Абыз АНА мәңгілік мекеніне аттанды…

«Жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай»,- деген ертеден келе жатқан жақсы тәмсіл бар. Осындай сөз кеше, қаңтардың 21-ші жұлдызында 98 жасқа қараған шағында бақилық болған абзал ана Зейнеп Кариева сынды аналарға арналғандай.

Нығматулиндер әулетінің отанасы Зейнеп анамыз  Зайролла атамызбен  60 жыл отасты. Зайролла ақсақал  соғыс ардагері, еліне елеулі жан еді. 2013 жылы өмірден өтті. Екеуі  сыйластықта өнегелі өмір сүрді. Өткен ғасырдың тауқыметін бірге тартып, ел басына түскен қиын-қыстау заманның бейнетін елмен бірге көре отырып, тәлімді ұрпақ өсірді.  7 бала, 19 немере және 30 шөбереге берген тәлім-тәрбиесі нәтижелі болды. Балаларының барлығы жоғарғы оқу орындарын бітіріп, халық игілігіне еңбек етіп жүрген ортасына сыйлы, елеулі жандар.

Жаратушыға: «Жастық шақта бейнет берсеңде қартайғанда зейнет бер»,-деген тілегі қабыл болған Зейнеп анамыз ұрпағына өмір сүрудің қыры мен сырын сөзбен емес жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамай , «қолыңа жұғып қалмайды,  өмір сүріп үйрен!»,- деп қатаң талап қоя отырып,  ісімен де көрсетіп кетті.   «Шаңырақтың мықтылығы уығында!»,-деген өнегелі сөзді жиі айтып отыратын.

Алысты жақындатып отыратын дархан жүректі анамыздың шаңырағы кісіден босаған емес . Келген кісіге беретін  ақ батасы  «Ел іші тыныш , еліміз , Елбасымыз аман , жұртымыз тоқ, ұрпақтарымыз саналы болсыннан» басталушы еді.   Жаратқанның бергеніне шүкіршілік айтумен өтті. Қазақтың қайыспас қара нардай батыр әйелдеріне тән  қайсарлық, парасаттылық,  шыдамдылық , қарапайымдылық  Зейнеп апамызға да тән қасиет еді .   Алыс-жақында жүрген барлық жақындарының тыныс-тіршіліктерінен хабардар болып отыратын Зейнеп апаны «әулеттің Барометрі» дейтін.   Талай жетім-жесірлерге  шапағаты тиген жан!  Адасқанға жол көрсетіп,   қиналғанға қол ұшын беретін өнегесі  ұрпақтарының бойына да  тән қасиетке айналды!

Ұлы Абай айтпақшы, «кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланып»  өмірден өз орындарын тапқан ұрпақтары, апаның  қас-қабағын баққан   көңілінен шығып,  қолын ұзартқан әдепті келіндері  —  Зейнеп апамыздың  ғасырға жеткен ұзақ ғұмырының кепілі.

Алланың алдындағы парызымды өтесем, қасиетті Мекке жеріне табаным тисе деген көптен ойында жүретін арманының орайы апамыз 96 жасына қараған шағында қабыл болды!

«Суалмайтын суат жоқ , құрғамайтын құрақ жоқ» демекші уақытының жақын қалғанын сезіп , балаларының басын қосып: «Балаларым, мен жақсы өмір сүрдім, аттанғалы отырмын.  Алысқа бармаймын, әкелерің түсіме кіріп жүр, Зәкеңнің жанына барамын. Сендерді берген Жаратушыға ризамын , үмітімді ақтаған сендерге ризамын»,-деп біраз өсиет айтыпты.

Зейнеп апа Тәңір тілегін беріп арманына жеткен бақытты ана еді! Кимешегі кірлемеген, жаны таңғы шықтай тұнық, талғам таразысы жоғары, тағдырдың тауқіметі мен рахатын молынан көрсе де,  мойымай  бармын деп асып-таспай  парасатты қалпын сақтаған  жан.  Ұлағатты ұл, тәрбиелі қыз өсірген, мейірбанды келіндер тәрбиелеген  Зейнеп апамыздай абзал ананың ғибратты өмірі барша аналарға үлгі болса деген тілектеміз.

Келер ұрпаққа мұра етіп қалдыруға тұрарлық апамыз сүріп өткен ғибаратты ғұмыры жайлы оқырмандармен бөлісуді келер уақыттардың еншісіне қалдырайық!

«ЕлАна» сайты атынан мәңгілік мекеніне аттанған Зейнеп апамыздың  ұрпақтарына, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Зайроллаұлына,  Қазақстан Республикасы Сенатының Экс-Депутаты  Ерлан Зайроллаұлына, туған-туыстарына, Зейнеп апамызды қадір тұтатын барша жұртқа  қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз!

Алла тағала апамыздың  алдынан жарылқап мекенін  жәннәттан бұйыртсын!

 

«ЕлАна» әлеуметтік қоғамдық-танымдық сайт ұжымы