Абыройдың ақ жалауы
Бәріміз де шал болармыз… Әйтеуір қоғамға, халыққа кесір тигізбесек болар. Ол да абырой.
Ойыма қазақтың шау тартқан екі ақсақалы түсіп отыр. Мұқтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов.
Бұларды қатар атаудың да жөні бар. 1991 жылы 4 қазанда екеуі бірігіп Халық конгресі партиясын құрды. Әрине, сол кезде екі жарылуға әзір тұрған қос тілді қауымды қосақтастырудың да бір жолы болғандықтан, билік тарапынан нұсқау болғаны құпия болмас. Мәселе бұлардың саясатпен айналысқанында емес, біреуі -көл мінезді, біреуі — тау мінезді, біреуі — қазақ тілді, біреуі — орыс тілді бола тұрып біріккеніне өз басым ырза болғам. Өйткені, бұл екіге жіктелген қазақты біріктірудің тарихи үлгісі еді.
30 жасар мен де олкезде Сәбетқазы Ақатай бастаған Республикалық партия төрағасының орынбасары болып сайланған тұсым. Ол кез елдегі романтикалық демократияның басталған кезеңі, кім қанша партия құрам десе де еркі, құр да сайлауға түс дегендей ахуал.
Айтпақшы, Қазақстанның совет одағының жұртында қалған кезі, басқасының бәрі тәуелсіздіктерін жариялап бөріктерін аспанға атып елдікті бетке алған шағы ғой. Кейін 25 қазан да біз де ұялған тектұрмас дегендей Азаттық декларациясын жариялап тынғанбыз.
Айтайын дегенім, саясатта пендешілік деген аз болмайды. Сол 4 қазан күні біздің партияның да, Халық конгресінің де құрылтайы қатар өткен. Кейін білдік, біздің біраз ұр да жық жігіттер барып, Халық конгресіне кірген адамдарға бөгет жасап, қоқан-лоққы көрсетіп, партияға кірмеуін талап етіпті. Әрине, көргенсіздік, ұят. Кімнің қай партияға кіргенінде не шаруа бар? Тіпті сол кезде біздің«Азат»қозғалысының атқарушы директоры болған Марат Шорманов ағамыз да Конгрестен бір шықты. Ол — оның азаматтық позициясы, өз еркі.
Содан ертеңіне апа-сапа болғасын, қасыма белгілі фольклорист Мардан Байділдәнің шәкірті – Бекарыстан Мырзабаевты ертіп Мұқтар ағамыздың кеңсесіне тарттым. Кешірім сұрау үшін. Мұқаң ешкімді жатырқамайды ғой, барсам біршама жігіттер отыр. Таныстық. Ішінара жағдайды айтқан болып біраз отырдық. Олжекең де болса екен деген ойымды білгендей ол кісі де кіріп келді. Бәрі көңілді. Партия съезі өтті. Қос ағамыз партияның қос төрағасы болып сайланған. Содан өзімізді таныстырып, «Азат» қозғалысы құрған Республикалық партиясынан екенімізді жеткіздім. Сөздің орайы келгенде кешегі болған жағдайды айтып, партия атынан кешірім сұрауға келгенімді айттым. Мұқаң ұшып тұрып көлдей құшағын ала жүгірді, мен де айдын көлге сүңгіп кеттім… «Айналайын!» деді. Олжекең де асықпай орнынан тұрып жатыр. Таудай биік бойын тіктеп ол да құшақтады…
Біздің қоғам қазыр жіктелісті ғана есте ұстап, жарқын сәтті кейінге ысырып жатқандай әсер бар. Ол дұрыстау нәрсе емес. Өз басым тіл үшін Олжекеңмен талай жерге барғам. «Жас алашта» да арнайы мақаламен қарсы тұрдым.Бірақ ойымда ешқашан жауығу, жеке басына тіл тигізу тұрған жоқ. Тіпті, менің саяси ортаға түсуіме «Невада-Семей» қозғалысының тікелей ықпалы бар, облыста оның филиалын құрудан бастап қоғамдық ортаға шыққам. Соңғы жылдары Экоальянста қайта біріктік.
Айтысуға, тәжікелесуге, тартысуға болады. Бірақ аға буынға қарсы тәлімнен тыс қарсыласу белгілі бір дәрежеде қарғыс болып өзіңе қайтатынын ұмытпауымыз керек. Ата-бабамыз шалдарды «ақсақал» дегенде олардың кейінгі ұрпаққа бұрын өткен Уақыттың өнімі екенін алға тартып отыр. Ол уақыттың бойында бүткіл бір дәуір мен соған сәйкес кие-энергия бар. Сонда аға буынды жағадан алу дегенміз — Жаратқанның еншісіне өткен Уақытпен жағаласу екен.
Шын мәнінде Желтоқсан оқиғасы тектен текке болған жоқ, оған дейінгі Олжастың «Аз и я»-сы болсын, Мұқтардың рухты дастандары болсын алғышарт жасады. Біздің буын осылармен рухтанып өстік, есейдік, марқайдық. Сосын аспаннан осы күйімізде түскендей күй кештік…
Олжас Қарағұлов (Сүлейменов) сценарийін жазып, өзі киноматографияны басқарып тұрған кезінде Амангелді Тәжібаевқа түсірткен «Ақырғы аманат» фильмін кеше ғана «Еларнадан» тағы қарадым. Мүлдем басқа әсер, басқа таным. Киноның әсері қандай болуы керектігін еске салды. Нағыз рухани тояттау! Диалогтары қандай! Контекстер… Қаншалықты құлдырағанымызды, құндылығымызды қаншалықты таптап жатқанымызды біліп төбе шашым тік тұрды. Идеологиялық құрсау дәуірінің өзінде айта білу, атой салу, айтқыза білу қандай шеберлік пен батылдық! Осыны сезсек, дабырадан бас тартар едік…
Бұл әңгіме соңғы кездегі әлеужелідегі осы тұрғылас қарттарға қарай лақтырылған тастарға қатысты болып отыр. Әрине, олар замандас ретінде өзара қандай қатынаста болуы — өздерінің шаруасы, бірақ кейінгі ұрпақ соған ілесіп, бір тарапты бетке алып,ақсақалдарды өзара жауықтыруға қақымыз жоқ.
Әлбетте, халыққа,мемлекетке, қауымға кесірі мен залалы тиген адамға жасына да, абырой-атағына да қарамай жазасын беру – басқа нәрсе.
Ақсақалдарымыз абыройдың ақ жалауы болып қала бергей.
Серік Ерғали
2018ж