АДАЛ СӨЙЛЕУ-АРДЫҢ ІСІ

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатын теледидардың алдында тапжылмай отырып, ықылас қоя тыңдадым, оқыдым. Қыруар мәселе көтерілген екен. Көңілімнен шықты. Қазақ тілінде болмаса екі тілде сөйлесе тіпті жақсы болатын еді. Ұйымдастырушылардың осы жерде мүлт кетіп, біраз артық сөзге жел бергені өкінішті-ақ! Менің ойымша, ендігі жерде қазақ тілінің алдына ешқандай тіл шықпауы керек. Керек десеңіз, мұндай қадамдар елдің абыройын түсіреді, ұлтымызды басқалардың алдында мүсәпір етіп көрсетеді. Осыны біреулер Президенттің беделі үшін жасадық деп те ойлайтын шығар? Оларға айтарым, неше жерден басқа тілде сөйлесе де олар біздің Президентімізді нақ қазақтай жақсы көре алмайды.
«Неге «Хабар», неге «Қазақстан» емес? деген ой да келді.
Шыны сол, жүргізушіге көңілім толған жоқ. Алдын ала дайындалған сұрақтарды қоюында жасандылық көзге ұрып тұрды. Біз елімізді қайта құрамыз десек, осындай қасаңдықтан, жасандылықтан да арылуымыз керек. Менің Президенттің кез келген ортада, кез келген сұраққа толыққанды жауап беретініне сенімім мол. Олай болса, ол кісінің алдында азат ойлы қазақ азаматы отыруы керек еді ғой.
Әңгіме барысында Мемлекет басшысы қаңтардың басында елімізде орын алған қаралы оқиғаға қатысты ойларымен бөлісті, содырлардың әрекеті берекені- бірліктен, табысты еңбектен іздейтін халқымыз үшін күтпеген жай, ауыр соққы болғанын, оның зардабы бүгін де, ертең де сезілетінін, жарасы тез жазыла қоймайтынын, бірақ біз оны еңсеруге жұдырықтай жұмылып, еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болуы, қалыпты бейбіт өмірге тезірек оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс екенімізді айтты. Халықтың қалауы да осы. Бәріміз де еліміз тиыш болса екен, сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген, ел басына күн туған сын сағаттарда ерлігімен, өрлігімен тұтастығын сақтап, талай қатерлерден аман өтіп келе жатқан қазақтың басына үйірілген қара бұлт тезірек сейілсе екен дейміз. Солай боларына сенеміз.
Мемлекет басшысы жауапкершіліктен жалтарған жоқ, ашығын айтты, өзін бейбіт шерушілерді атуға бұйрық берді деп сынап жатқандарға жауап қайтарды. Шынында ел іші аяқастынан осылай алатайдай бүлінеді деп кім ойлаған. Қазір белгілі болып отырғанындай, арам ниетті адамдар қалыптасқан жағдайды өз мақсаттарына пайдаланбақ болды. Ақыл-ойдан озбырлық озып, жалдамалы жаналғыштар халық игілігіне қол көтерді- адам өлтіріп, мекемелерді қиратты, өртеді, дүкендерді тонады. Бейбіт өмірге қарсы соғыс ашты. Өкінішке орай қанқұйлы қарақшылардың қолынан талай боздақ қаза тапты. Осылай ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттігімізге қауіп төнді. Тәуелсіздік былай тұрсын, елден, жерден айырылып қала жаздадық. Міне, осындай аса күрделі жағдайда Президентіміз қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап, тығырыққа тірелген елді, халықты қорғаудың пәрменді шараларын қабылдап, жедел жүзеге асырмағанда алдын ала жан-жақты ойластырылған, мұздай қаруланған содырлардың сойқаны неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді. Осы ретте Мемлекет басшысының елде төтенше жағдай жариялауы бірден-бір ұтқыр шешім болғанын айтуға тиіспіз. Президенттің табандылығының, ерік-жігерінің, батыл қадамының арқасында арнайы дайындықтан өткен, іс-қимылдары шебер үйлестірілген, араларында түрлі қарулы қақтығыстарға қатысу тәжірибесі бар лаңкестердің шабуылына тойтарыс беріліп, қалыпты өмірімізге оралдық. Тәубе деп қойсақ артық емес.
Осынау байтақ ел, Тәуелсіздік, бейбіт өмір бізге аспаннан түскен жоқ. Ол ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен келген. Демек, ел басына күн туғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы батыл қимылдап, өзінің нағыз басшы екенін дәлелдеді десек артық айтқандық болмайды.
Маған Президенттің «Мәжілісте бірнеше мықты партия болуға тиіс» деген сөздері ұнады. Сөз жоқ, осындай өзгерістер саяси мәдениет деңгейін көтеріп, саяси тұлғаларды тәрбиелеуге жол ашады. Мен өзім де сол ортада болдым ғой, жағдайға қанықпын. Алдағы уақытта көп соза бермей Парламентті түбегейлі реформалау керек. Менің ойымша, Мәжілісті тек партиялардың өкілдерінен ғана жасақтау дұрыс емес. Жекелеген азаматтардың округтерден дауысқа түсуіне мүмкіндік берілгені жөн. Сонда ғана бәсекелестік болады. Әйтпесе біздегі қуыршақ партиялардың балалығы тым ұзаққа созылып кетті. Олардың серкелеріне қазіргідегідей жағдай өте қолайлы сияқты. Тіпті есейгілері де келмейді. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің» кебін киіп отыр.
«Қалай дегенмен де, мен Қазақстан Президенті ретінде қаншалықты ұзақ болатынымды білмеймін. Бірақ Конституция бойынша, екі мерзімнен артық отырмайтынымды нақты білемін. Яғни, ешқандай заңды, әсіресе Конституцияны қолдан өзгерту болмайды», -деді Мемлекет басшысы. Президент айтты, сөзінде тұруы керек. Тек ертең уақыты келгенде «жоқ, сіз кетпеңіз, сізсіз біз ел бола алмаймыз» деп шығатындардың табылуы ғажап емес. Тұңғыш президентті құртқан да осындай жағымпаздар. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы сөздің бір ұшын қоғамдағы ахуалды сауықтыруға әркез оң әсер ете бермейтін қазақ зиялыларына тигізіп өтті. Өте орынды айтылған сөз. Бұл өзі қазақтың бойына сіңген жаман қасиет. Президент былай тұрсын, кәдімгі ауыл-аймақта өтіп жататын кішігірім тойлардың өзінде бір-бірімізді асыра мақтап, жарысқа түсіп кететініміз өтірік емес. «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары болып жүргенде өз басымнан өткен бір жайға тоқтала кетейін. Елбасы халық алдына Жолдауымен шыққанда болмаса маңызды бір мәлімдемелер жасағанда, жер-жерден үн қосушылар қаптап кетуші еді ғой. Тіпті бас көтере алмай қаласың. Күндердің күнінде Алматыда отырған, өзін үлкен жазушымын деп жүрген ағамыздан да осындай хат түсті. Елбасын жер-көкке сыйғызбай мақтапты. Мақтағанда әр сөзін нақты мысалдармен түйіндеп отырса бір сәрі ғой, ол жоқ. Құдай емес, құдайдан кем де емес. Қайта-қайта оқып, біраз жерін қысқартуға, жұқартуға тура келді. Таңертең жұмысқа келгенім сол еді, әлгі ағам телефон шалып тұр. Алғашқы сөзі: «Жарасбай, өлтірдің ғой мені» болды. Қате кетіп қойған екен деп шошып қалдым. Сонда да сыр бермей, «Не болды, аға?» дедім. «Менің ана кісіні мақтаған жерлерімнің түгін қалдырмапсың ғой! Масқара болдым ғой!» «Біраз әңгіме айтылды ғой, жетеді ғой» дей бастап едім, сөзімнің ар жағын тыңдамай, ашуға булығып телефонын баса салды. Содан кейін әлгі ағам мені кәдімгідей жау көріп кетті.
