Абайтанушы – романның бас кейіпкері
2022 жылы «Дәуір» баспасынан Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» атты романы жарық көрді. Кітап аннотациясында жазылғандай, бұл роман – ғылыми шығармашылық иесі туралы интеллектуалды туынды. Жазушы шығармасының бас кейіпкері – ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Жазушыны ғылыми айналымға М.Мырзахметұлының ізденісі арқылы енген Абайдың «Толық адам» ілімі қатты қызықтырған екен. Және осындай іргелі танымның мәні мен төркінін, желісі мен жүйесін көзіқарақты қауым мен ғылыми ортаға ізерлі түрде айқындап берген абайтанушы ғалымның өзі де – жазушының ойынша, «біздің заманның кемел адамы».
Мекемтас Мырзахметұлы өзі айқындап мәлім еткен Абайдың «Толық адам» ілімін көпшілікке, тіпті көзіқарақты қауымның өзіне де таныта қоюдың әсте жеңіл болмасын жазушыға нықтай ескертіп, оны қайрай түседі, тіпті ішкі күдігін де жасырмайды: «Абай ілімі деген атам заманнан бері адамды адам етіп келе жатқан адамгершіліктің алтын жүлгесі туралы жыр ғой. Сен осыны тап басып тани алар ма екенсің?» Шынында да ғалым өмірі мен оның ғылыми айналымға алып келген іргелі де тың ілімі туралы интеллектуалды туындыны жазу оңай шаруа емес. Ғалым жүріп өткен адами әрі азаматтық өмір жолы мен ол атқарған бейнеті мол ғылыми ізденісті артықша ақыл, мол білімдарлықпен терең тани түсіп, өмірдің дәл өзіндей шынайы да өнегелі өнер жасау қайдан оңай болсын. Ғылыми таным – ақиқатты ақыл арқылы тұңғыш, алғашқы ашушы болса, көркем дүние – сол бір «дайын» шындықты жандандыра түсіп жүрекпен жеткізу. Және ақылмен танылған күрделі де іргелі таным көркем шығарманың өтімді де жағымды жолы, өзіндік әдіс-тәсілімен Абай аңсаған «сәулесі бар жігіттер» мен «талапты ерге» және барша қауымға біршама жеңіл де жедел жетеді.
Осы орайда ақша мен пайда, нарық пен затшылдық аласұрып алға шығып тұрған бүгінгідей заманда жазушының өзі бір сұхбатында «менің алтын жүлге деп отырғаным адам бойындағы ізгілік» деп жазғанындай, Абай жырлап қалыптастырған сол ізгілікті ілім – «Толық адам» ілімін ғылыми айналымға енгізген ғалым М.Мырзахметұлының өмірі мен ізденісін өнеге ете отырып көркем бейнелеп беру өте орынды ізденіс болған. Роман тақырыбы «Алтын жүлге жыры» деп аталғандықтан да, шығармадағы ой мен оқиға Абай қалыптастырған «Толық адам» іліміне бағытталуы қисынды. Себебі, аталған сұхбатында жазушы: «Алтын жүлге жыры» – ақын-жазушылардың ізгілік пен әділдік жолындағы күрес жыры» деп аса айрықшалап айтқан болатын. Бір ғана әдебиет емес, өнер атаулының бәрі де түптеп келгенде жақсылық пен ізгілікті, өнеге мен әсемдікті ту етіп ұстаған. Әйтсе де, осы жақсылық пен ізгілікті, философиялық іргелі категория тілімен айтқанда «қайырымдылықты» жүйелі де желілі түрде жинақтап, қалыптап, өзіндік таным мен ілімге айналдырып жырлаған ақындар руханият әлемінде көп болмаған.
