Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі: «Қаламыздың әр бөлігі, әрбір бұрышы тұрғындарымызға жайлы, көрікті орынға айналуы тиіс»

 

Тарихы тереңнен басталатын Орал қаласы жыл санап көркейіп, гүлденіп келеді. Жуырда жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған қала әкімі Абат Шыныбеков көңілден шығар көрсеткіштермен бөлісті.

 

 

Қала қазынасы толығуда

Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласының бүгінгі тынысы, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған шаһар басшысы Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы әлеуметтік-экономикалық өсімге қол жеткізу, тұрғындардың табысы мен жұмыс орындарын сақтау сынды нақты міндеттер жүктегенін атап өтті.

– Дер кезінде қабылданған нақты шаралардың арқасында күрделі кезең қиындықтарына қарамастан қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының маңызды салаларында жақсы көрсеткіштерге, өсудің оң динамикасына қол жеткізе алдық. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қала халқының жалпы саны – 316 544 адамды құрады, ол 2019 жылғы деңгейден 2%-ға көп және облыс тұрғындарының жалпы санының 47%-ын құрайды, – деген Абат Абайұлы әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қала әкімінің айтуынша, облыс орталығының бюджеті жыл сайын үздіксіз өсіп келеді. Бұл – ең алдымен «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асырылуының нәтижесі. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған «2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» белсенді іске асырылып, қалаға бөлінген 15 млрд. теңгеден астам қаражат жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, инженерлік желілерді салуға және абаттандыруға бағытталған.

Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жалпы қазынадағы қаржы 80,8 млрд.теңгені құраған. Сәйкесінше, бұл қаражат 2019 жылғы деңгейден 51%-ға жоғары. Қаламыздағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға ұлғайған. Бұл қаражаттың жергілікті қоғамдастықтың келісімімен ғана бөлінетінін тілге тиек еткен қала әкімі биыл тұрғындардың ұжымдық ұсыныстары негізінде 22 мыңнан астам тұрғыны бар Деркөл кенті әкімдігі құрылғанын мәлімдеді.

 

 

 

Шағын индустриалдық аймақ құру жоспарлануда

Есептік кезеңде қала экономикасындағы инвестиция көлемі 50,9 млрд. теңгені құраған. Бұл – өткен жылғы көлеммен шамалас. Барлық инвестиция көздері есебінен жалпы құны 26,1 млрд.теңге болатын 459 нысан іске қосылған. Бұл көрсеткіш бойынша өткен жылға қарағанда сәл де болса ілгерілеу байқалады. Үстіміздегі жылы 42,9 млрд. теңгенің 51 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, шағын индустриалдық аймақ құру үшін қаладағы Деркөл кенті аумағынан жалпы көлемі 6 га-ды құрайтын екі учаске бөлінген.

Бұдан әрі кәсіпкерлік саласындағы оңды өзгерістерден хабардар еткен қала әкімі: – Дана халқымыздың «Кәсіп – түбі нәсіп» деген тәмсілі бар. Кәсіппен айналысып жүрген азаматтар тек өз күшіне ғана сеніп қоймай, мемлекет тарапынан үлкен қамқорлыққа ие болуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған тиімді шаралардың арқасында бұл сектор шаһарымызда белсенді дамып келеді. Шағын және орта бизнестің қала экономикасының дамуына қосар үлесі қомақты. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы нәтижесінде жыл санап кәсіпкерлер саны өсіп келеді, – деді.

Белгілі болғанындай, облыс орталығында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 68 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қалада тіркелген 30294 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 25301-і белсенді жұмыс жасауда. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ШОК субъектілерімен республикалық бюджетке – 31,2 млрд., жергілікті қазынаға – 18,7 млрд. теңге көлемінде салық түскен.

Кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық белсенділігін арттыру, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын құру және сақтап қалу мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес қаржылық қолдаулар көрсетілуде. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы»

жобасын ілгерілету бойынша жұмыстар жалғасуда. Орал қаласы бойынша 7 326,6 млн. теңгеге 23 жоба мақұлданып, 1,2 млрд. теңгенің төрт жобасы қаралуда. Қаладағы осы тетіктің негізгі әлеуетті қатысушылары – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары.

 

 

 

Жыл санап көркейген мекен

Халықтың басты мәселесі – баспана екені белгілі. Оралда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл соңына дейін жалпы ауданы 76,943 мың шаршы метр болатын 8 тұрғын үйді (1355 пәтер) қолданысқа беру жоспарлануда. Оның ішінде 6 үй (941 пәтер) – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына, 2 үй (414 пәтер) – баспана кезегінде тұрғандарға бұйыратын болады. Ал биыл құрылысы басталатын алты үйді (698 пәтер) келер жылы қолданысқа беру жоспарлануда.

Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде апатты үйлер тұрғындарына арналған 2 көпқабатты тұрғын үйдің (244 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оларды 2021 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Қала басшысы жалпы бүгінгі таңда мемлекеттік бюджет есебінен бір мезгілде 16 тұрғын үйдің (2297 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Жол саласы да – өзекті мәселелердің бірі. Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы – 615 шақырым. Жол жөндеу жұмыстарының ауқымы былтырғыдан екі есеге артты. Былтыр 30 шақырымдық 19 көше жөнделсе, биыл жалпы сомасы 9,3 млрд. теңгені құрайтын 61 шақырымдық 55 көше жолы жөнделуде. Оның ішінде 31 жоба – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында, қалған 10-ы – былтырдан жалғасқан жобалар. Ең бастысы, «ҚПО б.в.» компаниясымен жүзеге асырылған қаладағы маңызы зор «Омега» жол өткелінің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға берілді.

Шаһар басшысы өз баяндамасында жол қауіпсіздігі жайттарын да назардан тыс қалдырмай, адам өмірін сақтауға, жол ережелерінің қолайлылығына бағытталған шараларға тоқталды. Айтуынша, қалада 10 бағдаршам, 12 қосымшалы бағдаршам, жолдарға 50 жасанды кедергі орнатылған, 200 жаяу жүргінші өтпеліне термопластикалық жолақ жапсырылған. Облыс орталығы аумағына қалалық полицияның оперативті басқару орталығына интеграцияланған бағдарламалық сыртқы бақылау камераларының 97 данасы орнатылған. Бақылау камераларын орнату жұмыстары «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша да көптеп қолға алынуда.

Қала көшелерін жарықтандыру да – қауіпсіздіктің басты кепілі. Осыған байланысты көше шамдарын жалпы саны 15184 электрүнемдегіш жарықдиодты шамдармен ауыстыру қарастырылған. Қазіргі уақытта 150 көшенің 7200 жарықшамы ауыстырылып, қалғанын да кезең-кезеңмен ауыстыру көзделуде. Түнгі қаланың шырайын ашу мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті жарықпен безендірілуде.

 

 

 

Көшелерге жаңа атаулар берілді

Баспасөз мәжілісінде қала әкімі еңбек нарығы, білім, мәдениет, спорт, жастар саясаты мәселелерін де сөз етті. Еңбек нарығы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» және «Аймақты дамыту» бағдарламаларын іске асыру барысында бірқатар жұмыстар атқарылған. Ал қаланың білім саласына келсек, сүйіншілер жаңалықтар аз емес. Айталық, биыл Эстетикалық бағыттағы гимназия жаңа ғимаратқа көшсе, №38 мектеп-лицейінің оқушылары да жуырда осындай қуанышқа кенелетін болады. Бұлардан бөлек бір мектептің ескі ғимаратының орнына жаңа нысан салынуда. Облыс әкімінің тікелей қадағалауымен жеке инвестициялар есебінен екі мектептің құрылысы басталған. Осылайша шаһардағы апатты жағдайдағы және үшауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар өз жалғасын табуда.

