Абыр-сабыр, сыбыр-күбір

Көктем келді! Қыс мезгілімен салыс­тырғанда, театрға келушілердің қарасы әдеттегіден көбейе түсетін шақ. Спек­такльден кейінгі дәлізді жай­лаған кө­теріңкі көңіл, жарқын-жар­қын күлкі… Көріп көз қуанады. Әйтсе де, театрға келетін сол көрермен қойы­лымға келумен қатар, театрда жүріп-тұру мәдениетін қатар игерсе деген бір игі тілек қылтияды көңіл түкпірінде…

Мұндайда К.Станиславскийдің әйгілі сөзі оралады ойымызға. Иә, қай тұрғыдан қарасақ та, «театр мәдениеті киім ілгіштен басталады». Ол мейлі сыртқы көркемдік болсын, мейлі рухани ішкі жан-дүние сұлулығы болсын. Рас, бізде Ресей, болмаса Еуропа театрларындағыдай көрермен ай бұрын билет алып, психологиялық тұрғыда арнайы дайындалып келетін аса бір зиялы мәдени орта қалыптаса қойған жоқ. Өнер ордасына бас сұғатын зиялы қауымның да қатары сирек. Театрға келетін көрерменнің интеллект деңгейі әр түрлі. Сондықтан болса керек, шымылдық ашылып, қойылым басталып кеткеннен кейін де, көрермен залының есігі сан рет ашылып, дәл сонша мәрте жабылады. Есікпен бірге залда отырған сіздің де ойыңыз сан тарапқа шашырап үлгереді.  

pravila-povedenija-v-teatre

Жақында Италияның Рим опера театрына жолымыз түсті. Вальтер Скоттың әйгі­лі «Ламмермурлық қалыңдық» туын­­дысының желісі негізінде сахна­ланған «Лючия де Ламмермур» трагедиясын тамашалауға жиналғанбыз.  Сонда бізді актерлердің өнер көрсету шеберліктерінен бұрын, италиялық көрерменнің театрға деген құрметі һәм мәдениеті таңғалдырды. Мұнда көрермен театрға қойылым басталардан кемінде сағат бұрын жиналады екен. Театр әкімшілігінің келген көрермендер үшін арнайы дайындап қойған мәмпәси тектес тәттілерінен дәм татып, емен-жарқын әңгімелесе жүріп, қасындағы серігімен бірге сәні мен салтанаты келіскен ғимарат ішін асықпай аралап, көрермен залына өтеді. Киім киіс, жүріс-тұрыс, өздерін театр ішінде ұстау мәдениеті де өзгеше.  Спектакль көруге емес, бейнебір тойға, маңызды мәдени шараға келгендей, бар жақсысы мен бағалысын тағынып, осы бір сәтке ұзақ дайындалғаны байқалады.

Хош! Сонымен, қойылым бастала­­тындығы хабарланып, билетте көр­сетілген уақытта шымылдық ашылып, қойылым бас­­талып кетті. Есік тарс бекітулі. Антрактіге дейін сыртқа шық­қан немесе ішке ентіге кірген бізде­гідей тынымсыз көрерменді мүлдем көр­мейсіз. Ұялы теле­фонның бейуа­қытта шырылдауы деген ұғым сырт­қы киіммен бірге киім ілгіштің қасында қалғандай…

Театр іші көрерменге лық толы. Бірақ, алып залда – қойылымды  тек жалғыз өзіңіз тамашалап отырғандай ғаламат бір тыныштық орнаған. Өз-өзіңізбен іштей сырласуға таптырмас мүмкіндікті театрдан табасыз. Міне, рухани демалыс! Жаныңыз рахаттанады. Сол үшін жағдай жасалған мұнда.   Осы бір керемет әсерден шықпаған қалпы, ойша өз театрларыңызды көз алдыңыздан өткізіп үлгересіз және екі ел арасындағы мыңдаған шақырым қа­шықтық секілді, театр мәдениеті ара­сындағы ұшы көрінбес алшақтықты байқайсыз.

Мәселен, біздің театрлардағы ең үл­кен кемшілік – театрдың дәрежесі мен көрер­меннің жас ерекшелігі арасындағы арақатынастың көп жағдайда ескеріле бермейтіндігі. Алдын ала бекітілген жоспарды орындау үшін ой ауқымы күрделі психологиялық драмаларға  мектеп оқушыларын залға қинағандай әкеледі де, оны түсінуге жас көрерменнің танымы жетпей, соның салдарынан да шымылдық ашылып, қойылым басталып кетсе де, залда күбір-сыбыр бәсеңдемей, керісінше, үдей түседі. Ұялы телефонды сөндірмей залға кіру – әу бастан қанымызға сіңген «қасиет», қанша мәрте ескертіліп жатса да, шешілмейтін түйткіл. Сахнада «жаңа күннің жыл құсы» – Әбішінен айырылып, Абай қайғы басып, қан жұтады, болмаса Қарагөз жынданып, аласұрып жатады – біздің көрермен әлі әңгімесін тыймайды. Себебі, ішкі ойы спектакльде емес. Сенбесеңіз, арнайы бақылау үшін ең соңғы орындықтың біріне отырып, сырттай қойылым уақытындағы залдың атмосферасына көңіл қойып көріңізші. Күмән жоқ, сөзімізді растайсыз. Әне, спектакльдің бірінші актісі аяқталуға жақын қалды, тағы бір көрермен залға ентігіп кіріп, өзінің кешіккенімен қоймай, тұтас бір қатарда отырған қойылым қонағын тік тұрғызып, билетте белгіленген орнын іздейді. Залдың ғана тынышын кетірсе жарасы жеңіл ғой, сахнадағы актер ойынына өз залалын тигізіп, кейіпкердің де көңіл күйін күл-талқан етеді. Мәсе­лен, спектакль басталатын уақыттан 5 минут кешікті ме, көрерменді залға кіргізу тоқтатылу керек. Бір кешігеді, екі кешігеді, бірақ түбінде уақытымен келуге үйренеді. Өйткені, ол өзінің кешіккенімен қоймай, театрға уақытымен келіп, рухани азық­тануды көздеген келесі адамның тынышын кетіріп, ойын бөледі. Осындайда қойылымнан соң әр көрерменнің қолына К.Станиславскийдің кітабын қолтықтатып жібергің келеді… Бірақ кітап не өзгертеді. Ең алдымен, ішкі мәдениет керек!

Назерке ЖҰМАБАЙ,

өнертану ғылымдарының магистрі