Ең берісі сонау Сократтан бастау алатын адамгершілік ілімін Абай да терең төркінінен тартып әрі әл-Фараби, Ж.Баласағұн, А.Ясауилердің ізімен желісін үзбей дамытып келіп, өз тарапынан тың таным етіп қалыптастырған. Бұрынырақ М.Әуезов Абайдағы адамгершілік жайын «Нравственная личность» аясында айрықшалай танытып келсе, М.Мырзахметұлы оны ақынның өз сөзімен «Толық адам» деп атаған өзіндік адамгершілік ілімі жазушы Елен Әлімжан романының күретамыр желісі болуға тиіс. Ал Абайдағы осы бір өзіндік адамгершілік ілімі – «Толық адам» ілімін ұзақ жылдар бойы іздене жүріп ғылым мен ел игілігіне айналдырған – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Роман оқиғасы тоқсанға толған қарт кісінің «Таң нұры» атты шипажайдағы емдік демалысын суреттеумен басталады. Жазушы жазғандай, «Мекең ашаршылық пен соғыстардың зардабынан аман қалған бірегейлердің бірі». Өмірдің өрі мен төріне біршама тың қалпымен жеткен ойлы адам – ғалым өткен күндерін қорытып, түйіндеп, таразылап жүргендей көрінеді. Романның ерекшелігі де – басты кейіпкері ретінде ғылым адамын сомдап суреттеуінде. Содан да болар, өткен күндерін ойлай бастағанда ғалым ойына ең әуелі М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Ә.Байтанаевтар оралады. Одан әрі институтты өзімен бірге бітірген жұбайы Бағира екеуінің Өзбекстандағы Жоғары Шыршық ауданына жұмысқа жіберілгендерін еске алады. Роман мазмұны осылайша ой мен оқиғасы араласа келіп, жатық тілмен баяндау арқылы жүйелі жалғаса береді.
Кейін келе көрнекті, бірегей абайтанушыға айналған М.Мырзахметұлы бас абайтанушы М.Әуезовтің көзін көріп, өзімен әуежайда бір сәт тілдесіп те қалған екен. Абай нәр алған Шығыс пен оның ислам дініне қатысына айрықша ықылас танытып, зерттеуін де осы бағыт, осы мазмұнда жүргізбек болған ниетін білдіргенде, М.Әуезов «жолың болмайды» деп тым қысқа қайырыпты. Жазғы каникулда Алматыға арнайы барып, ақыл-кеңесін алмақ болады, алайда маусым айының соңында бас абайтанушы өмірден озады. Кейін ойласа, ғылыми жетекшісі Қажым Жұмалиевтің «Шығысқа барасың ба, басқаға барасың ба, оны келешекте көрерсің, алдымен абайтанушылардың өзіңе дейін не бітіріп, не қылғанын зерделеп ал» деген тегеурінді талабы дұрыс та болыпты. Бұл – Абайға қатысты қай тақырыпты алса да, алдымен орындалуға тиіс қажетті ізденіс екен. Ал «қорғау кезіндегі талас-тартыс Қайымдікінен асып кетпесе, кем түспепті». Себебі «ойран заманның ойнамалы саясатына қарай абайтанушылардың көзқарастары сан құбылғаны» бар. Абайтану тарихын жай ғана тізіп шықпай, сол «құбылған көзқарастарға» саралау жасап, төрелік айту да әсте оңай болмаған. Бедел-биліктің пікіріне қарсы келмеу сол кезеңде әбден орныққан «дәстүр» болып тұрса да, «диссертация жетекшісі Қажым Жұмалиевтің қайрат көрсетуінің арқасында Мекемтас ғылым кандидаты атағына ие болып, ең бастысы, тақырыбын одан әрі жалғастырып әкетуге жолы ашылады».
Институт бітіргеннен кейін қызметін Өзбекстанда бастаған жас ғалым тағы да сонда ашылған институтқа қызметке ауысып кетеді. Шырайлы Шымкенттегідей емес, мұнда оның абыройы жоғары болады: «Қызметін ынта-шынтасымен атқарып, лекциясын да мазмұнды оқып, абитуриенттер мен студенттердің білімдерін әділ бағалайтынынан» болса керек, көп ұзамай проректорлыққа жоғарылатылады, ректордың да міндетін атқарады. Ғылыми жетекшісі Қажым Жұмалиев қайтыс болған кезде, оның лекцияларын оқу үшін Алматыдағы өзі білім алған әрі кандидаттық диссертациясын қорғаған қара шаңыраққа қайта оралады. Ғалым өзгелердей өмірге икемді, пенделік пен дүниелікке бейім болмай шығады. Тегінде бар бекзаттығы мен Абай тағылымы оны ар ұялар іске аяқ бастырмайды. Өз басы алтын жүлге – ізгілік пен ардың жолын ұстанумен «қисық жігіт» атанса, біраз замандастары өз пайдасын ойлаумен-ақ көсемсініп елшіл қалып танытып жүреді. Осындайда «ақылды жаратылыстың мұнысы несі екен» деп қайран қалып қынжылатын, тіпті түңіліп кететін де кездері болады.
Сөйтсе де Аллаға шүкір, еңбекқорлығы мен адалдығын тірлігіне тірек етіп, абыроймен өмір сүріп жатады. Ол патша өкіметінің қазақ елін отарлау үшін қолданған қиянатшыл, қитұрқы саясатын да біршама ерте білген еді. Мұны студенттерге Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығын оқыту барысында іздене жүріп байқап, барлағаны бар. Қазақ елінің батысы, солтүстігі, оңтүстігіне аяр оймен арнайы жіберілген Ильминский, Алекторов, Остроумовтардың зымиян миссионерлікпен айналысқанын жас ғалым өзгелерден бұрынырақ білді және олардың бұзық болмыстарын әшкерелей түсіп кейінірек мақала да жазды. Саясаттың аясынан шығып кетпей «тәтті» сөйлеп жүретін заманда «құлыптаулы» ақиқатты айтып қоятын жас ғалым «лекциясы бар болсын, ғылыммен алаңсыз айналысатын бір жұмыс тауып алсам ғой» деп жүргенде, М.Әуезовке адал дос болған Ысқақ Дүйсенбаевтың қамқорлық танытып тікелей араласуымен Ләйлә Мұхтарқызы басқаратын Әуезов музей-үйіне жұмысқа орналасады. Көңілі біршама орныққан ғалымның ойлана келіп жеткен түйіні мынау болады: «Абайға жол табу үшін әуелі Әуезовті толық түсініп алу керек екен». Бұған дейін көбіне саясат пен идеология жасап берген дайын қалыппен біржақты я байыбына бармай шала қарастырылып келген Абайды ғалым енді осылайша шынайы да терең тануға бет алады. Ал «…Әуезов Абайды терең түсінгенімен заманның қаһарынан ығып, қаламын тежеп отырыпты». М.Мырзахметұлы әр кезде де М.Әуезовті бағдаршам етумен іздене жүріп, нәтижесінде оның «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты аса іргелі зерттеу еңбегі дүниеге келеді.
Жазушы өз шығармасына бас кейіпкері М.Мырзахметұлының ғылыми ізденісін ғана арқау етіп қоймай, оның адамдық, азаматтық болмыс-бітім, өмірінен де біршама деректерді көркем суреттеп жеткізген. Оқырман шығарманың сәті келген тиісті тұсында бала Мекемтастың қандай болғанын көзімен көріп, көңілімен сезіп білгендей болады. Бұл – алдарынан үйірлі қасқырлар шыға келетін қайғылы кезеңнен сәл-ақ бұрынғы сәттің көрінісі: «Кемербастауға қарай Ажарын бауырына тығып, Мекемтасын жетелеп жалғыз келеді… Мекемтасы азамат. Мені де көтер деп қыңқылдаған жоқ. Шаршағанын білдіргісі келмей, анасының етегінен ұстап, томпаң-томпаң басады». Үйлері бұзық туыстың қастығынан өртеніп кеткендегі Зәуре ананың бейнесі де өзіне ғана тән шынайы қалпымен таңғалдырады: «Мұның бәрі үш жасар Мекемтастың есінде жоқ… анасы әңгіме бастағанда көз алдына қызыл жалыны аспанға шапшыған алапат өрт келеді… тұра алмай қимылсыз жатқан әке, баласын бауырына басып қимылсыз тұрған екі қабат ана елестейді. Ешкімді қарғап-сілеместен, шажбаңдап шаужайынан алмастан бар қызылын ішіне тартып бедірейіп тұр анасы».
Асыл ана Зәуре жасынан балаларының құлағына «ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деген ақылын құйып өсіріпті. Әкесі Мырзахмет бала-шағасын зергерлікпен асырапты. Ертеден кешке дейін орнынан бір тұрмай еңбек етіпті. Соның арқасында тұрмыстары да өзгелерден тәуір болыпты. Бала Мекемтастың үш жасында әкесі өмірден өткенде шаңырақтың шаттығы да, тоқтығы да төмендей беріпті. Бас кейіпкер М.Мырзахметұлының өмірлік жары, тірлігінің тірегі мен сүйеуі, жанының жұбанышы болған Бағира апаның бейнесі де табиғи тартымды, жағымды болмысымен көрініс тапқан: «…Бағира мұны бүкіл жан-тәнімен түсінеді. Сондықтан да сәл ғана сәттік әйелдік ренішті «оқысын, білсін, бетіне қарап отырған бала-шағасы мен жұбайының үмітін ақтасын» деген отаналық тілеулестік басып кетеді…».
Азаматы Мекемтас жаны қалаған Әуезов музей-үйіне жұмысқа келгелі ондағы 628 папканы түгелімен оқып тауысқанша тыным таппайды. Абайды танудың төте жолы әрі тура жолы Әуезовті терең тану екенін ұққан Мекемтас мұрағаттардан бас алмай жұмыс істейді.
Адами абзал қалпын сақтап, ғылыми ізденісінде де ерінуді білмей, үнемі бейнеттенумен болған М.Мырзахметұлының өмір жолында ізгілік нұры мен жақсылық шуағын шаша білген абзал жандар біршама мол ұшырасыпты. Ол – Ташкенттен Алматыға аспирантураға түспекке келгенде «ешқайда тентіремейсің, біздің үйде жатып оқисың» деп бауырына тартқан, қамқорлық көрсеткен, ақыл-ой, кісілік тәрбиесін берген Бауыржан Момышұлы. Ол – екінші курс студенті Мекемтасты М.Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхаметхановтың диссертация қорғауына ертіп барған Әбіш Байтанаев. Кейін сол студент диссертациясын қорғап, Шымкент пединститутына қызмет етпекке келгенде, жылы қабақ таныта қоймаған ректорға: «кафедра осындай ғылыми дәрежелі оқытушыға зәру, менің орныма қойыңыз, мен қатардағы доцент болып-ақ жүре берейін» деп жас ғалымға қолдау көрсеткен де – кафедра меңгерушісі Әбіш Байтанаев. Ол – М.Мырзахметұлын Өзбекстандағы Сырдария өзбек-қазақ пединститутына «бөтен» демей қызметке алып, жұмысын ынта-шынтысымен атқарып, лекциясын мазмұнды оқып, абитуриенттер мен студенттердің білімін әділ бағалайтын Мекемтастай қазақ ғалымын проректорлыққа дейін жоғарылатып, тіпті өзі екі жылға докторантураға кеткенінде ректорлық қызметін өзбек ағайынына емес, қазақ М.Мырзахметұлына міндеттеп қалдыратын Әбдінәбиев. Ол – атын атауға болмайтын қиын кездерде Мағжан Жұмабаевты халықтың қалай керемет жақсы көретінін сөз арасына қыстырып жіберетін, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаевтардың еңбектерін атап өтетін, өзімен де сыр тартып жақын сөйлесетін ұстазы Темірғали Нұртазин. Ол – Әуезов музей-үйінің директоры Ләйлә Мұхтарқызына алып барып, Мекемтасқа «ғылымның нағыз қойторысы» деп баға бере сонда жұмысқа орналасуына жәрдем жасаған Ысқақ Дүйсенбаев. Ол – ғылым әлеміне бел шешіп бет алған М.Мырзахметұлының өмірінде ұстазы, ғылымда жетекшісі болған Қажым Жұмалиев. Ол – ғалымның Абай Шығысы мен исламиятқа қатысты тарауы бар іргелі еңбегін сол кездегі саясат пен идеологияға сай келмеуіне қарамастан: «бұл кітаптың редакторы өзім боламын, сіздердің сын-ескертпелеріңіздің бәрін қабылдаймыз, ескереміз» деп, абыройы аспандап тұрған академиктердің «шабуылын» оп-оңай тойтаратын Зәки Ахметов. Ол – сонау алпысыншы жылдары Білім министрлігінің журналында Ғұламаһи Дауани туралы мақаласын жариялап берген кезінен білетін, кейін де пікірлері үйлесіп, жан дүниелері қабысып кеткен жақын досы Құлмат Өмірәлиев.
