Абайла, жемқорлар жанымызда жүр! (Алматы қаласы әкімдігінде А. Ж. Шпекбаевпен кездесуден кейін туған ой)

Алматы қаласы әкімдігі ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А. Ж. Шпекбаевтың қатысуымен өткен Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысына шақырған соң бардым. Бұл басқосуға Агенттік жанындағы арнайы монитория тобы мүшелері, қала әкімі аппарат басшысы, аудан әкімдері және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысып отырғанын баспасөз парақшасынан оқыдым. Қысқасы, қаланың кілең ығай мен сығайлары жемқорлық деген қызыл көз аждаһамен қалай күресу керек, оның жанын біржола жаһаннамға қалай жіберу қажеттігі жөнінде бас қосқан алқалы жиын екен бұл. Өте тамаша! Журналист ретінде қатыссам да, осындағы ең жасы үлкені мен екенмін. Негізінен жиналыстағылар «сен тұр, мен айтайын» кілең жастар. Көз сүйсінеді.

Өзімнің топшылауымша, жиналысқа қатысушылардың 97-98 пайызы қазекең. Жасы үлкен-ау деп, мені ешкім төрге шақырмады. Жиынның аяқ жағынан орын тиді. Мәселе онда емес, ең басты мәселе — еліміздің экономикасы мен байлығын жегі құрттай жеп, жұтатып, ойсыратып бара жатқан мына жемқорлық деген пәлені қалай жоямыз деп бас қатырғандардың әрекеттерінен бір нәтиже шығуы. Бірақ соңғы кезде халық та, тіптен шенеуніктердің өздері де осындай жиналыстардан шаршайтын болды. Себебі нәтиже шамалы. «Шіркін!» — деп ойлайсың осындай бір жиналыстан кейін жемқорлықтың тереңге кеткен тмырларларын түбірімен қарш-қарш шауып тастайтын айбалта — әдіс ойлап тапсақ. Сонда қазір ілдәлдалап өмір сүріп жатқан, жоқшылық қысқан, сіңірі шыққан кедей-кепшіктердің әлеуметтік жағдайлары жақсарып, халқымыз пейіштегідей рақат бір өмір сүрер еді-ау. Мен ойлаймын, бұл тек жалқының ғана арманы емес, Президентімізден бастап, барша елдің арманы ғой.

Жиналыс тура уақытында басталды. Жиналыстың төрайымы сөзін қазақша бастағанда қатты қуандым. Сәт өтпей орысшаға ауысты. Содан баяндамашы ең болмаса сөзінің басын қазақша бастай ма деп үміттеніп едім, ол бірден ресми тілде сайрады. Ендігі үмітім Шпекбаев мырзада еді, ол кісі де сенімнен шықпады. Мақаламның басында жиналысқа қатысушылардың дені қазақ екенін айтқанмын. Өкінішке орай, бұл жиналыста да «Мемлекеттік тіл» деген дардай аты бар қазақ тілін мемлекеттік қызметкерлер есіктен сығалатпады. Осындай үлкен жиналыстарда үнемі ескерту жасап, жанайқайымды білдіретін мен  жұртпен бірге қолымды көтеріп едім, ешкім елемеді. «Қайран қазақ тілім-ай!» — деп, тағы да қаламсабыма жармасып, ана тілімнің жағдайын ең болмаса газет арқылы жеткізейін деп ойладым.

