Абай облысында баспана мен ауыз су мәселелері реттеліп келеді

Құрылғанына бір жылдан асқан Мақаншы ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен абаттандыру жұмыстары барынша белсенді жүргізіліп келеді. Жуырда ауданға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев жұртшылықпен кездесіп, есеп беру жиынын өткізді. Жиында көлік және логистика, елде мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен, тұрғын үймен қамту жұмыстары негізгі әңгіме өзегіне айналда.

– Бүгінде облысымыздың «шығыс қақпасы» саналатын Мақаншының болашағы зор. Мұнда көптеген ірі жобалармен қатар туризм, логистика, шекаралық қатынастар және саудаға баса назар аударылған. Біздің басты міндетіміз – өңір экономикасын нығайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, – деді аймақ әкімі Н.Ұранхаев.

Бұдан бөлек, өңірде тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын дамытуға да барынша көңіл бөлініп отыр. Облыстағы 3220 шақырымнан асатын сумен қамту желілері жұмыс істеп тұр. Дегенмен ауыз сумен қамту ісі мұнымен бітпейді. 2026 жылға дейін облыстың барлық тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұлардың ішіндегі 6 жоба төңірегіндегі тиісті жұмыстар биыл басталып кеткен.

Бүгінде аудандағы 22 540 адам тұратын 16 елді мекен қазірдің өзінде таза ауыз судың қызығын көріп отыр. Ал Қабанбай, Бекет елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жалғасын тауып отыр.

Сондай-ақ жыл басынан бері облыста 190 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның ішіндегі Мақаншы ауданына тиесілісі – 1350 шаршы метр. Алдағы уақытта аудан аумағындағы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап жалға берілетін 50 пәтер сатып алынбақ.

Сонымен қатар өңір басшысы Н.Ұранхаев Үржар ауданына да ат басын бұырып, облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы Нұрлан Кәрімовпен бірге тұрғын үй құрылысы нысандарының басына барды.

Биыл Үржар ауданындағы 12 елді мекенінде бір қабатты екі пәтерлі 41 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл жалпы ауданы 5730 шаршы метрді құрайтын 82 пәтер. Қазір Үржар ауылында осындай 19 үй салынып жатыр, бұл жалпы ауданы 2 590 шаршы метр болатын 38 үй деген сөз. Оның ішінде 85 шаршы метрлік алты пәтерлі үш үй, ал 65 шаршы метрлік 32 пәтерлі 16 үй кіреді. Құрылысты аяқтау 2024 жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр.

Ауданға сапары барысында Н.Ұранхаев ауданның бас жоспары негізінде салынуы тиіс болашақ нысандардың орналасатын орнымен танысты.

Жасұлан Бақытбек