Абай атамыз айтыпты…
*Көп айтса көнді, жұрт айтса болды – әдеті надан адамның.
*Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма.
*Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
*Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез.
*Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз.
*Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.
*Еріншектік – күллі дүниенің дұшпаны.
*Еңбексіз мал дәметпек – қайыршылық.
*Еңбек қылмас еріншек, адам болмас.
*Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.
*Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей.
*Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын.
*Адам баласына адам баласының бәрі дос.
*Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ
*Әрбір жалқау кісі қорқақ – қайратсыз,
Әрбір қайратсыз қорқақ – мақтаншақ келеді.
Әрбір мақтаншақ қорқақ – ақылсыз, надан келеді.
*Әрбір ақылсыз, надан – арсыз келеді.
Әрбір арсыз, жалқаудан – сұрамшақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар.
*Досыңа достық – қарыз іс. Дұшпаныңа әділ бол.
*Зұлымдық – адам баласының дұшпаны.
*Кей құрбы бүгін – тату, ертең бату, тілеуі, жақындығы – бәрі сату.
*Асығыс түбі – өкініш
*Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік.
*Егер ісім өнсін десең, ретін тап.
*Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
*Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден ерек.
* Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Өнерсіздің қылығы —
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге…
*Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден
*Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
*Уайым-қайғысыздыққа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек, һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады