АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Шілде айының екінші жексенбісінде елімізде Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Ауданымызға қарасты Мыңарал ауылдық округінің тұрғындары үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Мыңарал ауылы Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан балық аулау ежелден ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі болған.
Ауылдық округ әкімі Тлеш Аманжоловтың айтуынша, «Мыңарал компаниясы» ЖШС 2011 жылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қираған жерден қайта қалпына келген. Жобаның құны шамамен 600 миллион теңгені құрады, зауыт жылына бір жарым-екі мың тонна балық өңдей алады. Балық зауытында 75 адам жұмыс істейді, олардың көпшілігі жергілікті тұрғындар. Т.Аманжолов зауыттың тарихын әркез қолөнершілер, технологтар, жұмысшылар, балықшылар жасағанына және жасай беретініне сенімді. Сол кезде жұмыс істеп тұрған балық зауытының дамуына жергілікті тұрғын Анал Ақбасованың қосқан үлесі зор. Ол зауытты құрудың бастауында тұрды.
Анал Сарышөкенқызы еңбек жолын 14 жасында бастаған. Ол Сарышөкен Қашқымбеков пен Майра Тұрғымбаеваның көпбалалы отбасындағы тұңғышы. Ұлы Отан соғысы басталған жылы Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Кейін әкесі майданға аттанады. Қаршадай қыз анасымен бірге соғыс уақытының ауыртпалығын толық бастан өткерді, қиыншылыққа барынша төзе білді.
Соғыс аяқталуға аз уақыт қалғанда әкесі жарақатына байланысты әскерден шығарылды. Елге оралған ол Бурылбайталдағы шағын балық қабылдау пунктінің директоры болып тағайындалады. Соғыс аяқталғаннан кейін Қашқымбековтер отбасында тағы тоғыз бала – алты қыз, үш ұл дүниеге келген. Үлкен қызы Анал анасына кіші балаларды қарауға көмектеседі. Сол себепті ол үш сыныпты ғана оқыды.
Ол кезде балық зауыты ғана емес, Мыңаралдың өзі де жоқ еді. Елді мекеннің құрылысы 1950-60 жылдары басталған. Бурылбайталда балық қабылдау пункті болды.
-Әкем сол жерде директор болған. Ол мені өзімен бірге жұмысқа алып кетті. Көпшілігі менің қыз екенімді байқамады. Мен қыста балықшылармен бірге тор орнатуға бардым, ал жазда мұзды жабу үшін қамыс шаптым», — деп еске алады Анал әжей.
19 жасында тұрмысқа шыққан әжейдің, 6 баласы бар. Отбасын асырау үшін үлкен балық зауыты салынған, балық қабылдау бекеті көшірілген Мыңаралға қоныс аударады. Тоңазытқыш цехына жұмысшы болып орналасады. Кешке дейін минус 20 градус аязда жұмыс істеп, зауытта қатты шаршайды. Ол кезде фабрикада ауыр қол еңбегі басым болса, қазір бәрі автоматтандырылған.
Оның айтуынша, қысы-жазы киетін киімі киіз етік, тон, жылы шалбар, жылы қалпақ, орамалдардан тұрған. Ол 30 жыл бойы бес әйелден тұратын бір ұжымда жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де олар қарым-қатынасын жалғастырады. Тоңазытқыш цехындағы жұмыс үнемі, әсіресе жазда қызу жүріп жатты. Жұмысшылар шикі балық өнімдерін өңдеуге ден қойды. Балықтың сапасына барынша мән берілді. Дайын өнімдерді бірінші және екінші сортқа дұрыс сұрыптап, салмағы 50 және 70 килограмм пакеттерге салып, престеу керек; контейнер таза және анық таңбаланған болуы керек. Әйелдер сөмкелерді желімдеп, жапсырмалады. Сонымен қатар, жүкті, ауыр сөмкелерді вагондарға тиеген. Бірақ, қиын жұмыс жағдайына қарамастан, зауытта әрқашан ең қатаң санитарлық тәртіп сақталып отырған. «Бір кездері зауыт директорлары Н.Сатыбалдиев, Т.Қашқымбеков, П.Мақашев болды. Өте талантты және қайырымды көшбасшылар. Олар үнемі қызметкерлердің басы-қасында жүрді. Олар басшылық еткенде комбинаттың даңқы облыстың ғана емес, республиканың да шекарасынан тысқары жерде жаңғырды», — деп естеліктерімен бөліседі Анал апа.
— Анам жұмыстан келгенде, кірпігі мен қабағында аязды қырау болатын, сонда ауа-райының қолайсыздығына таң қалатынбыз. Ал үлкен қолдарынан еңбекқор екені көрініп тұратын. Анам ешқашан өзін аямады, бар өмірін жұмысына арнады. Жұмыстағы қатал климат, қиын балалық шақ және жастық шақ анамның мінезінде із қалдырса керек. Өте қатал, бірақ сонымен бірге ақкөңіл адам. Оның боянғанын көрмеппін. Біз қыздар оны киіндіргіміз келгенде, қолын бір сілтеп жібереді. Сондай-ақ зергерлік бұйымдарды таққанды ұнатпайды, — дейді қазір апаймен бірге тұратын қызы Гүлдәрия.
Гүлдәрия айтқандай, анасының ұжымын ауыл халқы ерекше құрметтеп, еңбектерін бағалайды. Қазір Анал апа 82 жаста. Ол немерелері мен шөберелеріне өз өмірі туралы әңгімелегенді ұнатады. Бүгінгі таңда 18 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтары өз халқының тарихын ғана емес, туыстарының өмірбаянын да білуі керек деп санайды.
Ерлермен терезесі тең еңбек етіп, қиын-қыстау заманда өмір сүрген осынау қарапайым Анал әже сияқты жандар үлкен құрметке лайық.
«Аллаға шүкір! Менің осындай үлкен отбасым бар, балаларым, немерелерім қалаған білімдерін алды. Мені құрметтейді, бағалайды, әрдайым қамқорлық көрсетеді. Мен бақытты әйелмін! Мен барлық балықшыларды, балық өндірісінде жұмыс істеген және қазірде жұмыс істеп жатқан жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріңе саулық, ұзақ өмір тілеймін. Балықшылардың игілікті жұмысы – халық дастарханына сапалы, экологиялық таза өнім беру», — дейді Анал әже.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
Мойынқұм