«Абай мұрасы-халық қазынасы»
Павлодар облысы Лебяжі ауданының Жамбыл ауылында «Абай мұрасы-халық қазынасы» атты аудандық Абай оқулары сайысы өтті. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Байқауға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын жатқа білетін өнерпаз жастар қатысып, бақ сынады. Аудандық мәдениет және тілдерді дмыту бөлімінің бас маманы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, ауданда «Абай мұрасы- халық қазынасы» атты марафон басталған. Мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу, ақынның тәрбиелік және рухани мәні бар өсиеттерін жастардың санасына сіңіру.
— Марафон шымылдығы Жамбыл ауылында түрілді. Шараны Майқарағай ауылдық клубы жалғастырып, «Абай сазгер» деген ән кешін өткізеді. Одан кейін басқа да түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Марафонның қорытындысы 10 тамызда Аққу ауылында өтеді, — дейді ол.
Жамбыл ауылында өткен Абай оқулары байқауында бірінші орынды Жамбыл орта мектебінің оқушысы Мирас Ардабек жеңіп алса, екінші орынды Қызылқоғам ауылынан келген Бекарыс Нұрбек еншіледі. Ал, үшінші орынға Жаңатаң ауылының үміткері Аружан Адам ие болды. Барлық жүлдегерлер мен қатысушылар дипломмен, алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Тілеуберді САХАБА