ӘБИБАҒА
(Жарақаты жанына батса да Париж олимпиадасында
қайтпай күрескен қарындасты жұбату)
Тағдырдағы өзгермейтін қағида –
Қиындықтар қайсарларға табиға!
…Сенің қара көздеріңнен шыққан жас,
Ардың жасы, оны ұғады ел, Әбиба!
Түсінеді аңдағандар аңысын,
Қайсар жандар қамықпайды жан үшін.
Асырады әлі талай асудан
Жүрегіңде от ойнатқан намысың!
Шын мықтылар өзін-өзі қамшылар,
Ездерді өр қалпыңменен жаншып ал!
Текке кеткен емес сірә, мықтының
Жанарынан тамып кеткен тамшылар!
Оңай жолы болған емес асылдың,
Дәлелдерсің биіктігін бәсіңнің! –
Маңғаздардың мақтауына елтімей,
Елемей-ақ жел сөздерін тасырдың.
Жетер жерге жетпей тұрып алқынба!
Аман болсаң, осынау өр қалпыңда –
Баппен шығып биігіне тұғырдың
Қол созасың күліп тұрып алтынға!
Жанға жақын алмай сөздің ызғарын,
Қызғаныштың, кердең ойдың бұз бәрін!
Биіктете берсін тұлғаң, әрдайым
Қажымұқан шыққан елдің қыздарын!
Ахмет Өмірзақ