АБАЙ БОЛЫҢЫЗ: қаржы пирамидасы

Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдардың құрылуын және олардың қызметіне әртүрлі алаяқтық схемалар арқылы азаматтарды тарту жағдайларының жиі орын алып жатқандығы жайлы ескертеді.

Оның айқын мысалы ретінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы еліміздің барлық өңірлерінде тарап кеткен «Сектор богатства» немесе «777» қаржы пирамидасын атап өтсек болады.
Аталған қаржы пирамидасы инвестицияланған қаражатты 30-60 пайызға көбейтуге уәде беріп, қарапайым халықтан алаяқтық жолмен ақша жымқыруда.
Осыған байланысты Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері аталған қаржы пирамидаларының құрығына түсіп қалмау мақсатында алдын ала ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қаржы пирамидасы – заңға қайшы инвестициялық қызмет, мұнда алдыңғы қатысушыларға берілетін төлемдер жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Басқаша айтақанда, бұл азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі таралып кеткен әдіс. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз іске асады. Осылайша, ешкім салынған қаражаттың қайтарып берілуіне кепілдеме бермейді.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ БАСТЫ БЕЛГІЛЕРІ
Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – уәделенген айтқысыз пайда, үстеме табыс. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырылып қалу қаупі өте жоғары.

Екінші белгісі: компания шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамидалар тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынады. Алайда шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлемдер жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.

Үшінші белгісі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни, бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасын көздеп жасалған әрі ҚР заңнамасына сәйкес келмейді.

Пирамиданың төртінші белгісі компанияның тым жан-жақты қызметі болып табылады, сол арқылы компания айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады.

Бесінші белгісі: әлеуметтік желілердегі белсенді әрі мезі қылатын жарнама. Осындай жарнаманы тарату «Жарнама туралы» ҚР Заңына сәйкес мүмкін емес болғандықтан, аталмыш заңсыз бизнестің барлығы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен таралады.

Алтыншы әрі өте маңызды белгі – қаржы регуляторы лицензиясының болмауы. Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса депозит болып саналады.

Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет және ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді. Бірақ қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары лицензияны қажет етпейтіндігін мәлімдейді.

Құрметті азаматтар!
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жоғарыда көрсетілген белгілері бар күмәнді ұйымдарға қаражатты салудан бас тартуға шақырады.
Егер сіздің қаржы пирамидасының қызметіне қатысты күмәніңіз болса, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Жедел басқармасына хабарласуыңызды сұраймыз: 8 705 555 59 53