Әбілдаев: “Ресейсіз Қазақстан ұзаққа бармайды, біздің әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ортақ”
Ресейсіз Қазақстан ұзаққа бармайды. Біздің Ресеймен бөлісетін ештеңеміз жоқ. Бізде 80 пайызы дерлік орыс тілінде сөйлейді, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ортақ». Бұл пікірді экс-депутат Азамат Әбілдаев Sputnik.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.
«Мен Украинадағы арнайы әскери операцияны, Путинді қолдаймын дедім және оныкі дұрыс. Мен бұны саналы түрде айттым. Ойлана алатын адамдардың барлығы не болып жатқанын түсінеді. Егер ұлтшылдарға ерік берсең, олар соғысқа әкеледі. Ресейсіз Қазақстан ұзаққа бармайды. Егер ҰҚШҰ болмаса, онда біз де, Қырғызстан та , Өзбекстан та, бәріміз араб әлемі секілді өртеніп кетер едік. Кім көмектесер еді? Біздің Ресеймен бөлісетін ештеңеміз жоқ. Бізде 80 пайызы дерлік орыс тілінде сөйлейді, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ортақ. Ұлтшылдар тек өздерін жақсы көреді, басқа ұлттарды жек көреді. Қазақстан — көпұлтты ел. Ал одан кейін не болады? Содан кейін азаматтық соғыс болады. Украинада да дәл осылай басталған. Олар да «бір русофоб әңгіме айтып жүр, онда тұрған не бар» деп әншейін бос сөз деп ойлады. Содан кейін майдан болды»,- деді Азамат Әбілдаев.
«Адырна» ұлттық порталы