Ғалым өзінің докторлық диссертациясын Абайдың Шығысқа қатысы мен өзіндік адамгершілік ілімі жайлы бұған дейін жарық көріп қойған монографиясы негізінде қорғамақ болады. Қорғау барысы қайшылықты ойларға ұласып қызу айтыспен өтеді. Алайда, пікір білдіруші ғалымдар біресе атеистік бағытта, я саясаттың ығымен сөйлеп, жұмыстың өзегі мен қасиеті саналар негізгі тарауына тіпті жоламайды. Таңғаларлығы, зерттеу жұмысының абыройы мен жаңалығы дерлік тың тұсы керісінше терістеліп, жұмыстың кемшілігі ретінде аталады. Мұны беделді бір ғалымның мына бір қиғаштау пікірінен көруге болады: «Абайдың исламиятқа қатысы туралы тарау – диссертацияның ең осал тұсы». Сөзге араласқан Ләйлә Мұхтарқызы жарық көрген монографиясымен диссертация қорғау үрдісі бұрыннан барын, ғалым еңбегі докторлық диссертацияға әбден лайық екенін, сондықтан сөйлеуші азаматтардың еңбектің түрі емес, мазмұны туралы пікір айтқандарын қалап, тілектестік ойын білдірсе, Шәмсиябану Сәтбаева бұл әріптесінің пікірін қолдай сөйлеп, соңынан «жұмыстың историографиясын кеңейте түсу керек» деген бір ғана ескертпе ойын білдіреді. Тағы бір ғалым алдындағы пікірін қайталап, өзінің атеизммен уланған, саясатпен сыбайласқан, алайда қорғалатын еңбектің байыбына бара алмаған тым жайсыз, жадағай ойын жайып салады: «…монографияның бір тарауын алып тастағаннан құны төмендемейтін болса, соншама дау тудырып, ұлы орыс халқымен достығымызға көлеңке түсіріп тұрған исламдық шығыс пен ислам туралы тарауын неге алып тастамасқа? Атеистік қоғам құрған Кеңестік Қазақстан ғылымына керегі қанша ондай зерттеудің? Дінді апиынға теңеп әлдеқашан үкімін шығарып қойғанымызда Мекемтас Мырзахметұлы сол дінді қайта бықсытып нені көздеп отыр?»
