Адам ғашық болғанда өзінің ең әдемі болмысына оралады
Бойындағы бар ізгі қасиеті оянады. Ол бүкіл әлемді құшақтағысы келеді. Барлық адамға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Әлем ғажап күйге енеді.
Дүние зұлымдық, опасыздық, жамандықтан ада, адамның бәрі сондай кіршіксіз көрінеді.
Бұл — Жаратқанның адамға берген ең қымбат, ең мөлдір, ең ғажайып сыйы: сені адамға шүбәсіз сендіру. Көзіңді жұмып, соңынан ергізу. Жақсылыққа иландыру. Өміріңді ең әдемі түске бояу.
Бұл — шынымен сыйлық. Оны тілеп те, сұрап та, жылап та, тартып та, сатып та ала алмайсың.
Махаббат болмаса адам хайуанға айналар еді. Жүрегі қатайып, қарайып, өзінен басқа ешкімді көрмес еді. Өмір сүру қызықсыз, сұрықсыз, баянсыз болар еді. Абайша айтсақ, дүние бос болар еді.
Әлемді өлтірмей, тірі ұстап тұрған — махаббат. Махаббат жоқ жердің бәрі қираған, құлаған, тоналған, бақыты жоқ мекенге айналған…
Адамның бәрі махаббаттың алдында тізе бүгеді, иіледі. Одан жеңіледі. Оның айтқанымен жүреді.
Ол — бөлек әлем. Онда өмір бар.
Сүйген күндерің ғана өмір сүргенің!
Адамның бәрі соны сезіну үшін ғана жүр.
Себебі онсыз дүниеде мән жоқ.
Жанар Шамель