Әбдіхалықованың әкімдігіне қазақ тілі керек емес пе?
100 пайыз қазақтар тұратын өңірге қазақша білмейтін Сүлейменов пен Тілеповты кім жіберген?
Қызылорда облысындағы халықтың ішінде қазақтардың үлесі 98% екенін көбіміз білеміз. Бірақ облыс әкімінің екі орынбасарының ұлты қазақ бола отырып, өздерінің ана тілі – қазақ тілінде сөйлей алмайтынын көпшілік білмейтін шығар. Мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы әрі республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы ретінде ол лауазым иелерін былтырдан бері ескертім келемін.
Кеше ғана С.Сүлейменов қала әкімі Қ.Қазантаевпен бірге коммуналдық сала бойынша жиын өткізгенде, жиын басынан аяғына дейін орыс тілінде өткеніне куә болдық. Бүгін Н.Тілешевке телефон соғып, өзімді таныстырғанымда, ол менің қазақша сәлеміме «Добрый день» деп: «Менде жиналыс, я потом вам перезвоню», – дегенін естідім. Ал өткен жетіде сөйлескенімде мен қазақша айтсам, ол үнемі орысша жауап берген еді. Мен оған былтыр да, осы жолы да өз қызметіме әрі үлкендігіме сәйкес мәдениетті түрде ескерту жасадым. Дәл осындай әңгіме бұрын С.Сүлейменовпен де болған. Жақында облыс әкімі Гүлшара Наушақызының қабылдауында болғанымда да олар жайлы айтқанмын. Әкім оларға ескерту жасаймын деген. Бірақ олар содан кейін де икемделетін ниеттерін байқатпай отыр.
Бұлар еліміздің тек екі азаматы есебінде орысша сөйлеп жүрсе, оның жарасы жеңіл, бірақ олар үлкен лауазым иелері болғандықтан, онсыз да әлі қазақшалана қоймаған өндіріс, кәсіпкерлік, құрылыс, коммуналдық қызмет салаларының қызметкерлерімен орыс тілінде жиын өткізіп, іс-қағаздары сол екі басшыға бола орыс тілінде жүргізуі бұдан әрі төзуге болмайтын шаруа деп бұлардың мәселесіне ҚР Президент әкімшілігінің назарын аударуды жөн көрдім.
Бұдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары болып Н.Годунова (қазір Есеп агенттігінің төрайымы) істеді. 2013 жылы теңгенің шыққанының 20 жылдығы үлкен залда аталып өтіп, Н.Годунова мен Ұлттық банктің облыстағы сол кездегі басшысы қазақ азаматы баяндамаларын орыс тілінде жасап, жиынның да орыс тілінде жүргізілгенін қаржы саласының ардагері бізге жазған болатын. Мен осыны Н.Годуноваға жеткізгенімде ол кісі: «Менің анам балалар дәрігері болып Батыс Қазақстан облысында істегенде айтатын «Мен ауыл-ауылды аралап, қазақтың балаларын емдеуге барғанымда міндетті түрде олармен қазақша сөйлесуім керек болды.
Сол себепті қазақша үйреніп алдым» дейтін. Менің мамандығым қаржыгер болғандықтан басында қазақ тілі қажет болмады. Ал қазір Қызылордаға келгелі қазақ тіліне қажеттілік туып отыр, сол себепті репетитор жалдап үйреніп жатырмын. Бірақ Қырымбек Елеуұлымен басқа жерлерде де қызметтес болған едім, бірақ ол кісінің өзінің туған жеріне келгендегі жұмыс істеу қарқынына ілесу қиын болып, тілді үйренуге уақыт жетпей қалуда. Міндетті түрде үйренемін», – деп кешірім сұраған болатын. Ал мына қазақ азаматтары өз ана тілінде сөйлей алмағанына қымсынуды да білмей отыр. Мен Н.Тілешевпен бір сөйлескенімде, сіз қазақ тілін түсінбесеңіз оны аударып беретін синхронды аудару аппаратын киіп отырыңыз, әйтпесе, қазақ тілін үйренуге талпыныңыз. Әйтпесе, мен сіздің мемлекеттік тілге деген құрметіңіздің жоқ екенін Президент әкімшілігіне жеткізуге мәжбүр боламын деген едім. Бірақ ол оған мән берген жоқ.
Айта кетейік, бұлар жайлы мәліметті бірер күн бұрын «Фейсбукке» жариялағаннан кейін тіл жанашырлары, ел ағалары, қоғам белсенділері облыс әкімінің екі орынбасарының әрекетіне қатысты ана тілімізге деген көзқарас «Балық басынан шіриді» дегенге сайып жатқанына ашынып, мемлекеттік тілді менсінбеген адамдардың біріңғай қазақы облыстағы басшылық лауазымдық қызметке қалай жайғасқанына таңғалған болатын (төменде солардың кейбірін жариялап отырмыз). Қоғамның талқысына түскен екі шенеуніктің әрекетіне қатысты әзірге 60-қа жуық оқырман өз ұсыныс-пікірін білдіріп, 200-ге жуық лүпіл басқан. Олардың бәрі дерлік мемлекеттік тілді білмей-ақ лауазымды қызметке жайғасқан С.Сүлейменов пен Н.Тілешовке нақты шара көрілуін талап етіп отыр.
Ендігі сөзді ҚР Президенті әкімшілігі мен Қызылорда облысының әкімі Г.Н.Әбдіқалықовадан күтеміз.
Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлы