«Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиетімен құралады»

«Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиетімен құралады», – деген екен жарықтық Мұхаң (М.Әуезов). Дәл сондай шынайы іріліктің өлшемін төңірегіне өзінің табиғи таным-түйсігіне тән адами қарым-қатынасы, күнделікті тірлік-қарекетімен айғақтап жүрген

Бекзат Алтынбеков

тің «Тұлға» сыйлығын тапсыруына орай, осы сыйлықтың төл атауы телінген журналдың екінші шығарылымы жарық көрген еді.

Төменде – қайраткерлігі қапысыз азаматтың журналдың алғысөзі ретінде берілген жүрекжарды жазбасы…
* * *
Бекзат Қомарұлы АЛТЫНБЕКОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,
меценат
Мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, қоғамдық саланың өркендеуіне мемлекеттік қолдаумен қатар, жекелеген адамдардың тарапынан жасалатын игі істердің де шешуші маңызы бар екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қоғамдық, саяси, мәдени жүйеге өз ықпалы арқылы жаңа серпін, жаңа леп алып келетін қоғамның бір өкілдері – меценаттар.
Бүгінгі меценаттық үрдістің негізі әріде жатқаны тарихтан белгілі. Бір елді, бір рулы аймақты қарамағына алып, малмен, отын-сумен қамтамасыз еткен, мектеп, медресе ашып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңіріп, білімге қолдау көрсеткен заманының Атымтай жомарттары, ауқатты, дәулетті адамдары аз болмаған. Бүгінде меценаттар қатарының көбеюіне ел Экономикасының дамуымен қатар, «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасының ықпалы тиіп отыр. Мұның дәлеліндей, қазір де елдің, ұлттың болашағы дегенде қол қусырып отырмайтын азаматтар аз емес. Осындай қазақ меценаттарының халықтың игілігіне, өнері мен әдебиетіне, мәдениетіне бөліп отырған қаржылары үлкен демеу болары анық.
Бұл «ТҰЛҒА» сыйлығы жыл сайын тұрақты түрде қоғамның түрлі саласының жоғары жетістіктерге жеткен өкілдеріне беріледі. Нақтырақ айтсам, бұл сыйлықтың негізінде қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тұлғаларға демеу болып, шығармашылықтарына қаржылай, материалдық қолдау көрсетіледі.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», – дейді дана халқымыз. Мүмкіндігің келгенше, жан жылуын аңсайтын жандарға жанашыр болып, қол ұшын бергенге не жетсін!
Ел таңдауымен танылған меценаттар қашанда өнер мен әдебиет, мәдениет пен спорт, білім мен ғылым салаларына дер шағында үн қатып, қолдау көрсетіп отырса деймін. Сондықтан да, аймағымыздың, еліміздің іскер, кәсіпкер азаматтарын осындай меценаттық игі істерге мұрындық болуға шақырамын. Мұндай мырзалық, өз кезегінде, азаматтық биіктіктің шыңы деп білемін.
Ал, мен үшін еңбегімнің ел кәдесіне жарағанын сезіну – үлкен бақыт!