Абзал Меңдібаев: Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 139 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 890,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 139 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл жоспар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1407 пәтер беріледі деп жоспарланған. Оның 305-і жалдамалы, 1102 несиелік тұрғын үй. Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында жыл соңына дейін жаңаөзендіктерге Ақтау қаласынан 135 пәтердің кілті табысталады», — деді Абзал Меңдібаев.
Баспасөз конференциясында спикер шағын және орта бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
«Қазір шағын және орта бизнестің 2048 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдалануда. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 1731 жобаға 50,3 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. 400 жаңа жұмыс орны құрылып, 3989 жұмыс орны сақталды. Былтырмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 15 есе өсті. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала және ауыл тұрғындарына несие беру үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде 1,4 млрд. теңге көлемінде барлығы 209 шағын несие берілді», — деді Абзал Меңдібаев.