Адай, Құдайке, Келімберді мүрделері қайда жатыр
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақтың тарихында ұялатын ештеңе жоқ» дегені ақиқат. Тек өткен тарихымызбен, хан, билерімізбен, батырларымызбен мақтана білуіміз керек және өзге елге де танытып, насихаттап, биікке көтере білген дұрыс. Бұрыннан білетініміз, құлаққа сіңіп қалған хандарымыз «Есім ханның ескі жолы» деп Есім ханды, «Тәуке ханның тура жолы» деп Тәуке ханды, «Қасым ханның қасқа жолы» деп Қасым ханды, Әз Жәнібек пен Абылай ханды, билерден Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би деп білдік. Шешендерден жыр-дастандарда, ертегіде айтылатын Жиреншені, батырлардан Қобыланды, Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын одан да басқа Қара керей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай. Бар білгендеріміз осы ғана болатын. Егеменді ел болып, Тәуелсіздік алған соң ғана басқа да хан билерімізді, батырларымызды таптық, білдік, бүткіл елге таныттық. Атап айтқанда, Қойгелді, Қосы батыр, Жауғаш, Бұғыбай, Бұхарбай, Ағыбай, Жалаңтөс, Басығара, Ер Қосай, Құдайке, Малайсары, Кейкі, Иман батыр, Сүйіндік Жанайдар батыр, және басқаларын дәріптеп, насихаттап, басымызға көтеріп ауылдардың, аудандардың атын бердік. Есімдерін көшеге, мектепке, және басқа да жерлерге беріп, ескерткіш қойып, жастарға үлгі етудеміз. Мұнымыз өте құптарлық іс. Тарихымызды түгел білдік, анықтадық дей алмаймыз. Көптеген айтулы тұлғалар көлеңкеде қалып қоюда. Соның бірі де бірегейі кіші жүзден Адай батыр, оның ұлдары Құдайке мен Келімберді. Немерелері Ер Қосай мен Мұңал. Осыдан 2-3 жыл бұрын қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп тойлап, атап өттік. Бізде бұрындары да іргелі ел, мемлекет болғанымызды көрсеттік. Дәлелдеп, анықтап, Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығы болғанын, оның көлемі бүгінгі Қазақстанды түгел алып жатқанын паш еттік. Әбілхайырдан бөлініп, үдере көшіп, Шу мен Сарысудың арасына орналасып, дербес қазақ хандығын құрып, алғашқы ханы Керей болғанын, оған ағайыны Жәнібек көмектесіп, қазақтың көптеген руларының басын қосып, шекарасын анықтап, көрші елдермен келісімге келіп, қазақ хандығының ірге тасының берік болуына бір кісідей еңбек еткен Адай батыр еді. Керей мен Жәнібектің көшіне 300-дей кіші жүздің отбасыларын ертіп, асқар Алатаудың етегіне келіп орналастырып, Керей мен Жәнібектің сенімді серігі, әскер басы болғанын біреу білсе біреу білмес. Жас қазақ хандығының құрамына батыстағы, шығыстағы, солтүстікте тұрып жатқан ру-тайпаларды қазақ хандығының құрамына кіруіне Жәнібекпен бірге аянбай еңбек еткен Адайды Керей хан да, Жәнібек сұлтан да қатты сыйлап қадірлеген. Соның нақты бір белгісі Адай үйленем дегенде Жәнібек өзі бас құда болып, Бексұлтан төренің айдай сұлу қызы Айымнұрды қалыңмалын төлеп, тойын өткізіп, елге алып келді. Адайдың осы әйелінен екі бала болған. Бірі Құдайке, екіншісі Келімберді. Келімбердінің ұрпақтары бүгінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық және Құлан ауылдарында тұрып жатыр. Соның бірі Құлан ауылы әкімінің орынбасары Мұрат Жайлыбаев: «біз Келімбердіден тараймыз», — дейді. Адай мен оның балаларының осы маңда тұрғанына мына сөздер дәлел бола алады. Адайлар ерте заманда кіші жүздің басқа рулары сияқты Алатауды мекендеген. Сонымен қатар Қашаған жырау «Атамекен» деген жырында:
Әзіреттің кең ойы
Алты судың өн бойы
Атамыз қонған жер екен
Алғыр судың бойында
Алшын деген аз ауыл
Қытайменен жау болып
Көшіпті солай қарауыл, — деп жырлаған.
