Адал достық
Мәскеулік бір оқушы мектепке бара алмайтын боп қалды. Бір апта бармады, екі… Лёваның телефоны жоқ еді. Сондықтан мұғалімдерінің тілін алған сыныптастары оны үйіне іздеп келеді. Есікті оның анасы ашады. Түрі мұңды. Балалар амандасып, достарын сұрайды:
— Неге Лёва мектепке келмей жүр?
Анасының қатты қайғырғаны сезіледі. Бәсең дауыспен жауап қатады.
— Ол енді сендермен оқи алмайды. Оған ота жасады. Сәтсіз болды. Лёва соқыр болып қалды. Енді өздігінен жүре алмайды.
Балалар бір сәтке үндемей, тым-тырыс қалды. Сосын араларынан біреуі есін жиып:
— Ал, біз оны кезек-кезек мектепке ертіп апарамыз, — деді.
— Үйге де шығарып саламыз.
— Сабақты орындауға да көмектесеміз, — деп бір-бірінің сөзін топ бала іліп әкетеді.
Анасының көзі жасаурайды. Ол баласының достарын бөлмеге кіргізеді. Сәлден соң қабырға жағалап оларға Лёва келеді. Көзіне ақ дәке таңып тастапты. Балалар тағы да тым-тырыс қалды. Достарының басына қандай күн туғанын олар енді ғана түсінгендей. Лёва әрең дегенде сөйледі.
— Сәлем, достар.
Осыны күтіп тұрғандай балалар жан-жақтан жамырап кетті.
— Мен ертең саған келіп, мектепке ертіп апарамын.
— Ал, мен алгебрадан не өткенімізді айтып беремін.
— Мен тарихты түсіндіремін.
Лёва кімді тыңдарын білмей састы. Бәріне басын изей берді. Анасының омырауын көз жасы жуып жатты.
Лёвадан шыққан соң балалар жоспар құрды – кім келіп ертіп әкетеді, кім қай пәнді түсіндіреді, кім Лёвамен қыдырады, кім үйіне дейін шығарып салады. Мектепте Лёваның жанында отырған бала мұғалім тақтаға не жазғанын ақырындап түсіндіріп отыратын болды. Лёва сабақ айтқанда бүкіл сынып тынып қалатын. Бәрі оның бестіктеріне өзінікінен бетер қуанатын!
Лёва өте жақсы оқыды. Оның арқасында бүкіл сынып жақсы оқыды. Досыңа сабақ түсіндіру үшін өзің жақсы оқуға тиіссің дегенді бәрі айтқызбай-ақ білді. Балалар қатты тырысты. Ол аз дегендей қыстың күні Лёваны сырғанаққа ертіп апарды. Бұл бала классикалық сазды қатты ұнататын. Сыныптастары онымен бірге симфониялық концерттерге баруды шығарды.
Мектепті Лёва алтын медальмен тәмамдады. Сосын институтқа түсті. Онда да қол ұшын созған достар тапты. Олар оның көзіне айналды. Институттан соң Лёва оқуын жалғастырды. Ақыр соңында ол әлемге танымал математик, академик Понтрягиновқа айналды.
Жақсылық жасай білетін жандарда есеп жоқ.
Борис Ганаго,
«Балаға сенім туралы айту» кітабынан
Аударған: Шынар Әбілдә