АБАЙҒА ЖҮГІНУ

О, өлеңнің падишасы, королі,
мойындаған сені ойдың әлемі,
даналықтың асқарына шықтың сен,
болып жүрек жұлдыздан да дәмелі.
О, өлеңнің қолбасшысы, королі,
қазір сөздің кетіп – ақ тұр мәнері,
оқымайды жылап жазған жырыңды,
кей адамдар «ақ киімді, денелі».
Тіршіліктің арбасына дөңгелек,
болды жырың, барады әне дөңгелеп,
түсінгенге ақыл – ойдың шыңысың,
шыңға шығу оңай емес өрмелеп.
Жылдар өтті, күндер жетті сырғанай,
Заман – мерген, адам – бүгін құралай,
мыңмен жалғыз алысатын қаймықпай,
бұл заманға керек боп тұр бір Абай.
Ей, қажының өлең сіңген қара ұлы,
қазақты әлем сен арқылы таныды,
әлі күнге сәуле шашып тұрғандай,
өзің жаққан жыр отының жарығы.
Поэзия – шалқып жатқан көк майса,
Ми – өнімді көп береді тыңайса,
жазу керек ақындарға Абайша,
ал, Абайша жазу керек қалайша?!
Жаза алмадық, ұмтылсақ та құлшынып,
бізге сырын ашпай жатыр тіршілік,
тұңғиықтан жыр – маржанын терем деп,
демі жетпей қалғандар көп тұншығып.
Жылдар өтті, күндер жетті сырғанай,
Заман – мерген, адам – бүгін құралай,
мыңмен жалғыз алысатын қаймықпай,
бұл заманға керек боп тұр бір Абай.
Нагашыбай Кабылбек