Абылай Мырзахметов 0 пайыздық несие беруді ұсынды

Экономиканың дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы дайындалып жатыр.  

 

Эконономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қатысқан Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов төтенше жағдай режимінің микро және шағын бизнеске қандай шығын келтіргенін егжей-тегжейлі баяндады. Карантиндік шектеулер әсіресе қонақ үй мен мейрамхана иелеріне, бөлшек сауда нысандарына ауыр тиген көрінеді. 735 мың адамды жұмыспен қамтып отырған саланың табысы карантин кезінде 44,7 пайызға түскен. Ал қонақүй, мейрамхана, дәмхана иелері бұл кезеңде 52,6 пайыз табыс жоғалтқан. «Бұдан бөлек көлік, тұрмыстық қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар, ойын-сауық орындары да 10-36 пайыз көлемінде табысынан айырылды.  Сонда қазіргі таңда 1,3 млн адамды жұмыспен қамтып отырған 838 мың микро және шағын бизнес нысаны банкроттың алдындағы қиындықтармен күрсеуде деп айтуға болады», — деді ұлттық палата өкілі. Оның сөзіне қарағанда карантиндік шектеулер алынғанымен, бұрынғы қарқынға оралу әзірге мүмкін болмай тұр. Сауалнамаға жауап берген 16 мыңнан астам кәсіпкер 20 мамыр мен 2 маусым аралығында табыстары орта есеппен 30 пайызға түсіп кетті деп жауап берген. Осының салдарынан алдағы бірнеше айда көптеген кәсіпорын жұмысшыларын қысқартуы мүмкін екенін мойындаған. «Біз екі нұсқа ұсындық. Ресейдің тәжірибесін көріп отырмыз. Зардап шеккен бизнес нысандарына жұмысшыларына айлық төлеуге нөл пайызбен несие береді де, бір жылдың ішінде жұмысшылардың 90 пайызын сақтап қалса, борышты толығымен кешіреді. Әрине мұның да өз тәуекелі бар. Бөлінген қаржы тиімді игерілмеуі мүмкін. Әкімшілік қиындықтар туындауы да ғажап емес. Бірақ 800 мыңнан астам бизнес нысанын қолдаусыз қалдыра алмаймыз», — деді Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҰКП Үкіметке жұмыспен қамту шараларына мониторинг жасайтын бірыңғай ситуациялық орталық құруды ұсынып отыр. Абылай Мырзахметов мұндай орталық барлық өңірлер мен министрліктерден, кәсіпорындардан түсетін ақпараттарды бір арнада тоғыстырып, нақты жағдайды бағамдауға мүмкіндік береді дегенді айтты. Ұлттық палата да оны құруға күш салуға дайын көрінеді. «Біз бұл тұрғыда жеке меншік ресурстар мен мемлекеттік ресурстардың бірлесіп жұмыс істейтін кезі келді деп ойлаймыз. Еnbek.kz, HeadHunter, Naimi.kz сияқты ақпарат алаңдары бар. Солардағы бос орындар мен жұмыс іздеушілерді, уақытша жұмыссыз қалғандарды тоғыстырып, жұмыссыздық мәселесін шешуге болады», — деді ол. Ұлттық палата өкілі кәсіпкерлер несие төлемін шегеру мерзімін ұзарта тұрса деген өтініш айтып жатқанын да жеткізді. «Кәсіпкерлердің көбі жұмыстарын бастағандарына екі-ақ апта болғанын айтуда. 15 маусымда несие төлемін шегеру мерзімі бітеді. Ал оларға айлық төлеп, салық аудару, несие өтеу дәл қазір өте ауыр. Бизнес несие төлемін шегеру мерзімін соза тұру мәселесін көтеріп отыр», — деді Абылай Мырзахметов

 

Есжан Ботақара