Адам атаның өсиеттері

Адамзаттың  атасы Шис есімді баласына төмендегідей насихат айтыпты дейді.

Ойлан…

Бірінші – Мал-дүниенің соңына қатты беріліп түспе, өйткені ол ұйқыңнан қалдырады.Ауру қылады. Мейірімсіз етеді. Көз ештеңеге тоймайтыны белгілі. Ол бір уыс топырақпен ғана толады.

Екінші – Әр жұмысыңның түпкі нәтижесін ойла. Сабыр­лылық сақта. Пайда-зиянын екшей біл.

Үшінші – Әрбір жұмысыңды бала-шағаңмен ақылдасып, қабыр­ғаңмен кеңесіп істеуге дағдылан.

Төртінші – жақсы көретін ең жақсы адамыңмен, өмірлік жарың жұбайыңмен әркез сыйлас. Қымбат өмірде бір-біріңді құрметтеп өткеннен қымбат нәрсе жоқ.

Бесінші – Көңілің қаламаған жұмысты ешқашан қолыңа алма.

Жеп қояды…

Бірінші – Орынсыз өтірік айтпа, өйткені өтірік несібеңді жеп қояды. Абыройың төгіліп, тиеселі сыбағаң өзіңе бұйырмай кетеді.

Екінші– Ішімдік жүрген жерде ақыл болмайды. Әрі шарап сауапты жеп қояды. Ал ақылсыз тірлік жақсылыққа апармайды. Жақсылық жоқ жерде сауап та жоқ екені белгілі. Адам деген сауаппен көгереді.

Үшінші – Қайғы өмірді жеп қояды. Бұл ретте қайғы мен қуаныш егіз жүретінін есте ұстаған абзал. «Басыма іс түсті» деп барынша күйініп, еңсең езілмесін. Мықты бол. Қайғы мен қуанышты бірдей қабылдап, сабырлылықпен көтере білмесең, өміріңді қайғы жеп қояды.

Төртінші – Садақа – бәлені жеп қояды. Алланың сәлемін бізге жеткізуші Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтуынша адамда 444 сүйек, 362 тамыр бар көрінеді. Әр күн сонша садақа беру керек дегенде шамаң келсе сол 444 сүйектің әрбіріне садақа жасау қажет.
Бесінші – Қанағат – күнәні жеп қояды. Өйткені барға да, жоққа да тәуба жасап, қанағат етсең күнәң кешіріледі.

«Сені жоқтан бар еткен, тәрбиелеген, кемелге келтірген Раббың бар. Оның есімі қасиетті де, құдіретті Алла. Осылай оқы! Ол адамды бір уыс топырақтан жаратты. Оқы! Асқан жомарт, қайырымды Раббыңның ақысы үшін оқы! Ол адамға қаламды үйретті, білмейтіндерін үйретті».

 МҰХАММЕД (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға түскен алғашқы уахи-сүре.