Ал шындығында Абайдың әлімсақтан айтылып келе жатқан адамгершілік ілімі аясында іздене жүріп тапқан өзіндік «Толық адам» ілімі пікір айтушы ғалым азар да безер болған осы исламдық Шығыс қайнары арқылы қалыптасқан болатын. Және айтылған ескертпелерге жауап ретіндегі қорытынды сөзінде М.Мырзахметұлының өзі де дәлелді, қисынды ойларын баяндай келіп, Абайдың исламиятқа қатысын қарастырусыз еңбегі еш болып, ең бастысы, зерттеуінің өзегі үзіліп, қасиеті кетерін ашына тұрып айтып салады. Кезінде кандидаттық диссертациясын да осы Абайға исламдық Шығыстың әсері жайлы тақырыпқа арнамақ болған, бірақ ол кезде ойын біліп, батасын да алмақ болып тілдескенінде, Әуезов «жанашырлықпен» «жолың болмайды» деп қолдамаған еді. Енді біраз жылдар өткенде өзі емес, сол бас абайтанушы Әуезов ізденістерінің ізімен зерттеп келіп әрі сол арнада дамыта түсіп, адамзат өміріндегі алтын жүлгенің Абай арқылы жаңғырып жалғастық табуын негіздеген бұл зерттеуі, өкінішке қарай, кеңес мүшелерінен қолдау таппайды. Қорғау нәтижесі мұншалық күтпеген нәтижеге тап боларын болжамаған ғалымның жан дүниесі алай-дүлей болып кетеді. Жанына жақындай келе тоқтап Ләйлә Мұхтарқызының «Жасыма» деген жұбату сөзі біршама демеу болады. «Көрдің ғой, қанша тырыссам да бетін бері бұра алмадым бұлардың» деген Ахманқұл сөзі де бойын тіктеп алуына қуат бергендей әсер етеді. Қашанда жанына жалау болып үнемі жанынан табылатын жақын досы – Құлмат болатын. Абайтанудағы тың таным мен жаңалықты ойдың осыншалық ой-шұқыры көп кедергілерге ұшырауы романда шынайы да көркем түрде көрініс тапқан.
Арада біраз жыл өтіп, роман кейіпкері біршама жетіліп, толысқан шағында Түркістанға келеді. Бұған дейін ол докторлық диссертациясын қорғап қойған, Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтындағы іргелі Абайтану бөлімін басқарған. Ал Түркістанға келгендегі арманы – өзі айналысып жүрген ғылыми ізденісінің өрісін кеңейте түсіп, игілікті де ізгілікті ұстаздығымен еліне қызмет ету. Ол заманда аудан орталығы деңгейіндегі қала Түркістанда білім-ғылым өрісін ұлғайтар игілікті іс басталып кеткен, Халықаралық қазақ-түрік университетінің негізі қаланып жатқан. Мұндай ұлағатты да ойлы оқу ордасында атқарылар игілікті іс түйіп айтқанда үшеу болуға тиіс, олар – студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру және ғылыми ізденістің өрісін арттыру. Университетте осы үш салада ұстаз, ғалым, қайраткер М.Мырзахметұлы елеулі еңбек етеді. Түркістанда жүріп Мемлекеттік сыйлықты да иеленеді. Дегенмен өмірде бәрі де ізгі ниетті кісінің қалауымен қайырымды, әділетті бола бермейді.
Дүниенің өзі де адамның ой-ниет, пиғылының ыңғайымен ақ пен қара, жаман мен жақсы, қиянат пен қайырымдылық атты екі әлемге бөлінетіні сияқты ғалым да өмір жолында ұшырасып қалған келеңсіздік пен қайшылықтардан біраз-біраз бұралаңдарға тап болады. Осының бәрі де Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» романында айрықша шеберлікпен көркем жинақталып көрініс тапқан. Роман мазмұнынан түйінделер өзекті ой мынадай: бүгін де бар, бұрын да болған, келешекте де ұшыраса беретін қиындық пен қиянаттарды өмірімізден де, ділімізден де аулақ етіп, тіпті жойып жіберудің жолы бар екен, ол – адамгершілік ілімі, Абайдың «Толық адам» ілімі. Туындының басты кейіпкері балалық шақтан өрелі шаққа дейінгі өмірімен, оқытушылық қызметі, ғылыми ізденісімен де осы бір асыл жолдың қайтпас та қайсар күрескері тұлғасында бейнеленген. Жазушы туындысының табысы да осында деп білеміз.
Мақсат ӘЛІПХАН,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
еgemen.kz