АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАСИЕТІ………

Шақшақ Жәнібек тарханның түсі:
Оны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Абылай хан» атты әңгімесінде жазып қалдырған.
Бір жылы қалмақтың ханы Цэван Рабдан Абылай ханға кісі салып, өзінің жекпе-жекке бір батырын шығаратынын, ол Абылайдың батырын жеңіп шықса, қазақ ханы малдан, жаннан екі қолын төбесіне қойып безіп шықсын.
Ал менің батырым жеңіліп қалса, мен солай жасайын, деп шарт қояды. Абылай хан қартайыңқырап қалса да Шақ-шақ Жәнібек тарханды жекпе-жекке шығармақ болып, оған дайындал дейді.
Сол түні Жәнібек батыр түсінен шошып оянып, оны жорыту үшін Абылай ханға келеді. Абылай хан Жәнібек батырдың қандай түс көргенін айтқызбай-ақ біліп қойған екен.
Ол Сейіс деген атқосшысын шақырып алып:
— Нар қызыл атымды есік алдына алып кел, — дейді де, аты есік алдына көлденең тартылғанда Жәнібек батырға қарап: — Жай қолыңды, — дейді. Жақсы түске де – садақа, жа-ман түске – де садақа.
Жаратқан Ием, батырдың түсін мен қалай жорысам, сен соған қабыл ет!
Абылай хан атты сойдырып, етін табан астында таратып жібереді де, батырдың түсін сұрайды.
Сонда Жәнібек батыр былай дейді: — Түсімді айтсам, қалмақпен жекпе-жекке шыққан екенмін. Екеуміз шартпа-шұрт шайқасып қалғанда, ол мені найзасымен шаншып түсірді.
Кеудеме атша мініп, тамағымнан орып жіберуге оңтайланғанда, кеудеме қарасам, оң емшегімді бір айдаһар жылан, сол емшегімді бір айдаһар жылан еміп жатыр екен, шошып ояндым. Сонда Абылай хан:
— Түсің түс-ақ екен, — дейді. Түсіңде сені шаншып түсірсе, өңіңде сен шаншып түсіресің. Түсіңде ол сенің кеудеңе мінсе, өңіңде оның кеудесіне сен мінесің.
Оң емшегіңді емген айдаһар өзіңнен бір қыз туып, одан туған жиенің – айбынды ер болады.
Ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің – ту ұстап туады екен. Өсіп-өнгелі тұрсың, батырым. Мына жекпе-жек сенің даңқыңа даңқ қосады.
Расында сол жекпе-жекте Жәнібек батыр жеңеді. Сол сәт
Қалмақ батыры:
— Түнде түсті сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім-ау, алып табан астына салып едім-ау.
Тек әттең, сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым жақсы айта алмағандықтан, сенің мәртебең асып кетті-ай… деген екен.