«Абу Даби Плаза» маңындағы қақтығысқа кім кінәлі? Үндістер ме, әлде қазақ жастары ма?
Күллі мұсылман жұртына ортақ қасиетті Құрбан айт мерекесінің екінші күнінде, Астана қаласының қымбат ауданы солтүстік жағалауда салынып жатқан «Абу Даби Плаза» көп қабатты ғимаратының аумағында жұмыс істейтін үндістер мен қазақтар арасында төбелес болып, ғаламторды бір шулатты. Расын айту керек, шетелдік жұмысшылармен қақтығысу бұған дейін де әр өңірде бірнеше рет орын алған оқиға. Мұның астарынан саясат іздеп әуреге түсуге болмас. Алайда киелі қазақ жерін басып жүрген әр шетелдіктің қай елдің ауасын жұтып жүргенін естен шығармағаны абзал-ау. Ресми ақпараттарға сүйенсек Астананың ең биік ғимараты «Абу Даби Плаза» аумағында болған төбелеске екі жақтан 30-ға жуық адам қатысқан және бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес жай ғана қос тараптың жанжалы көрінеді.
Дегенмен «Абу Даби Плаза» оқиғасына қала әкімі Әсет Исекешовтен бастап, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа дейін араласып, ашу қысқан халықпен кездесіп, істің ақ-қарасын білмекке талпынысы көп жайттан хабар беретіндей.
Ішіп алған үндіс пен күзетші арасында болған төбелестің бұқаралық сипат алуының да астарында не жатқанын білу қиынға соғып тұр. Бір әттеген-айы, «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің аяқталуына 7 күн қалғанда ішіп алған бір үндістің Астана қаласында шу шығарғаны жарамады.
Осы оқиғаға қатысты ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов журналистердің «Бұзақылық жасаған үндістер елден депортацияланады ма?» деген сұрағына: «Оны сот шешеді», — деп қысқа қайырды. Демек, істің ақ-қарасы тиянақты зерттеліп жатыр деген сөз.
Бізге жеткен соңғы ресми хабарда ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мынаны мәлімдеген. «Кінәлілер түгелдей анықталды. Жауап алынып жатыр, бетпе-бет кездесу өткізіп жатырмыз. Көшеде төбелеске Үндістанның 30-40 адамы қатысқан. Сот олардың депортациясы мәселесін шешеді. Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біздің күзетшіні ұрып-соққан Үндістан азаматтарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үндістан азаматтарын ұрып-соққан күзетшілерімізге қатысты да қылмыстық іс қозғалды», – деді ол.
«БІЗДЕ ЕЛ МЕН ЖЕРГЕ ҚҰРМЕТ АЗ»
Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Саудияда 500 мың, Әмірліктерде 400 мың үнді жұмыс істейді. Сондағысы әлгілердің біреуі де жергілікті азаматтардың орнын алмаған – тек олар келіспеген қара жұмыс түрлеріне тартылған. Алайда соңғы оқиғалар желісінде әлде-қайда маңыздысы – араб елдеріндегі үнділер өз орнын біледі, қарсы шықпақ түгілі дүкенге араб кірсе, оған шеттеп жол береді. Неліктен? Сыпайы болғаннан ғана емес шығар. Жергілікті билік, заң орындары кімнің кім екенін әу баста миларына қадап басқанынан. Ендеше арабтарда ауыз ашуға дәрменсіз, жергілікті азамат көзіне тіке қарауға дәті бармас үнді Астанада неге құтырды? Сайып келгенде бұл шетелдіктің олқылығы ма әлде соған жағдай туғызған қабылдаушы ел шенділерінің ісі ме? Ойланарлық.
«ӨЗГЕНІ ЕМЕС, ӨЗІМІЗДІ ЖАРЫЛҚАЙЫҚ»
Әзімбай Ғали, саясаттанушы: Индияда, Бангладеште, Пакистанда қаптаған жұмыссыз, аш-жалаңаш жұмыссыз көп, соларды Қазақстанда қаптату өте зауалды. Араб Әмірліктеріндегі жұмысшы-эммигранттар Шарджа аэропортының отырыс залының жерінде, цемент еденінде ұйықтап жатады, шала ағылшынша сөйлейді, ал бізде шала орысша сөйлейтін болады.
Қыста киім сұрап әлем-жәлем болып көшеде жүреді. Ауырғанын ауруханаға орналастыру керек болады, олар түрлі жаңа ауру таратады, бұрын кездеспеген криминалдық жағдайлар туады. Бейресми ұйымдар соларға тамақ, киім жинайды – бара келе олар соны талап ететін болады. Біраз уақыттан кейін олар отбасыларын, аға-інілерін әкеледі, кейін олардың әйелдері келеді. Оларды қусаң әлем «қазақтың әділетсіздігі» туралы айқай салады. Олар көп істерді халықаралық соттарға беріп үнемі ұтып отырады.
Қорыта айтсақ, пайдасынан зауалы көп болады. Одан да оралмандарды жинайық…