Жоғарыда айтқанымыздай, Алматы қаласының кілең ығайы мен сығайы Астанадан келген Шпекбаев «Не айтады екен?» деп аузын баққандай. Менің ол кісіге риза болғаным жиналыстың соңында берілетін қорытынды сөзін күтпей-ақ бірден баяндамашыға шабуылды бастап жіберді. «Осыншама деректер, оқиғаларды шұбыртып айта бергеннен не ұттық? Тіптен биылды қойып, өткен жылға сапарлап кеттік. Ау, біз оларды, болған жайттарды айтып, бір-біріміздің басымыздың ішін толтыруға жиналған жоқпыз. «Осы жемқорлықты қалай ауыздықтаймыз? Ол үшін не істейміз?»деген сұрақтардың жауабын табуға жиналып отырмыз ғой», — деп, бірден тұқыртып айтып тастады. Тағы бір ескерту жасаған мәселесі де маңызды. Басқармада тәртіптік жазаларды негізсіз мерзімінен бұрын шешу тәжірибесі бар екен. Ол неге сүйенеді? Бұл кешірімнің астарында не жатыр? Жалпы олардың тәртіптік жазаларын алып тастауға бола ма? Шпекбаев мұндай мәселеде басқарманың қатаң болуың, әбден зерттеп, зерделеп барып жүзеге асыруларын тапсырды. Шындығына келсек,  сегіз жергілікті атқарушы органдарда 72 сыбайлас жемқорлық тәуекелі болған. Жаңа бір дерек кімді де болсын таң қалдыратыны сөзсіз. Жемқорлардың темір тырнақты суық қолдары хайуанаттарды да аямапты. 32 млн. теңгені жымқырып, хайуаннан да әрмен әрекетке барғандарға не дерсің?! Көңілді жылытқан жылт еткен жақсы нәрсе — Әдеп кеңесінің мүшелері және Арнайы монитория тобы жарыссөзде ерекше белсенділік танытты. Олардың сын тезіне кәсіпкерлік, білім беру, мәдениет, сәулет және қала құрылыс басқармаларының басшылары ілікті. Әдеп кеңесі өз қатарларында жемқорлықты жоюға шаралар қолдану үшін тәжірибелік ұсыныстар енгізді. Әрине, ниет түзу болғанмен, олардың бұл көтерген мәселелері, ұсыныстары әлі де болса діттеген жеріне жетпей, жемқорлықтың қабырғасын күйретіп кете алмай отырған жоқ па? Мұны тәжірибесі мол, тіс қаққан Шпекбаев мырза жолай ескертіп, сөз найзасын қайта-қайта қадап бір айтса, қорытынды уәжінде тағы да айналып соғып, қопарып жеткізіп еске түсірді.

Маған ең бір ұнағаны — осы отырысқа оппозиция сапында жүргендерді де тартқаны. Олар мемлекеттік қызметкерлер сияқты жоғары билікке жалтақтамай, сөз найзаларын оңды-солды батыл сілтеп, ақиқат жебелерін ондық нүктелеріне дәлме-дәл қадап тигізіп жатты. Әсіресе белгілі қоғам қайраткері  Зәуреш Батталованың мірдің оғындай орынды пікірлері, талдаулары Шпекбаевтың «айызын» қандырып, оларға сөз кезегін ірікпей беріп отырды. Біздіңше, бұл — оң бастама. «Оппозиция, оппозиция» деп олардан қашқақтамай, осындай ортақ майданға шақырып, ақыл-кеңестерін тыңдап отырса артық болмайды.

