«Адал еңбек. Адал табыс»
Бүгін «Адал еңбек. Адал табыс» тақырыбында Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара жастарды кәсіптік бағдарлау, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау және бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған ауқымды алаңға айналды.
Салтанатты шараға салалық басқармалар, колледж басшылары, ірі кәсіпорындар өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары, жалпы, 700-ден астам адам қатысты.
50-ден астам ірі кәсіпорын өкілдері еңбек нарығының қажеттіліктері мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. 200-ден астам студент және 500-ге жуық мектеп оқушысы – болашақ мамандықтарымен танысып, кәсіптік бағдар алды.
Шара барысында 11 тақырыптық көрме, 10 интерактивті алаң – колледждердегі техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары таныстырылды. Ғылыми эксперименттер мен мастер-класстар – студенттер мен оқушылар үшін қызықты шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. 30-дан астам кәсіпорынның бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – түлектер мен жұмыс іздеушілерге арналған үлкен мүмкіндік болды. Оқушылар кәсіби диагностикадан өтіп, қабілеттері мен қызығушылықтарына сәйкес мамандықтар таңдады.
Сонымен қатар, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды 8 меморандумға қол қойылды.
Алдағы уақытта Жамбыл облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 123 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар жүзеге асырылады. Бұл бастама жастардың болашақта тұрақты жұмыс табуына және еліміздегі жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ықпал етпек.
Еңбек нарығында сұранысқа ие маман болу – тұрақты табыс пен жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру бағытындағы мұндай бастамалар өте маңызды. Бұл шара мыңдаған жастың өз жолын тауып, кәсіби маман атануына мүмкіндік береді.



