Абай мен Мәшһүр Жүсіптің кездесуі…
Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірінің аты-жөндеріне сырттай қанық болса да, әлі дидарласа қоймаған кезі болса керек. Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырық аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне: Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті.
Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен: «Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ!» – деген екен.
Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» – деп, қолын алып, төрін ұсыныпты.
(Ел аузынан жинаған Ақселеу Сейдімбек)