Сонымен, бұл жемқор деген аждаһа ма, әлде бір көзді дию ме, әйтеуір, тайлы-таяғымызбен онымен қаншама күрессек те, ол қызыл көз пәле жалы күдірейіп, жан-жағын жалмап жұтып, шыдатпай барады. Былай қарасаң, олар да жұмыр басты пенделер. Бас уәзір Серік Ахметов кезінде қандай жақсы адам еді. ҰҚК басшысы болып тәртіп орнатқан марқұм Рахат Әлиев ше? Облыс әкімі Бергей Рысқалиевке «жемқор» деген қара таңба арқасына басылғанмен, Президентіміздің оң қолы болған жоқ па? Олар адал сөйлейтін, халықты басқарып, ұйытып, дана сөздер айтатын. Ең бастысы жемқорлар олардың ата жаулары болатын. Бізбен бірге айқайлап аттандап «Жемқорларды жою керек!» дейтін. Біз оларға сендік. Бірақ, өкінішке орай, аяқ астынан өздері жемқор аждаһаға айналды да кетті. Бәріміз де аң таңбыз. Олардың бұл арам жымқырма істері миымызға сыймады. Яғни жемқорларды алыстан іздемейік. Олар арамызда жүр. Қазір билік  жемқорлық дендеп бара жатқан соң, жемқорларды жамандап немесе сақтандыратын жарнамаларды көпшілік орындарда беріп жатыр, бұл өте жақсы. Олар осы жүректі дір еткізетін ескертулерді естімей жүр дейсіз бе? Естіп, тіптен оған мысқылдап миығынан күліп жүрген шығар. Олар заң орындарында да алшаң басып жүр. Ұсталып та, сотталып та жатыр. Кеше біздің қарапайым қарт оқырманымыз қатты ызаланғаны соншама, «Оларды ату керек!» деп жазды. Қытай жемқорларын халықтың алдына шығарып атып тастайды екен. Ұсақ-түйектерінің қолдарың шауып тастайды. Соған қармастан, оларда да жемқорлар жетіп артылады. Ал біз не істейміз? Дәл қасымызда жүрген жемқорды көрмейміз. Бәлкім, өте қатты байып кеткендердің артынан шам алып түсеміз бе? Мәселен, кейбіреулер зәулімдігіне қарасаң, басыңдағы шәпкің түсер алып-алып үйлерін қалай салды? Қай ақшаға тұрғызды? Оған аса қиын есеп-қисаптың қажеті шамалы. Алатын айлығын, кәсіпкерліктен түсетін табысын шотқа салсақ жетіп жатыр. Содан қазып-қазып жіберсең, жасырған алтыны сопаң етіп шыға келеді. Мемлекеттің құрығы ұзын, шындаса қоймайды. Жақында мен жаяу-жалпылап келе жатып, Алатаудың баурайына салынған алып үйлерді көріп, таң қалдым. Олардың қай-қайсысы болсын миллиондаған ақшаға салынған. Кәсіпкерлікпен айналысты дейін десең, отандық өнімдердің көл-көсір жасалып жатқаны шамалы. Саудадан, алыпсатарлықтан пайда тауып, үй салуға бола ма? Менің достарым бар базарда күні-түні жүрген. Оларда мұндай көп ақша жоқ. Енді мұндай үйді салатын, қымбат машина алатын ақша қайдан келген? Ойлану керек.

Біз емес, қолында күш-қуаты бар мемлекетіміз жақсылап ойлансын. Әйтпесе көзімізді бақырайтып елімізден қашып кетерде ұшақ-ұшақ алтын тиеп ұшқан Храпуновтарға, миллиардтаған долларды қоржынына салып қашқан Әблязовтарға жем болып, аузымыз аңқиып қала береміз. Бұларды шетелге кім жіберді, қалай жіберді? Олар неге жазаланбады? Тіптен түсінбейсің. Яғни кеденімізде де жемқорлардың сыбайластары отыр деген сөз. Жақында тал түсте бір топ адамымыз шекарадан жайбарақат өтіп бара жатқанда қолға түсті. Бір адам қаза тапты. Ал ұсталмағандар қаншама? Миллион доллармен ұсталған, жемқорлығы дәлелденген кеденде істеген бір мықтыны ешқандай жаза қолданбай босатып жібердік. Біраз шуладық. Ал ол бостандықта жүр…

Сонымен, Шпекпаев мырзаға рақмет. Басын тауға да, тасқа да соғып, жемқорларды қалай ұстаудың жолдарын іздестіріп жүр. Біз де біраз ойларымызды ортаға салдық. «Көп түкірсе — көл» демекші, осы айтылып жатқан ойларға, пікірлерге де құлақ салсаңыз, Шпекпаев бауырым! Сізге тағы бір өтінішіміз — қазақ тіліңізге де қамқор көңілмен қарап, орысша сайрағандарға мемлекеттік тілді өзіңіз бастап құрметтеуді ұмытпасаңыз. Бұл, әрине, ағалық өтініш деп ұғыңыз.

Ертай Айғалиұлы