АБЫРОЙДЫ ТӘКӘППАРЛЫҚТАН ІЗДЕП ЕДІМ, КІШІПЕЙІЛДІЛІКТЕН ТАПТЫМ……
«Бір күні мен Басра қаласының көшесінде бір тақуа жігітпен бірге келе жатыр едім. Алдымыздан дәрі сатып отырған бір кісі көрінді. Оның айналасына бір топ адам жиналып қалыпты.
Әрқайсысының қолында бір-бір құты бар. Өздеріне керек дәрілерді сұрап, құтыларға құйып жатыр екен.
Қасымдағы жігіт әлгі сатушы кісіге барып: «Ей, дәрігер! Сенде күнәларды кетіріп, жүректерді тазартатын дәрі бар ма?» – деп сұрады.
Сонда сатушы дәрігер: «Мұнда кел. Менен он түрлі нәрсені сатып ал. Біріншіден, кедейлік ағашының суы мен кішіпейілділік ағашының суын сатып ал. Оларды тәубенің ем суымен араластыр.
Содан кейін Раббыңның разылығының диірменіне сал. Сосын қанағаттың сүргісімен жон. Тақуалықтың қазанында қайнат. Оған ұяттың суынан қос. Оны махаббат отымен қайнат.
Содан кейін оны шүкірлік құтысына құй. Үміт желімен салқындат. Әлхамдының (Аллаға мадақ) қасығымен іш. Егер сен осы айтқанымды істесең, осы дүниенің де, ақыреттің де барлық дерттерінен аман боласың» деді».
(Хасан Басри).
«Ұлық Алла үнемдегенді бай, ысырап жасағанды кедей етеді, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем етеді), тәкаппардың сағын сындырады».
(Мұхаммед Пайғамбар).
Алла Тағала Құранда кішіпейіл адамды: «Рахманның құлдары жер бетінде сыпайы түрде жүреді…» («Фұрқан сүресі», 63-аят) деп сипаттаған.
Хақ елшісі: «Кішіпейілділіктің басы – кездескен адамыңа бірінші болып сәлем беруің, сәлем бергенге жауап қайтаруың, мәжілістің шетінде отыруға болса да разы болуың, мақталуды, нәпсіңді қорғаштауды, істеген жақсылықтарыңның жариялануын жақсы көрмеуің» деген.
«Дін ұстансаң, топырақ болып, аяққа илен». (Мәшһүр Жүсіп).
*ҚМДБ сайтынан алынды
Гүлмира Амалбекова.