Абаттандыру жұмыстары пысықталды
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде Ұлытау ауданындағы Әулиетау тауының етегін және Күмісбұлақ пен Тасбұлақ бұлақтарының аумағын абаттандыру көзделген болатын. Ішкі туризмді дамыту мақсатындағы бұл іс-шараларды іске асыру мақсатында нақтылы жұмыстар қолға алына бастады.
Жуырда Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, аталған туристік нысандарды абаттандыру мәселесі бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі уақытта аталған нысандардың жаңа кейіптегі эскиздік жобалар әзірленген. Тек сол игі істерді жүзеге асыру күн тәртібінде тұр. Көшпелі кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ұлттық табиғи парк, әкімдік және «Қазақмыс» корпорациясы арасында осы бағыттағы өзара іс-қимыл тетіктері пысықталды.
Көшпелі кеңесте мәлім болғанындай, жоғарыда аталған абаттандыру жұмыстары келесі жылы жүргізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар жергілікті тұрғындар мен басқа өңірлерден келген туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Кездесудің қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің тиісті құрылымдық бөлімшелері мен Ұлытау ауданының әкімдігіне қойылған міндеттерді сапалы іске асыру және жоғарыда көрсетілген туристік нысандарды абаттандыру жұмыстарын жеделдету бойынша қолдау көрсету жөнінде тапсырмалар берілді.
Ізтай Белгібайұлы.