Абайдың өр мінезі
Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұл Құнанбаевың Мұхтар Әуезовтың өтініші бойынша жазған кітабынан бірер үзінді келтіріп, Абайдың жалпы әдеттері мен мінезіне қанық болсақ деген мақсатта жазып отырмыз.
«Менің бала кезімде, менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да,көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да,бәйбішелер де айғырмен ойнаған ат сықылды, ойнаған болса да қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.
Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру -жалпы әдеті. Төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салығызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді, қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Бірақ ол қанты алдында жатады. Көп жегіш емес.
Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталып, менің әкем көйлекшең күйінде, басына тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ.
Егер келген кісі сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тығынып қалса,оған ыза болып, енді ол айтарлық кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпадың деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады.
Қалаға барғанда үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына ие қылып қойған жолдасы алып сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Бір жолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алып-сатар Матайбай Мәмбет баласы деген жігіт мақтанамын деп айтыпты, сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым деп, сонда менің әкем айтып еді деп өзі айтып келуші еді:»Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» деп.
Бір Алдоңғар деген ұрыны, ұрлығыңды қой деп қасына көшіртіп алып, теңіне қосамын деп, әлгінің бір Мөңке деген әйел баласын асырап алған. Сол бала шайын құйып береді. Әлгі әйел балаға оңашада үйретіп қояды:»Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп,солай ма, Мөңке дермін,сонда сен»солай де», — деп.
Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар келіп қонақ болғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөйлеп-сөйлеп келіп:»Солай ма Мөңке» десе, Мөңке «Солай» дейді, сонда әлгі қонақтар:»Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы», -деп таңырқап қалысады.
Көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ, тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді:»Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады, ата-ана, ұстаз, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың кеп отырған құрбыларың қайсы?» -деп, ондай орыннан әйел бала есебінде тыю салып, қорғаштап өсіргісі келеді.»