Жас Қазақ хандығының нығайып, көлемінің ұлғайып, халықтың саны көбейіп, іргелі күшті ел болғанын көре алмайтын көршілер Қытай, қалмақ, мына жағы Шайбани мемлекеті тұс-тұстан қазақ хандығына тыныштық бермей қайта-қайта шабуылдап, мазаларын ала берген соң Жәнібек хан Адай мен өзі бас болып ел шетіне келген жауларға аямай соққы береді. Дегенмен қапияда Жәнібек қайтыс болады. Бұл кезде Адайдың баласы Құдайке батырдың даңқы асып тұрған кезі еді. Небір шайқастарда жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауынгерлердің алдына шығып, «Алшын, Адай!» деп айқайлап ұрысқа кірісетін. Осындай бір соғыста Шайбани әскері оңбай жеңіліс табады. Ойрандалып тоз-тозы шығып қалады. Тек Құдайкенің қолына садақтың оғы тиіп, көп ұзамай қайтыс болады. Құдайкені ел аузында Ойранды атанып кеткен жерден төмен, Алатаудың етегінен бастау алатын Әулиебұлақтан шығатын өзеннің оң сағасына, төбенің бір шетіне арулап жерлейді. Кейіннен осы жерге Келімбердіні де жерлеген. Шайбонилермен болған бір шайқаста Құдайке 100 шақты адаммен жау қоршауында қалады. Сол кезде Келімберді атой салып жау шебін бұзып өтіп, ағасы Құдайке мен жауынгерлерін жау қоршауынан алып шығады. Келімберді небір шайқастарда ағасы Құдайкенің жанында болып, ерліктің небір үлгісін көрсетеді. Ең соңында екі баласының жанына жүзден асқан шағында Адайды да мәңгілік мекеніне жерлеген. Адай қайтыс болғанда қазақтың үш жүзінің игі жақсылары және Хақназардың өзі де болып арулап жерлейді. Бұл жер ел аузында «Қазақ мола» деп аталады. Кезінде үлкен қорғаны болған және көктасқа есімдері жазылып қойылған екен. Қорғанның ірге тасы ғана сақталған.
Маңғыстаулық азамат Ыдырыс Серікбаев 10-15 жылдан бері өз қаржысына Өзбекстанды және Қазақстанның оңтүстік облыстарын аралап, көптеген аңыз әңгімелерді, жыр-дастандарды, тарихи шығармаларды, тарихшылардың мақалаларын, шетел та-рихшыларының еңбектерін зерделеп, халық арасында айтылған әңгімелерді мұқият тыңдап, зерттеп, мұрағаттардан құжаттарды қарап, атасы Адай мен оның ұлдары Құдайке мен Келімбердінің жатқан жерін анықтау мақсатында көп жерлерді аралайды, іздестіреді. Көнекөз қариялармен сөйлесіп, сілтеген жерлеріне барады. Осындай көп жылғы іздестірудің нәтижесінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданына келіп, жергілікті өлкетанушы Бекқұлы Әлиевтың айтуымен Жаңатұрмыс ауылына келеді. Мұнда көнекөз қария Қасымбай Кемісбаев, Кемел Азаматов пен Жетпіс Көлбаевтің айтулары бойынша бұрынғы «Жібек жолының» төменгі жағында, өзеннің оң жақ бетінде кезінде үлкен төбе болған екен. Бүгінде шөгіп, төбешік болып қалған жерде үш адамның моласы сақталған. Ортадағы үлкені Адай батырдың, ал жанындағы екеуі балалары Құдайке мен Келімберді жатыр деген мәлімет береді. Жыр-дастандардағы мәліметке тура келеді. Жаңатұрмыс ауылының әкімі Н.Жамалбековтың көмегімен үш моланың төңірегін тазалағанда, бұрынғы қорғанның ірге тасы көрінеді. Ірге толық сақталған, бірақ балшықтан соққан қабырғалары қирап жатыр. Кезінде есімдері жазылған көктас болған екен, кейін қолды болыпты. Ойранды даласының төменгі жағында, Мөңке батырдың атындағы разьездің шығысында, өзеннің оң жағындағы төбенің үстіндегі молалар Адай мен оның балалары жатқан жері осы болар деген тоқтамға келеді. Ал жергілікті халықтың айтуы бойынша әр төбенің басында осы елдің қорымдары бар екен. 1948 жылы зерттеушілер Т. Рысқұлов ауданының маңында Қазақ ауылы деген жердің жанындағы Жарбол деген стансаның барын, одан әрі Әулиебұлақ (өзен) өзенінің оң жағында ұлы Жібек жолының маңында Мөңке батырдың және Адай мен оның ұлдары Құдайке мен Келімбердінің жатқан жерлерін картаға түсіріп, схемасын жасаған екен. Сол схема табылып отыр. Онда батырлардың моласының орны да көрсетілген. Адай батыр мен оның балалары Құдайке мен Келімбердінің, немерелері Ер Қосай мен Мұңалдың ерлік істері, батырлығы, халқы үшін атқарған қызметтері туралы жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» деген еңбегінде, көптеген шайқастардың куәсі болған Қазтуған ақынның жыр-дастандарында, шежіреші Өмірзақ Көлбаевтың «Ер Қосай» атты кітабында, Ұзақбай жыршының «Алақай батыр» дастанында, Сабыр жыршының «Алақай батыр жырында, Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» еңбегінде, Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» және басқа да еңбектерінде айтылып, жазылған соң оны қайталауды жөн көрмедік.
Болашақта Адай атаның ұрпақтары жерленген адамдардың сүйегін тексеріп, анықтап, бір шешімге келген соң, бабалардың басына белгі қойылып, ардақты, әулиелі жерге тәу етуге адамдар келетін болар деген үмітіміз бар.
Москау Нокрабеков