Адал еңбек, үздік тәжірибе жоғары бағаланады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда», – деген болатын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дамыған мемлекетіміз бүгінде жаңа кезеңге қадам басты. Бүгінде еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең әуелі мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет. Бұл ретте билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет. Осыған орай елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.
Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан жаңа Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр. Замана көшінен қалмау мақсатында өміріміздің көптеген салалары жаңарып, іс- әрекеттің мүлдем бөлек жаңа моделі қажет болуда. Бұл, әлбетте, мемлекеттік қызметті де айналып өтпейтіні анық.
Ең әуелі жоғары мемлекеттік лауазымды қызметке орналасу, бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Ал ел басқару ісіне араласатын таңдаулылардың қатарына қосылу – зор мәртебе. Осындай озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар біздің өңірге де өте қажет. Осы ретте облысымызда да білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артылып келеді.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының саясатына сәйкес мемлекеттік қызметте жұмысқа қабылдау және жоғарылату мәселелерінде меритократия қағидатына аса мән берілуде. Меритократия принциптерін нығайту біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік бермеуге бағытталған жол болса, екіншіден, мемлекеттік қызметшінің сіңірген еңбегін әділ бағалаудың мүмкіндігі.
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің де облыс әкімі лауазымына тағайындалғаннан бергі уақытта меритократия қағидасы бойынша яғни, жергілікті кадрларды өсіру жүйесіне баса назар аударып отырғаны байқалады. Атап айтар болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдарында жоғары тұрған лауазымдарға төменгі лауазымдардағы қызметкерлер қатарынан конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын қолдану арқылы барлығы 180-нен аса қызметші тағайындалған. Мәселен, өткен жылы облыс әкімінің төрт орынбасары және әкімдіктің аппарат басшысы ауысты. Жыл ішінде аудан әкімдері арасында да бірқатар ауыс-түйістер орын алғаны белгілі.
Мәселен, облыс орталығы – Тараз қаласының және 7 ауданның (Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов және Шу) басшылары жаңарды. Соңғы тағайындаулардың ішінде Тараз қаласының әкімі қызметіне Бақытжан Орынбеков, Қордай ауданының әкімі болып Бегзат Болатбеков келді.
Ауыс-түйіс басқармаларды да айналып өткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы облыста 13 басқарманың басшысы ауысқан. Атап айтар болсақ, олар – облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дін істері, туризм, жастар саясаты мәселелері, денсаулық сақтау, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, мемлекеттік сатып алу, білім, ауыл шаруашылығы, еңбек инспекциясы басқармалары.
Бұлардың ішінде облыс әкімдігінің білім басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының тағайындалуы жылдың соңғы айына сәйкес келді. Ол қызметтерге сәйкесінше Мейірхан Өмірбек пен Нұрби Жігітековтер тағайындалды.
Жамбылдықтарды «Қазіргі облыс әкімі орынбасарларының, аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының орташа жасы нешеде?» деген сауал да қызықтырмай қоймасы анық. Әкімдіктің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, облыс әкімі орынбасарлары бойынша орташа жас – 44,8 жыл. Тараз қаласы және аудандар әкімдері бойынша орташа жас – 46 болса, басқарма басшылары бойынша орташа жас – 47,2 жылды құрайды. Бұл дегеніміз – бүгінде облыс билігінде отырғандардың көпшілігі 50 жастан аспаған қызметкерлер.
Бүгінде өңірдегі ең жас әкім кім және оның жасы нешеде екенін білгіңіз келсе, мархабат! Ең жас әкім Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза. Жалғас Әлижанұлының жасы небәрі 34-те. Ал ең жас басқарма басшысы кім? Әрине, бұл жерде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен ешкім таласа қоймасы анық. Жалынды жастардың жетекшісі Жомарт Дүйсенұлының жасы 33-те.
Өткен жылы облысымызда әкімдікте жауапты лауазымда қызмет істегендердің арасында Президенттік жастар резервінен кадр болды ма, болса, олар кімдер деген сауал қойсаңыз, бұл туралы мәлімет те қолыңызда. 2022 жылы Президенттік жастар кадр резервшілері қатарынан 3 азамат облыстың жергілікті атқарушы органдарына тағайындалған болатын. Олардың 2-еуі қазіргі таңда басқа жұмыстарға ауысқан. (Д.Кәрібек 2022 жылдың наурыз айына дейін облыс әкімінің орынбасары, ал Ә.Тамабек ақпан айына дейін облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды), біреуі өз еркімен жұмыстан босатылған (Р.Медетов 2022 жылдың қазанына дейін облыс әкімі аппаратының басшысы болды).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында елдегі кадр саясаты туралы айтқан болатын. «Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашан да бағалы. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деген Мемлекет басшысы өткен жылдың 12 желтоқсанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2023 жылы Қазақстанда жаңа кадр саясаты жүргізілетінін мәлімдеді.
«Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз. Мұндай қызметке жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни, шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің айтуынша, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.
– Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек, – деген болатын жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.
Даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының: «Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда» деген нақыл сөзі бар. Қиындық демей-ақ қояйық, бірақ, өзгермелі әлемде шапшаң әрі шебер қимылдау қажет-ақ. Оның ар жағында білімің мен білігіңнің болуы тағы бар. Бұл әсіресе, басшылық, оның ішінде мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның әмбебап болуы заңдылық.
Өйткені бүгінгі мемлекеттік қызметкер – мемлекеттік басқару жүйесінің тетігі. Ал халықтың олардың әрқайсысынан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтері де заңдылық. Сондықтан облысымызда талантты жастардың да елімізді, соның ішінде өңірімізді жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру керек. Олардың ең басты міндеті – туған елін шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету болуы тиіс. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу қажет. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП, aqjolgazet.kz