Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Иман негіздері (1-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оған риза болсын) былай дейді:

Ардақты шәкірттерім және бауырларым біліп жүріңдер,  шынында «Әһлу сүннә уәл жамағат» жолы он екі пунктен тұрады. Кімде-кім осы пунктерден ауытқымаса, адаспайды (бидғатшы болмайды), тура жолдан таймайды.

Осы он екі пункті берік ұстаныңдар. Сонда мырзамыз Мұхаммедтің (салләЛЛаһу алейһи уәссәләм) шапағатына қол жеткізесіңдер.

1.Иман дегеніміз — тілмен айтып, жүрекпен нану (растау, құптау, яғни «тасдиқ»).

Түсіндірме:

Иман (إيمانّ) дегеніміз — сөздік мағынада «растау, нану, илану» дегенге саяды. Юсуф сүресінде «Сен біздің айтқандарымызға, нанушы емессің (мүмін емессің)» деген аятта, иман сөзі — «растау, нану, илану» мағынасында қолданған.

Кәләмші (теология) ғалымдарының берген анықтамасы бойынша иман, ол – Мұхаммед пайғамбардың Алладан жеткізген дүниелерін жүрекпен растау (құптау, нану) болып табылады. Оны бір сөзбен «жүрекпентасдиқ ету» дейді.

Тасдиқты ғалымдар былай түсіндіреді:

«Тасдиқ деп — дін үкімін мойындау, оны қабыл ету және оны растауды айтамыз».  

Яғни, Алланың барлығына, бірлігіне және  періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақірет күніне, тағдырға сенсе, сондай-ақ намаз оқудың парыздығы, шарап ішудің, зина жасаудың, риба-өсім жеудің харамдығы сияқты бұлтартпас дәлелдермен бекітілген дін негіздерінің шын екендігін мойындап, олардың ақиқаттығын жүрекпен растап, соған нанған кісі мүмін — мұсылман.

Демек иманның негізі – жүрекпен нану (растау, құптау) болып табылады. Алайда, адамның ішкі  жан-дүниесі Аллаға мәлім екені белгілі. Сондықтан, әлдебіреуді мұсылман ретінде санауымыз үшін және оған мұсылманша мәміле жасауымыз үшін (мысалы, мұсылман қызбен некелесу, қайтыс болғанда мұсылманша жерлеу т.б.), іштегі сенімін сыртқа білдіруі қажет. Ол нәрсе тілмен айту арқылы жүзеге асады.     

Имам Матуриди бұл жайында былай дейді:

«Негізінде иман — жүрекпен растау болып табылады. Алайда, жүректегі нәрсе бізге жасырын болғандықтан оны анықтау мүмкін емес. Сондықтан шариғат жүректегі сенімді сөз жүзінде білдіруді керек етеді. Ол нәрсе осы дүниеде мұсылманға қатысты шариғи үкімдердің орындалуы  үшін қажет. Ендеше, жүрегімен сеніп, бірақ тілімен айтпаса, ол адам Алланың алдында  мүмін-мұсылман. Себебі, Алла жүректегіні жақсы білуші. Әйтсе де, осы дүниеде мұсылманға қатысты шариғи үкімдердің оған қатысы жоқ. Өйткені біздің назарымызда мұсылман ретінде саналу үшін, жүректегі иманды тілмен де айтуы тиіс. Біз сыртқы көрінісіне қарай үкім береміз, ішкі жан-дүниесі Аллаға мәлім». 

Демек, иман екі негізден тұрады: Тілмен (өмірінде бір рет) айтып, жүрекпен растау.  Кімде-кім жүрегімен нанып, бірақ (себепсіз) тілімен айтпайтын болса, адамдардың назарында ол мүмін-мұсылман емес. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа:
Тек тілмен айтып қана қою – иманды болуы үшін жеткіліксіз.  Өйткені ондайды «Иман келтіргендік» деп есептеген жағдайда, мұнафиқтардың бәрі мүмін, иманды болып саналатын еді. Алла Тағала мұнафиқтар жайында: «Алла куәлік етеді, мұнафиқтар нағыз жалғаншы», — деген (Мұнафиқун сүресі, 1 – аят). 
Тура сол сияқты тек  «білу» де (хабардар болып, бірақ сенбесе) иман келтіргендік емес. Әйтпесе, кітап иелерінің (христиан, яхуди) бәрін мүмін-мұсылман дер едік. (Өйткені олар Мұхаммедтің пайғамбар екенін біледі, бірақ мойындамайды, жүректерімен растамайды). Кітап иелері жайында Алла тағала: «Бізден кітап барғандар (кітап иелері) өздерінің ұлдарын қандай білсе, (Мұхаммедтің сипатын) сондай біледі…», — деген. (Бақара сүресі, 146-аят)

Түсіндірме:

Біріншіден — Иман екі негізден тұратыны жоғарыда баян етілді. (Өмірінде бір рет) тілмен айту және жүрекпен растау. Іштей сенбей, тек тілімен ғана айту — адамды иманды етпейді. Өйткені иманның негізгі орны – тіл емес, жүрек. Құранда: «Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. Оларға былай де: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «бой ұсындық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді…», — дей келе осы ақиқат баяндалуда. (Хужурат сүресі, 14-аят). 

Ондай адам біздің назарымызда — мұсылман, бірақ Алланың алдында — кәпір. Жазасы — (егер осы дүниеде тәубеге келмесе) мәңгі тозақ.  

Ертеректе «Кәррамия» атты ағым болған. Олар: «иман келтіру үшін жүрекпен сену шарт емес, тілмен айту жеткілікті», — деген. Бұл тұжырым шынайы Ислам түсінігіне қайшы болғандықтан Имам Ағзам арнайы осы мәселені тілге тиек етіп отыр.  Егер тілмен айту жеткілікті болғанда, Алла тағала ондайларды «өтірікшілер» деп қатты сынамас еді: «Алла куәлік етеді, мұнафиқтар нағыз жалғаншы» (Мұнафиқ сүресі).

Екіншіден – Исламды біліп, танып бірақ оған сенбесе, оның негіздерін қабыл етпесе, ол мүмін-мұсылман емес. Мұсылман емес адам Ислам туралы зерттеп, дініміз жайында көптеген мағлұмат жинауы мүмкін. Бірақ, бұл әрекеті оны мүмін-мұсылман етпейді. Жүрегімен ақиқаттығына нанып, оның растығын қабыл еткенде барып, иман келтірген болып саналады.

Ертеректе бой көрсеткен мұғтазилит ағымының білгірлері Жәһм мен Хусәйн ас-Салихи: «Кісі дін негіздерін білу арқылы да иманды бола алады», — деген.   Олардың бұл пікірлері Исламға қайшы келгендіктен Имам Ағзам жоғарыда аталмыш мәселеге назар аудартуда. Яғни, иманды болу үшін тек білу, тану жеткіліксіз, іштей сеніп, ақиқаттығын мойындауы тиіс деп отыр… (Жалғасы бар)

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.әл-Бәбәрти – Шарху Уасыяти Әби Ханифа 
2.Мулла Алиюл Қари – Шархул Фиқһил Акбәр 
3.әл-Ғазнәуи – Шарху ъақидатил Имам Ат-Тахауи 
4.әл-Бәбәрти – Шарху әл-Ъақитатит Тахауия 
5.Тафтазани – Шарху ъақидатун Нәсәфия  
6.ас-Сабуни – әл-Бидая

Абдусамат Қасым