Абай орталықтары шетелдерде ашылды
Сонау 1935 жылдан бері данышпан ойшыл, хакім Абайдың есімін абыроймен алып келе жатқан қазақ білімінің қара шаңырағы — Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін ұлы тұлғаның орны бөлек. Тоқсан жылға таяу мұғалім мамандарын даярлап, қазақ сахарасына білім нұрын шашқан оқу орны өз шәкірттерін Абайдың даналық өнегесіне тәрбиелеп, осы арқылы бүкіл қазақ жастарына ұлы ақынның адамгершілік ілімдерін дарытып келеді. Мұнда барлық курста «Абайтану» пәні оқытылып келе жатса, бұл болашақ мұғалімдердің педагогикалық танымын қалыптастырудың қайнар көзі болып табылады.
Ұлы Абайдың құдіретті поэзиясы, мәні терең философиялық қара сөздері, әуезді әндері, жалпы Абай ілімі — жастар үшін таптырмайтын рухани құндылық. Сондықтан оқу орнында тұрақты оқытылатын «Абайтану» дәрістерімен қатар Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасы жыл сайын студенттер арасында Абай мұраларын насихаттау, оның тағылымдарын түсіндіру, сол арқылы жастардың бойына ұлттық және адами қасиеттерді терең сіңіру мақсатымен «Абай айтады» акциясын дәстүрлі түрде өткізіп келеді.
Сонымен бірге Абайдың даналығын бүкіл әлемге таныту мақсатымен университет басшылығы көптеген ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Айталық, біздің университетіміздің бастамасымен Қытайдағы Іле педагогикалық университетінде «Абай орталығы», Вьетнамдағы Ханой ұлттық педагогикалық университетінде «Абай атындағы мәдениет және ғылым орталығы», Хошимин педагогикалық университетінде «Абай атындағы Қазақ-Вьетнам мәдени білім беру орталығы», Түркиядағы Эрзинжан университетінде «Абай атындағы мәдениет және тіл орталығы» ашылғаны осы сөзіміздің дәлелі. Бұл орталықтар университеттің халықаралық беделін көтеру, бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды даярлау саласында ынтымақтастықты дамыту, оқытушылардың, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың академиялық ұтқырлығын үйлестіру, бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастыру және ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізу арқылы ғылым саласындағы ынтымақтастықты күшейту, студенттерге ғылыми кеңес беру, дәрістер оқу, онлайн сабақтарын өткізуді жүзеге асыру, Қазақстанның, Вьетнамның, Түркия мен Қытайдың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысу және ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының мұраларын насихаттау, ғылыми-әдістемелік және оқу әдебиеттермен алмасу, университет кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты дамыту ісімен айналысады.
Жуырда университетіміздің Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасының мұрындық болуымен студент-жастардың «Абай айтады» акциясы жалғасын тапты.
Таңертеңнен бастап университеттің Бас ғимаратында Абай әндері тамылжып тұрды. Акция Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы тұлғаға құрмет көрсетуден басталды. Бұдан кейін оларға «Абайтану» мұражайы таныстырылды. Ал «Абай — дана, Абай — дара» тақырыбындағы дөңгелек үстел басындағы әңгімені университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Жанатбек Есенқожаұлы Ішпекбаев ашты. «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі абайтанушы ғалым Жабал Алшынбекұлы Шойынбет «Хакім Абайдың ұлағаттары» жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Рашид Сейітов «Өз заманының ғұламасы», жас ғалым Ділдабек Дидарбек «Абай — қазақтың бас ақыны» тақырыптарында баяндамалар жасады. Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің берері көп болды.
Шоқан Құттыбаев,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз орталығының қызметкері