Қазір Елбасымыз қартайды, басынан бағы тайды деп басынып, неше түрлі сөз айтып жатқандар көп. Оларға айтарым, мемлекетті ұзақ уақыт басқарған жанның еңбегін бұлай біржақты бағалауға болмайды. Ол кісінің елімізді дамытуға, мемлекеттігімізді нығайтуға қосқан үлесі зор. Қайсыбірін айтып тауысасың, дүние бір-ақ күнде астан-кестен болып, жарты әлемге әмірін жүргізіп, қойдай жусатып, өргізген Кеңес одағы аяқастынан ыдырап, баршаны қайтып ел боламыз, қайтып күн көреміз деген сауалдар мазалаған кездер ұмытыла қойған жоқ. Ол кезде іште де, сыртта да жау көп болды. Солардың тілін тапты, елді аман алып қалды. Елдегі ынтымақ, бірлікті сақтау мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Қазір сол кездегі ахуалдан хабарсыз жандар бұл құрылымды да құрта алмай әлек болып жүр ғой. Сол кезде ол керек болды. Мүмкін, енді үй ішінен үй тігудің қажеті жоқ шығар? Әлемде көп этностың басын біріктіріп отырған біздің ел ғана емес. Демек, оларды оқшаулағаннан гөрі Қазақстан азаматы деген абыройлы сөзді бойларына көбірек сіңірген пайдалы болар.
Осылай Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында экономикамыз дамып, халықтың тұрмысы жақсара бастағанын ешкім жоққа шығара қоймас. Кейін қиындықтардың бәрі ұмытылып, ас та төк заман басталды. Міне, нақ осы кезде табыстан басымыз айналып, қолдан құдай жасауға кірістік. Шексіз биліктің, шексіз байлықтың дәмін татқан, президенттің жанындағы жандайшаптары неше түрлі құйтырқылыққа салынып, ел басшысының абыройын ойлаудан қалды. Президенттің үлкен қателігі ол осындай жымысқылықты дер кезінде байқап, арамниетті серіктерінен дер кезінде бойын аулақ сала алмады. Мұны бір деңіз. Сол сияқты жемқорлықпен күресті өз деңгейінде жүргізе алған жоқ. Бәрі қағаз жүзінде қалып қойды. Тағы да қазақ еліне жақсылық ойламайтын тойымсыз жандардың жетегінде кетті.
Елбасының «бәріміз де пендеміз ғой» деген сөзін өз аузынан бірнеше рет естідім. Қазір неге айтты екен деп ойлаймын. Өзінің осындай жағдайға тап болатынын білді ме, әлде қателіктерге жол беріп жатқанын түсінді ме? Не болса да мұндай сөздің жайдан-жай айтылмайтыны анық қой. Осындай жағдайда оған отбасы мүшелері де тірек бола алмады. Шақшадай басын шарадай қылған да нақ солар. Ар-ұятты сырып тастап, ел игілігіне ауызды молынан салды. Байыған үстіне баи түссек деп ұрлады-жырлады. Бұрынғы президент осы арада да қатты қателесті. Бәрін көріп, біліп отырып бірге туған бауырына, балаларына қойыңдар, мені ел-жұртқа масқара қылмаңдар дей алмады. Сөйтіп елім, жерім дегенде етегі жасқа толатын халқынан алыстай берді.
Тарихта уақыт көмескілей алмайтын оқиғалар болады. 2022 жылғы қаңтардың басында Қазақстан тарихына да осындай дақ түсті. Осылай отыз жыл бойы «Қазақстан -бірлік пен тыныштықтың бесігі!» деп келген мақтанышымыздың күлі көкке ұшты. Күндердің күнінде осы сойқаннан келген залал-зардаптың есебі шығарылар, кінәлілер табылып, жазаланар, бірақ онымен мәселе шешілмейді. Осы қанды оқиғадан сабақ алуымыз, болашақта оның қайталанбауына кепілдік беретіндей қорытынды, қадамдар жасауымыз керек. Мұның елдің әрбір азаматынына-жасына, кәрісіне қатысы бар.
PS: Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған, Президенттің соңғы сұхбатының әсерімен жазылған бұл жазбамды терең талдау емес, ой ұшқындары деп қабылдарсыздар. Өз басым біздің еліміз, халқымыз бұл оқиғадан тиісті сабақ алып, бұрынғыдан да мықты болып шығады деген ойдамын. Уәж білдіремін, пікір айтамын деген адамдар табылып жатса, қарсылығым жоқ.

 

Жараспай Сүлейменовтың фейсбук парақшасынан