Жалпы 51 қала мектебінде 56249 оқушы білім алуда. Бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысатын 146 мектепке дейінгі ұйым бар. Пандемияға байланысты өткен жылдарға қарағанда ерекше басталған биылғы оқу жылында 1662 кезекші сыныпта 21151 бала оқып жатса, 32 мыңға жуығы қашықтан білім алуда.

Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру да тасада қалмай, қолданыстағы нысандарды белсенді және тиімді пайдалану үшін «Жұлдыз», «Өркен», «Арай» комьюнити-орталықтары, кітапхана филиалы ашылды. Тарихи шаһардың мәдени өміріндегі ақжолтай

жаңалық – облыс орталығындағы 52 елді мекен, көшелерге жаңа атаулардың, тарихи тұлғалардың есімдерінің берілуі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, қыркүйек айында аталып өтілген «Қала күні» аясында да игілікті іс-шаралар атқарылды. Ал Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жаңартылған Жеңіс алаңында «аспан астындағы музей» жасақталып, әскери техникалар қойылды. Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмірді ұстанушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қаламызда бірқатар спорт нысандары пайдалануға берілді. Ал жастар саясатын жүзеге асыру үшін қажетті барлық инфрақұрылым жасалған. Әсіресе, жас еріктілер, соның ішінде «Орал жастары» волонтерлік қозғалысы белсенді жұмыс жасауда. Қала басшысы әлемді жайлаған пандемиямен күрес кезінде еріктілер алғы шептен көрінгенін атап өтті.

 

Жасыл аймақ

«Қаламыздың әрбір бұрышы, әр бөлігі тұрғындарымызға жайлы, қолайлы, көрікті орынға айналуы тиіс» деген қала басшысы абаттандыру жұмыстарының мән-жайымен таныстырды. Оралда қазіргі кезде аулаларды абаттандыру бойынша 11 жоба қолға алынған. Яғни, үйдің кіреберіс жолдарына асфальт-бетон төсеу, орындықтар мен урналар орнату, ойын және спорт алаңдарын салу жұмыстары қарастырылған. Биыл шаһардағы Тұңғыш Президент алаңы, Абай алаңы, Жеңіс алаңы, Жұбан тынымбағы секілді көрікті орындар жөнделіп, абаттандырылған. Сонымен бірге биыл қала әкімдігі шаһардағы субұрқақтарды күрделі жөндеуден өткізу жобаларын жүзеге асыруда.

– Оралдың жасыл қала ретінде мәртебесін көтеру бағытында көрікті келбетін сақтауға ерекше көңіл бөлудеміз. Қаламыздың тазалығын «Жайық Таза Қала» және «Орал Таза сервис» коммуналдық мекемелері күндіз-түні қадағалайды. Әсіресе, Жайықтың інжу-маржанындай Оралды жасыл желекті қалаға айналдыруға күш салудамыз. Биыл алғаш рет бірден үш жылға келісімшарт жасап, біраз түйінді мәселелердің алдын алдық. Алдағы үш жыл көлемінде қаланы бес үлкен учаскеге бөліп қарастырып, 42 мың көпжылдық жасыл желек отырғызу жоспарда бар, – деді Абат Абайұлы.

Қала басшылығы биыл жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалын қолдау мақсатында 400 млн. теңге субсидия бөлді, бұл былтырғымен салыстырғанда 81 пайызға жоғары. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, электр, кәріздік құбыр желілерін жөндеу, қысқа әзірлік бағытында атқарылған жұмыстармен де таныстырды.

Ақ Жайық аймағындағы тарихи шаһарда тындырылған шаруаларға қысқаша шолу жасаған қала әкімі сөз соңында: – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алдымызда тұрған сын-қатерлерден оралдықтармен бірге күш біріктіре отырып өтерімізге сенім мол. Сондай-ақ іргелі істерді де бірге жалғастыратын боламыз. Табиғаттың таңғажайып мекені – Жайықты жағалаған көне шаһарға көрік беру ісі – қарызымыз, тағзым ету – парызымыз, – деді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы