Ұлы жүзбін, ұлымын.

Ұлымын деп ұлыққа да бармағам.

Ортадан да, кішіден де кішімін,

Ұлымын деп көрсетпеген қысымын.

Ел басына екі талай күн туса,

Екі інімнің найзасының ұшымын.

Мен үйсінмін,

Ұлы десең ұлымын,

Ұлылықтың, кішіліктің құлымын.

Бөлінбеген еншім даяр екі інім

Желпілдетіп жетіп келсе тұлымын» деген өлеңі бар. Бұл өлеңде айтып отырған екі інісі — орта жүз бен кіші жүз. Ал осыны «Мұқағали қазақты үшке бөліп жатыр» деп жала жауып, мақала жазып, өлеңдерін шығартпай қойған. Ақынды өлтіру үшін, құрту үшін, ақынның жолын кесу үшін оған оқ атудың қажеті жоқ. Кітаптарын шығармай, өлеңдерін баспай қой. Ақын өзінен өзі өледі. Сондай жағдайға жеткізді ғой. «Мұқағалидың өлеңдерін баспаңдар!» деген бұйрық та шыққан болуы мүмкін. Бірақ поэзия жеңді.
Р/с: Мұқағалидың өлеңімен аяқтайын.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол — қайғы.
Ақынды ақынсүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе,ол — қайғы.
Ақынға ақынбасынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын біранадан туыпты.
Ақынға ақын адалболсын әмәнда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да…